Кеден Одағында бірыңғай төлем жүйесі құрылуы мүмкін

Келешекте Кеден одағында бірыңғай төлем жүйесі құрылуы мүмкін. Ресей бастамасын іле-шала Беларусь банкирлері қолдай кетті. Қол алысқан 3 мемлекет свифтке баламалы түрде жүйені де іске асыруды көздеп отыр.

Кеден Одағында бірыңғай төлем жүйесі құрылуы мүмкін

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

Ұлттық төлем жүйелері бар өзге екі елге қарағанда бізде кей мәселе қылтиып шығып отыр. Бірсыпыра маман "ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төнеді" деген пікірде. Тіптен елімізде свифт жүйесі кеңінен қолданылмайды екен.

Жүгенсіз алып елді ауыздықтау, Мәскеуге қамшы болғандай. Еуропа санкциялармен ескертіп, есін шығарғанымен Кремль кемеріне түспесе керек. Тұлан тұтқан тақ басындағылар тыңнан түрен түруге тырысуда.

Енді ел экономикасының қауіпсіздігіне қатты алаңдаған ақжағалылар Кеден одағында ортақ төлем әрі свифтке баламалы жүйені құру жөнінде әңгіме айта бастады. Әлем елдерінің бірсыпырасы Иранды жазалап, араша талап, пұшайман күйге түсіргеніне тарих куә. Сол қателікті қайталамас үшін Ресей қол алысқан 3 елдің ұлттық төлем жүйелерін біріктіруді көздеуде.

Мызғымайтын ауқымды жүйенің бойына қан жүгіртпек. Осылайша табан астында төнетін қауіпке тойтарыс береді.

"Ел экономикасының қауіпсіздіне қауіп төнсе, ұлттық төлем жүйелерін құру маңызды болады. Ресей осыны ескеріп отыр. Қуанышымызға орай, Қазақстанға бірде-бір санкция жарияланбаған. Сондықтан, отандастырыз мастер кард және виза карталарын еркін пайдаланып жүр.

Елімізде ұлттық төлем жүйесі құрылуы екіталай. Сондықтан, еліміз Мәскеу тарапынан құрылатын жүйеге кіреді

"Кеден Одағына мүше мемлекет болғандықтан, төлем жүйелерін интеграциялау ұсынысы түсіп тұр. Ал ұлттық төлем жүйесі елімізде құрылуы екіталай. Сондықтан, еліміз Мәскеу тарапынан құрылатын жүйеге кіреді", - деді "FIBO Group" компаниясының сарапшысы Евгений Слесарев.

Елімізде қолданыста бар Мастер кард пен Виза жүйелерінің жүзеге асырылуынан АҚШ-қа миллиондаған қаржы құйылатыны белгілі. Ал 3 елдің азаматтары бекітілетін карточкалармен алыпсатарлығын іске асырса, тағайындалатын комиссия тарапынан бюджет бүлкілдейді. Ресейдің діттегені де осы. Ақша алысқа кетпейді.

Ал Мағбат Спановтың пікірінше, жыраққа жәутіңдейтін қаржы секторымыз жіпсіз байланып қалуы мүмкін. Алыс-беріс, барыс-келіс әсер етуі ықтимал.

"Елімізге ұлттық төлем жүйесін құру тиімсіз. Бұл экономика секторында шешім шығаруда тәуелсіздігіміздің бір бөлшегінен айырылуына әкеп соқтырады. Ресей кез келген уақытта төлем жүйелерінің барлығын бұғаттауы мүмкін, ойлаңызшы, осы уақытта елімізде қаржы төлемдерінің тынысы тарылып қалады. Соңы шығынға ұласады", - деді экономист Мағбат Спанов.

Елімізге ұлттық төлем жүйесін құру тиімсіз. Бұл экономика секторында шешім шығаруда тәуелсіздігіміздің бір бөлшегінен айырылуына әкеп соқтырады.

Ұлттық банктің біздің арнайы сауалхатымызға берген ресми жауабына сүйенсек, ел территориясында Банкаралық ақша аударымдары және Банкаралық клининг жүйесі қызмет істейді. Олар негізгі халықаралық стандарттарға сай келеді екен. Ал Свифт төлем жүйесінің мемлекетімізде Ресейге қарағанда кең қолданысқа ие емес екені айтылған.

Отандық банктер бұл жүйені халықаралық төлемдер мен ақша жіберуге ғана пайдаланылатын көрінеді. Қараның халі де қалтарыста қалмаған. Келешекте қара теңізде тынығамын деушілер тығырыққа тірелмейді. Отандастарымыз Беларусь не Ресейге жол тартса, валюта айырбастау пунктерін іздеп сандалмайды. Өйткені, карточка - ортақ.

Источник: NUR.KZ