ӨЗІНЕН БҰРЫН ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАҒАН БАҒДАРЛАМА
2010 ж. 03 тамыз
1348
0
«Халықаралық ұйымдар жаппай аштыққа немесе
табиғат апатына ұшыраған халықтарға көмегін ала
жүгіруі мүмкін, бірақ тілге ажал қаупі төніп тұр
десе елеңдей қоймайды».
Дэвид Кристалл
2010 жылғы 26 шілде күні Премьер-министр К.Мәсімовтің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен» таныстырды. Әрине, бағдарламаның мұның алдындағы 2001 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаға қарағанда ұтымды тұстары бар. Атап айтар болсақ «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау; мемлекеттік қызметке қабылданатын үміткерлер мемлекеттік тілден міндетті түрде тест тапсыру деген сияқты. Дегенмен, көңілімізде бағдарламаның пайдалы тұсынан гөрі зиянды тұстары көп пе деген күдік басым болып тарқадық. Идеологияны, саясатты жүргізіп отырған телеарналардың мемлекеттік тілді түн жарымында ғана қойып мазақ ету мәселесін реттеуді, мемлекеттік тілге қатысты талаптар, жазалар, қажеттіліктер сияқты ешқандай шаралардың қарастырылмағандығы, ең бастысы бизнес тіліне айналдыру мәселелері қарастырылмағандығы жанға батады. Тіл халықтың нан тауып жейтін кәсібінің тіліне айналмайынша оны дамыту қиын болады. Егер әңгіменің ашығын айтар болсақ, бағдарламадағы тілді дамытудағы ауыз толтырып айтылған жетістігіміз онсыз да уақытпен бірге келген жетістік. Бір жағынан қазақ халқы табиғи түрде 67 пайызды құрап көбейіп жатса, ол тіл қалайша жайымен дамымасқа. Қазіргі заманның талабы болар, 1 айда ағылшын тілін үйретемін деген қаптаған жарнамаларға қарап 21 жылдан бері мемлекеттік тілді үйрете алмай, енді 2020 жылға дейін дамыту жоспарын құрғаны қалай күлкі шақырмайды. Дамуға ниет білдіргені үшін де дамыған елдерде 8-12 жас аралығына дейінгі кезеңде тек қана мемлекеттік тілін үйретіп, санасына сіңіріп болған соң басқа тілдерге бет бұрады. Бұл - ең тиімді жол. Ал бізде есейгенге дейін орыс тілінде оқытып, есейгеннен кейін қазақ тілін оқытып жатамыз. Барлық мемлекеттік органдарға барсаңыз жасы ұлғайған адамдардың қазақ тілі курсына барып жүргенін көресіз. Бір жағынан бұның нәтижесі аз болса, екінші жағынан бюджеттен қыруар қаржы босқа зая кетуде. Таң қаларлығы - азаматтарымыздың қазақ тілін үйренуге барлық мүмкіндіктері болғанына қарамастан үйренгісі келмейді. Ең бастысы - экономикалық дағдарыс заманында іс-қағаздарын екі тілде жүргізетін ел екі есе шығынға ұшырайды. Республика бойынша көз алдыңызға елестетіп көріңізші, жыл сайын қаншама миллиондаған тонна қағаз бір құжатты екі тілде қатарынан жазғаны үшін ысырап болып жатыр. Үкіметіміз ең құрығанда мемлекеттік қызметкерлерден мемлекетке жаның ашысын деп бір тілде жазуды талап етсе, сол жеткілікті. Себебі, іс-құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге қазіргі кезде ешқандай қиындықтар да, кедергілер де жоқ. Мемлекеттік тілде іс-құжаттарын жүргізуге әдеби, ғылыми біліктіліктің де қажеті жоқ. Бар-жоғы ойыңды жеткізе алатындай тіл білімің болса жеткілікті. Ал мұндай білім 11 жыл бойы мектепте оқыған Қазақстанның кез-келген азаматында бар. Егер адамгершілігін айтар болсақ, мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге моральдық құқы жоқ. Керек болса бұл жағдай көп елде заңсыз болып саналады. Сондықтан осыдан бастап мемлекеттік тілді білмейтін, нұқсан келтірген азамат, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірді деп бағаланып, мемлекеттік тілді дамытуға кедергі келтіретін барлық деңгейдегі қызметкерлерді жауапқа тарту керек. Сонда ғана өзгеріс болады.
Сондай-ақ бағдарламаны таныстыру барысында М.Құл-Мұхамед орыс тілінің қазақ халқына тигізген ұшан-теңіз «пайдасын», Абайдың орыс тілі туралы ой-пікірлерін өзгертіп түсіндіре келе орыс тілін қолдану аясын кеңейту мен дамыту мәселесі бағдарламада қамтылғандығын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіз елміз дегеннің өзінде тұңғыш рет орыс тілін жанұшыра қорғайтын бағдарлама бекітуге ұсынылды. Қысқасы, мақсат - осы. Мұның түпкі себебі біреу. Қанша жерден бағдарлама, заң қабылдап жатсақ та, Конституциядағы орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады деген нормасын алып тастамай ешнәрсе өзгермейді. Өйткені барлығы Конституцияға бағынады, сүйенеді, негізге алады. Президенттің мүддесіне келгенде өзгеріске ұшырай беретін Конституцияға халықтың жаны – тілге келгенде неге түзетулер енгізілмейді? Енді көресіні орыс тілінен көреміз бе деп отырғанда ағылшын тілін меңгеру мәселесін өткір алға қойыпты. Өздеріңіз білесіздер, ағылшын тілін меңгеру үдерісі елімізде қалай өркендеп келе жатқанын, оған шетелден бөлініп жатқан қыруар қаржыны, түрлі мақсатпен тегін үйрету курстарын қосыңыз. Бағдарламада бұған қоса Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыстардың тілдерін дамыту мәселесін қолға алуды ұмытпапты. Сонда деймін ау, осы мемлекеттің тілінің көсегесін көгертеді деп үміттеніп отырған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Әлем тілдерін қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына көбірек ұқсап кетті. Қазақтың дарқан жомарттығы өз тілін босағаға ығыстырып тастап, әлем тілдерін дамытуға көшкен бе? Нәтижесін ертең көресіз, 130-дан астам тілдің дамып шыққанын.
Атақты француз жазушысы Альфонс Даудеттің «Соңғы сабақ» атты әйгілі хикаясында, жау қолында қалған елдегі мұғалімнің берген соңғы сабағы «құлдықтан құтылудың жалғыз жолы - ана тілімізді ұмытпау және қорғау» деп аяқталған екен. Сол айтқандай біз санамыздың құлдықтан шығуы үшін Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдайтын күнге жетуіміз керек. Мемлекеттік тілімізді қорғамайынша мемлекетімізді де қорғай алмаймыз.
Гүлмира Қалдыбайқызы