Амангелді АЙТАЛЫ: БҰЛ - ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРЕТІН ЕМЕС, ІРІТЕТІН ЖОБА!

d0b0d0bcd0b0d0bdd0b3d0b5d0bbd0b4d196-d0b0d0b9d182d0b0d0bbd18b3

– Бәрімізге белгілі, жақында Кәрім Мәсімовтің қатысумен өткен Үкіме­тің кеңейтілген оты­ры­сында Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед «Тілдерді қол­дану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мем­лекеттік бағдарламасының» жобасын ұсын­ды. Оны дайындау үшін 60 мүшесі бар мемлекеттік комиссия құрылған болатын, мен сол көп мү­шенің бірімін, төрағасы – министр М.Құл-Мұхамед, орынбасары – ақын М.Шаханов.

Бағдарламаның бастапқы ойы әдеттегідей жақсы-ақ еді, мемлекеттік тіл айналасында ұлт­тарды біріктіруді, топтастыруды көздеген болатын. Және тілдерді дамыту деген жаңа бір лингвистикалық термин де пайда болды. Енді осы мақсатқа қандай жолдармен жетуге болады? Міне, осы жолдарды таңдау мәселесі қайшылықтарға толы.

- Және сол қайшылықтар бағдар­­ла­маның негізінің өзінде жатқан се­кілді ғой, бағдарламаның өзегіне салынған болып отыр ғой?

- Иә. Біріншіден, мемлекетті тілді оқыту, оны насихаттау, дамыту, бәрі дұрыс, бірақ сол мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыру, сұраныс тудыру мәселесі назардан тыс қалған. Екіншіден, бағдарламаың әлеуметтік –құқықтық негіздемесі осал. Олай дейтін себебім, Консти­туциямыздың 7-бабында  өзіңіз білесіз «мемлекеттік ұйымдар мен жер­гілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады» деп жазылған. Конституцияның 33-бабының 4-тар­мағында «...мемле­кет­тік қыз­меткер лауазымына үміткерге қо­йылатын талаптар лауазымдық мін­деттің сипатына ғана байланысты болады және заңменен белгіленді» делінген.

Бұл заң бағдарламада ескерілмей кеткен. Тіл туралы заңның 23-бабында мемлекеттік тілді білу талаптары мен көлемі жайлы айтылған.  Осы талаптар мен мемлекеттік тілді білуі тиіс лауазымдық қызметтер тізімін біз бірте-бірте кеңейте беруіміз керек еді. Бұл бап жайлы да бағдарламада сөз жоқ. Мысалы жай маманға қарағанда департамент бастығы тілді әлдеқайда жақсы білуге тиіс, министрдің орынбасары одан жоғары, ал министр одан да жоғары білуіге тиіс қой. Ағылшындардың «жылқыны суатқа мәжбүрлеп айдап баруға болады, бірақ оны мәжбүрлеп су ішкізе алмайсың» деген мақалы бар. Сол сияқты біз қанша жерден мемлекеттік тілді оқыту, насихаттау, ақпарат құралдары арқылы жарнамалау, ғылыми негіздеу жақтарын қолға алғанымызбен, дамытқанымызбен біз тілге деген қажеттілікті, сұраныстаы туғыза алмасақ әлгі еңбегіміздің бәрі еш болғаны. Қанша жерден ұлттық, намыс, патриотизм дегенімізбен...

- ...Олардың өзі де арқа сүйейтін бір негіз болуы тиіс қой?

- ...Иә, бір негіз болмаса бәрі де, соның ішінде мына бағдарлама да сол бос сөз күйінде қалып қояды. Мектеп оқушысы «мына тіл менің аттестат алуыма керек» демесе, институтта оқитын студент «бұл тіл менің ертең нан тауып жеуім үшін керек» демесе ешқандай нәтижеге біз жете алмаймыз.

Бағдарламаның бұдан басқа және бір өте осал тұсы – ол орыс тілінің қолдану аясын сақтау жөніндегі бағыты. Бұл - нағыз стратегиялық қате. Олай дейтініміз кеңес өкіметі сонау 1939 жылы орыс тілін білуді міндеттей бастаған. Орыс тілін білмеу салдарынан соғыс кезінде шығын аз болмаған. Соны есепке алған И.Сталин 1950 жылы журналистермен болған сұхбатында «марксизм-ленинзм және тіл мәселесі» деген тақырыпқа тоқталып, соның аясында Маардың теориясын сынаған болатын. Ол теория ойынша тіл қоғамда таптық рөл атқаратын. Сталин оны жоққа шығара келіп «тіл – ұлттық және мәдени өркениеттік құбылыс» деген. Және «көп ұлтты мемлекетте ортақ басты бір тілді халықтың бәрінің білуі стратегиялық саясат» деп атап кетті. Сталин кеңес халқының ұлтаралық бірлігін атом бомбасынан да қуатты күш  деп бағалаған. Кеңес халқы үшін орыс тілін білу стратегиялық саясат болды. Біздің еліміз үшін де қазақ тілін білу дәл сондай стратегиялық саясат боуы тиіс. Қанша жылдар өтсе де, ел өзгерсе де, не өзгерсе де бұл саясат өзгермеуі тиіс! Ал мына бағдарламада осындай саясат жоқ! Ресей үшін орыс тілі бүгін де стратегиялық саясат. Олар бұл тілдің әлем елдерінде қолданысы дами түсуі үшін қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр. В.Путин президент кезінде «Орыс әлемі» деген қор құрып, оған 1 млрд.рубль көлемінде қаржы бөлді. ТМД елдерінде орыс тілін қолдану аясы тарылмасын деп жанұшыруда. Орыстар Кеден одағынан біз секілді тауар сатып пайда табуды басты мақсат етіп қойып отырған жоқ, олар үшін бұл тактика, ал стратегиялық мақсат – осы елдерде орыс тілінің, орыс мәдениетінің ықпалын сақтау. Алдымызда Кедендік одақты, бұл жайлы Олжастың аузымен айтылып та қойды, Мәдени одаққа, Тілдік одаққа айналдыру тұр. Мәне, мәселе қайда жатыр! Және әлгі одақтарға кіру мәселесі біздің бағдарламадан орыс тілінің қолдану деңгейін сақтау деген сөзбен көрініс беріп отыр.

Министр М.Құл-Мұхаммед оты­рыс­тағы сөзінде Абайды мысалға келтірді. Бірақ Абай орыс тілін біл десе, біз сол кезде патшалық Ресейдің отары болған соң айтты, отаршылардың тілін білу бәсекелестікке жеткізетін құралың болсын деп айтты. Мен жиындағы сөзімде «егер біз сол кезде Англияның отары болғанымызда Абай ағылшын тілін біл» деп айтар еді» дедім. 

Бұл бағдарламаның орыс тілі жайлы бағытының страгеиялық қате болатын екінші себебі, орыс тілінің қолдану деңгейінің бүгін бізде салтанат құруы – санамыздағы отаршылдық, құл­дық  психологияның жойылмай отыр­ғандығы. Ең сорақысы біз енді орыс тілінің дәрежесін отаршылдық кездегіден де кеңейтпекпіз. Олай дейтінім, 1989 жылғы санақ бойынша еліміздің 75 пайыз  тұрғыны орыс тілін меңгерген болса, мына бағдарлама сол көрсеткішті 90 пайызға көтеруді көздеп отыр. Оралмандарға орыс тілін білдіру мәселесі қойылып отыр. Орыс тілінің бүгін біздің елімізде қолдану сферасының жыл санап тарыла түсуі – обективті, табиғи процесс. Және бұл процесс осылайша табиғи түрде жалғаса беруі тиіс. Орыс халқына деген титтей де бір қарсылық жоқ бұл жерде.

-Бұл барлық елдерде бар, әлемге ортақ тәжірибе, дәлірегі ұстаным ғой!

-Дұрыс айтасыз. Одан бөлек осы бағдарламаны қолданысқа енгізуге жауапты деп бар-жоғы 9 министрлік аталыпты. Құқық қорғау органдары, сот, прокуратура, әкімшілік, денсаулық сақтау секілді тілдің қолдану аясы өлім мен өмірдің, адам мен оның тағдырының басты көрсеткіші болып табылатын салалар бағдарламадан тыс қалған. Және «халықаралық шарттар мен актілерді рәсімдеу кезінде қазақ тілінің аясын кеңейту(?)» көзделген. Пайдалану, қолдану емес, соларды қамтамасыз ету емес, тек кеңейту ғана.

Бір сөзбен айтқанда бұл бағдарлама бір жағынан өзінде жазылған қазақ тілінің аясын кеңейту деген сияқты барлық игі бастамасының бәрін екінші жағынан толық жоққа шығарып отыр. Орыс тілі Ресейде, украин тілі Украинада, кәріс тілі Кореяда дамып жатыр. Оларды дамыту біздің мақсатымызға жатпайды. Біз ол тілдердің оқытылуына, жұрттың үйренуіне ешқандай шек, кедергі қоймаймыз, бірақ біздің басты мақсатымыз – қазақ тілін дамыту болуы тиіс.

Мен өз басым бұл бағдарлама елді біріктіруге емес, елдің арасын, жігін ашуға қызмет ете ме деп қауіптенем. Тіпті бұл ақиқи көрініп тұрған дүние.

- Өйткені бұрынғы қайшылық­тарды жойып, тым болмаса жұм­сартып, қазақ тілінің аясын шын мәнінде ке­ңей­туге емес, әлгі қайшылықтардың күшейе түсуіне жол ашады дейсіз ғой?

- Солай. Бір ғана үміт – бұл әлі жоба. Біз бәріміз енді бұндай қауіпті жобаға жол бермеуге жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын.

-Рахмет, Әбеке!

 

 Сұхбаттасқан

Өмірзақ АҚЖІГІТ