Тәуелсіздік даңғылындағы 3 гектар жер Қытайға жалға берілді
2014 ж. 29 қазан
2219
2
Астанадағы Тәуелсіздік даңғылының бойынан 3 гектар жер Қытай елінің игілігі үшін 49 жылға жылға берілетін болды. Парламенттің жалпы отырысында баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай деді.
Сыртқы істер министрі "Қазақстан Республикасының үкiметi мен Қытай Халық Республикасының үкiметi арасындағы Дипломатиялық өкiлдiктердiң ғимараттарын салу үшiн жер учаскелерiн өзара беру туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" заң жобасын депутаттар алдында таныстырды.
"Қазақстан Республикасының үкiметi мен Қытай Халық Республикасының үкiметi арасындағы Дипломатиялық өкiлдiктердiң ғимараттарын салу үшiн жер учаскелерiн өзара беру туралы келiсiм 2013 жылғы 7 қыркүйекте Астанада жасалған болатын", - деді министр.
Бұл құжатты жасаудағы басты мақсат – екi ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, Қазақстанның Қытайдағы және Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң болуы мен жұмыс iстеуiнiң тиiстi жағдайларын қамтамасыз ету.
Құжаттың 1-бабына сәйкес Қазақстан Қытайдың елшiлiк ғимараттарын салу үшiн Астана қаласындағы Тәуелсiздiк даңғылында аумағы 3 гектар жер учаскесiн 49 жыл мерзiмге уақытша өтеулi жер пайдалану (жалға алу) шартымен бередi.
"Сол сияқты Қытай Халық Республикасы да Бейжiңде Қазақстан дипломатиялық өкiлдiгiнiң ғимараты құрылысына 49 жылға жер аумағын жалға беретiн болады", - деді Ерлан Әбілфайызұлы.
Министрдің түсіндіруінше, Қытай тарапынан Қазақстан тарапына өз елшiлiгiнiң резиденциясын салу үшiн Бейжiң қаласының дипломатиялық ауданында аумағы 0,2316 гектар жер учаскесiн және 4-дипломатиялық ауданында аумағы 1 гектар жер учаскесiн 49 жыл мерзiмге уақытша өтеулi жерді жалға алу шартымен беретiн көрінеді.