Алматыда зілзала болуы мүмкін деп күтілуде
2014 ж. 29 қазан
1796
0
Ара-тұра бір сілкініп, халықты үрейлендіріп алатын Алматы зілзалаға қаншалықты дайын? Дүниежүзі сейсмологтары, әсіресе, батыс ғалымдары алдағы 5-6 жылда Алатау баурайындағы жер сілкінісі болу-болмауына түрліше пікір айтады.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Алайда нақты болжам жасауға қазіргі озық технология да қауқарсыз деген тұжырым басым. Аса қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқанын ескерді ме, әлемнің осы саладағы ғалымдары Алматыда бас қосты.
Басқосуға жиналған әлемнің 80-нен астам ғалымдары мен инженерлері жер дүмпуін алдын ала болжау емес, зілзала кезінде қалай әрекет еткен жөн деген мәселеге басымдық беріпті.
Арысы Америка, берісі азиялық сейсмологтарды біріктірген жиында жер сілкінісін зерттеуге қатысты соңғы жаңалықтар таныстырылды. Әр елдің мамандары өз тәжірибелерімен бөлісуде.
"Грузия таулы аймақта орналасқанымен, жер сілкінісінің аса қауіпті өңірі саналмайды. Ал Қазақстан үшін зілзала қауіпі бар", - дейді грузиялық профессор Теа Годоладзе.
Жиында әлем сейсмологтары бас қосып, жаңа жобалар мен тың идеяларды ортаға салуда. Жаңа сейсмикалық карта жасау жоспарда бар. Ал тұрғындар мұндай жағдайға үнемі дайын болғаны жөн. Мұндай ауқымды семинар бір жыл бұрын Непалда өткен. Ол да зілзала қаупі жоғары мемлекет.
Ал Алматы маңында биылғы тамыз айында магнитудасы 4 баллдан асатын екі жер сілкінісі тіркелген еді. Тұрғындардың көпшілігі сабырлы, аса алаңдаушылық білдірмейді.
Мамандар 1995 жылдан бастап жер шары сейсмикалық белсенділіктің жаңа деңгейіне енді, ол 2025 жылға дейін жалғасуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Германиялық ғалымның да пікірі осыған ұқсас. Бірақ алдағы болатын жер сілкінісін болжау мүмкін еместігін ол да ескертті.
"Бұл мәселеге тек қазақстандық ғалымдар емес, бүкіл Азия сейсмологтары алаңдап отыр. Өкінішке орай, жер дүмпуінің нақты уақытын, мекенін болжау мүмкін емес. Ешқандай техника да айта алмайды. Бірақ түрлі есептеулер мен зерттеулер алдағы уақытта Алматыда зілзала болуы мүмкін деп топшылауда", - дейді германиялық сейсмолог Стефано Паролай.
Сейсмолог ғалымдар Алматының аса қауіпті сейсмикалық аумақта орналасқанын айтқанымен, алдағы жер дүмпуіне қатысты нақты болжамдар жасай алмады.
Олардың айтуынша, әлем ғалымдары осы мәселе төңірегінде бас қатыруда. Ендеше, тұрғындардың аса әбігерге түспегендері абзал. Десе де, сақтықта қорлық жоқ.