Серік Ахметов саясат сахнасынан кетуі мүмкін

Қоғамда Астанадағы ауыс-түйістер қызу талқылануда. Жұрт әсіресе, соңғы жылдары Алматы мен Астананы басқарып, іскерлігімен ел аузында жүретін Иманғали Тасмағамбетовтің Қорғаныс министрі болып тағайындалуын ерекше қабылдап жатыр.

Серік Ахметов саясат сахнасынан кетуі мүмкін ОБСЕ саммиті мен Азиада ойындарын ың-шыңсыз өткізген Тасмағамбетов енді еліміздің Қарулы Күштерінде тәртіп орнатады деген сенімде деп хабарлайды 31 арна.

Ал мемлекеттік хатшылық қызметінде жарты-ақ жыл отырып,  Астананың әкімі атанған Әділбек Жақсыбеков елорданың қазақылығын азайтып жіберуі мүмкін деген қауіптерін белсенділер әлеуметтік желілерде жарыса жазды. Астанадағы ауыс-түйістерден қандай өзгеріс күтуге болады?! Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің отставкаға кетіп, Қорғаныс министрі болғанын ешкім күтпеген еді.

Жұмыссыз қалсам да, парламентке аяқ баспаспын деген Иманғали Нұрғалиұлы да бұл тағайындауды күтпесе керек қобалжып тұрды.

Дегенмен, премьер-министр, мемлекеттік хатшы болған, Алматы мен Астананы басқарған, әкімдер рейтингінде ықпалды тұлға ретінде алғы шептен түспейтін Тасмағамбетовтің Қорғанысқа келуін жұрт Украинадағы қақтығыстармен байланыстырды. Ұлтына жанашыр, мінезді тұлға, тәжірибелі ұйымдастырушы, іскер азаматты президент басынан жемқорлық дауы арылмай, генералдары абақтыға қамалып, ұшақтары бірінен кейін бірі апатқа ұшырап жатқан Қорғаныс министрлігінде темірдей тәртіп орнатып, ел қауіпсіздігін мызғымас жасау үшін тағайындады деген пікірде. "Тасмағамбетовтің алдында Қорғаныс әлеуетін күшейту міндеті тұр. Украинадағы соғыс бірде бір мемлекеттің мұндай қақтығыстардан сақтандырылмағанын ұқтырды. Сондықтан Иманғали Нұрғалиұлын ең алдымен елдің қауіпсіздігін ойлауы үшін президент әдейі жіберді. Және ол бұл креслода ұзақ отырмайды, міндетін атқарғасын басқа қызметке кетеді", - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев. Ал саясаткер Серік Әбдірахманов Тасмағамбетов сынға түспей, министр болып отыра берсін деген пікірде.

Тасмағамбетов жеті жылға жуық басқарған, қауырт тірлігінің ортасында өзі жүретін Астанаға Әділбек Жақсыбековтің әкім болып тағайындалғанын Ақорданың Твиттердегі ресми аккаунтында орыс тілінде жазды.

Мұны белсенділер әркімге өзіне түсінікті тілде жазғаны шығар деп қағытты. Тіпті, әлеуметтік желілерде Жақсыбеков елорданың қазақылығын азайтып жібере ме деп қауіптенді. Ал президент 97 жылдары нағыз қиын тұста елорданы басқарып, сол жағалаудан қайтадан оң жағалауға ауысқан Астананың су жаңа әкіміне ЭКСПО көрмесі алдында тағы да үлкен сенім артты. Әділбек Жақсыбековтің мемлекеттік хатшы қызметі де ұзақ бос отырмады. Президент бұл қызметті уақытша президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллинге қатар атқаруды жүктеді.

Иманғали Нұрғалиұлын ең алдымен елдің қауіпсіздігін ойлауы үшін президент әдейі жіберді. Және ол бұл креслода ұзақ отырмайды, міндетін атқарғасын басқа қызметке кетеді

Астанадағы бүгінгі ауыс-түйіс әзірге осылай аяқталды. Тек премьерліктен Қорғаныс министрі болып көктемде ғана тағайындалып, рекордтық қысқа мерзімде орнынан түсіп қалған Серік Ахметовтың қайда баратыны әлі белгісіз. Сарапшылар Ахметовтің бұл отставкасын Қарағандыдағы атышулы істермен байланыстыруда. Оны тіпті саясат сахнасынан мүлде кетеді деп болжап жатқандар да жетеді.

Источник: NUR.KZ