Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, сазгер: ӨНЕРГЕ ҚАҢҒЫП КЕЛГЕНДЕР АРҚАСЫНДА» ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛҒАМЫ ӨЗГЕРДІ

1
3768

Мен музыкаға кеш   келген адаммын…

– Кеңес аға, өнер жолы – ауыр жол деп жатамыз. Осы бір ауыр жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

– Мен өзім музыкаға кеш келген адаммын. 18 жасымда Алматы қаласындағы №2 мектеп-интернатын бітіргенмін. Сол мектепте 8 – сынып оқып жүргенімде домбыра үйірмесіне қатыстым. Осыдан кейін әнге, күйге деген әуестігім арта түсті. Мектеп аяқтауға жақын қалғанда мені Рахматдин деген үлкен ағам Ахмет Жұбановқа ертіп барды. Өнер майталмандарының бірі – Ахаң десек, артық айтқандық емес. Сол Ахаңның алдында өлең айтып, домбыра тартып, бар өнерімді көрсеттім. Ол кісі болса, мені шығарып жіберіп, ағама: «Баланың талабы бар екен. Композитор болады екен. Тек, оқып, блімін жетілдірсін», – дейді. Ағам болса мектепті бітіріп жатқандығымды айтады.

Сөйтіп, Ахаң, баланың музыкалық білімі тереңдеу болсын десеңіздер, бірінші училищеден бастасын, одан кейін концерватория оқысын деген кеңес береді. Ол кез 1964 жыл болатын. Мен мектепті алтын медальға бітіргеніме қарамастан, музыкалық училищенің дайындық курсына түстім. Қысқасы, 5 жыл училищеде, 5 жыл концерваторияда оқып, 28 жасымда бітіріп шықтым. Сөйтіп, Ахаңның ақылымен музыка саласында 10 жыл бойы білім алдым.

Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиев ағамыз да бар-білгенін айтып, ақыл-кеңес беріп тұратын. Кез-келген адам композитор бола алмайды. Ол Құдайдың берген бір құдіретінің арқасында адам бойына даритын қасиет. Кезінде орыс композиторы П.И. Чайковский адам бойында 1 пайыз ғана таланттың болатынын, 99 пайызы еңбектену арқылы келетінін айтқан.

Қазақта талантты жандар өте көп. Бірақ талантты болу адамға аздық етеді. Мен таланттымын, менің алмайтын қамалым жоқ деу қате пікір. Бойыңда қанша жерден қасиетің болса да, еңбектенбесең, сен бәрібір биікті бағындыра алмайсың.

Өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Мәселен, мен өзім музыка әлемінде болып жатқан жаңалықтардың бәрін қалт жібермей қарап отырам. Мұның бәрі шығармашылық адамы үшін үлкен қор. Композитор болу деген оңай дүние емес. Тек музыка әлеміндегі жаңалықтар ғана емес, дүниежүзілік әдебиетті жақсы білуің керек. Дүниетанымың кең болмаса, сен алысқа бара алмайсың.

Кезінде Шәмші ағам маған: «Кеңес, егер де сенің әндеріңді жастар вокзалда, әуежайда отырыстарда, шырқап отырса, сен онда нағыз композитор болғаның» деген еді. Мен өзімді нағыз композитормын деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ менің әндерімді, кімдердің, қайда шырқап жүргенін өздеріңіз жақсы білесіздер.

–Аға, кезінде ағалардың кеңесіне құлақ астым деп айтып қалдыңыз ғой. Ал, бүгінде сіздерді тыңдайтын, сіздерден ақыл сұрайтын жастар бар ма? Жоқ әлде бәрі «Өзің білме, білгеннің тілін алманың» керімен кетіп бара жатыр ма?

–Шынымды айтайын. Мақтанды демеңіз. Менен арнайы білімі бар, музыка саласына машықтанған композиторлардың өзі ақыл-кеңес сұрап тұрады. Жастардың бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Олардың арасында өнерге шынайы бетбұрыс жасағандары да бар. Олардың бірқатары маған келіп, шығармаларын көрсетіп те тұрады. Мен өз пікірімді білдіріп, бағыт-бағдар беріп тұрамын. Алдыма келгенінің ешқайсысының бетін қайтарған емеспін. Өйткені өзім де солай өскен адаммын.

– Бұрын консерваторияны тәмамдаған студенттерді облыс орталықтарынан сұраныс болып, бәрі өмірден өз орнын тауып үлгеретін. Қазір білдей оқу орындарын бітіріп, қолына диплом алғандардың өзі керексіз болып қалды.

 

Оқытушылардың талғамы төмен болғасын,

студенттерге несіне ренжиміз?

 

– Сонда бүгінде дәріс беретін білікті ұстаз кем бе, жоқ әлде жастар өнерге бұл саланың жауапкершілігін сезінбей келе сала ма?

-Қазір шыны керек заман басқа. «Заманына қарай адамы» – демекші бүгінгі жастардың, ойлау деңгейі де, түсінік, талғамы да бөлек. Жастардың бойында өздеріне тән жалын, өздеріне тән жаңашылдық болса қуанамыз әрине. Ал, базбір жастардың іс-әрекетін көріп, кәдімгідей қарным ашатынын жасыра алмаймын. Бұған мен былтырғы жылы консерваторияда дәріс оқығанымда көз жеткіздім. Консерваторияның басшылары қайта-қайта қолқалап қоймаған соң, барған болатынмен. Бірақ ондағы өнерді қалап келген студенттердің сабаққа деген немқұрайлылығын көргенде, кәдімгідей көңілім құлазыды. Мәселен бір топта 8 студент болатын болса, бір семестрдің ішінде мен олардың 2-еуін ғана көрдім. Қалғандары мүлдем сабаққа қатыспады. Ертеңгі күні бұлардан қандай маман шығатынын кім білсін? Кезінде біз кітапханадан шықпай, жата жастанып оқитынбыз. Керек болатын болса, мұғалімдерді іздеп жүріп, білмегенімізді сұрап алатынбыз. Ал, бүгінгінің балаларына мен шынымен де таң қалдым. Олардың не ойлап жүргенін өздері біледі. Бірақ сабаққа салғырт қарау деген, болашақтан күдер үзу дегенмен бірдей болуы керек қой. Оқу орнындағы осындай келеңсіздікті көріп, мен онда сабақ беруден өзім бас тарттым. Өйткені уақытымның босқа кетіп бара жатқанын ұқтым. Алдымда қанша өмір қалғанын бір Алла біледі. Бірақ уақытты тиімді пайдаланып, қалған өмірімді шығармашылққа арнағаным жөн деп таптым. Мұндай құбылыс музыкалық колледждерде болса бір сәрі, консерваторияда орын алғаны шынында да таңқаларлық дүние. Оның үстіне басқа емес, жүгі ауыр композиторлықты таңдап тұрып, оны оқымау деген ол – өкінішті жағдай.

Ешкімге еңбексіз ешнәрсе жоқ. Мұны жастар білуге тиісті. Мұндай сөз олардың санасына отбасында-ақ сіңіріліп қоюға тиіс.  Ал, қазіргі жастардың кейбірі «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жәй ғана жүріп өте саламыз деп ойлайды. Өкінішітісі – олардың қатары күннен күнге көбейіп келе жатқандығында. Олардың түсінігінше өнер деген – әрдайым концерт, сахнаға шығып жайраңдап жүру, әнші болып атақ-даңқын шығару. Осындай түйсіктегі жастар сахнаға шығу үшін үлкен дайындық керек екенін біле бермейді. Олар тек оқу орнын аман-есен бітіріп, қолдарына бір жапырақ қағаз алуды ғана аңсайды.

Осылай білім алып жүрген жастарға қайдан сұраныс болсын? Олар тек оқу орнын әйтеуір бітіре салсам, ән айтып халыққа танымал болсам болды деп ойлайды. Өнерге адам кездейсоқ келмеуі керек. Өнерді таңдау үшін де Жаратқан иеміз ол адамға талант берген болуы керек. Олай болған жағдайда өнерге келудің де қажеті жоқ.

Шәкірттердің жоғарыда атап көрсеткендей жағдайға түсуіне бір жағынан мұғалімдердің өздері де кінәлі. Неге десеңіз, ЖОО-да талапкерлерді сараптау дұрыс жүргізілмейді. Әу деген талапкердің бәрін ЖОО-на қабылдай беретін болсақ, сонда біздің кім болғанымыз? Бір байқағаным – ондағы мұғалімдер курстағы студенттер  санын толтыру үшін кім болса соны қабылдай береді екен. Бұл дегеніңіз оқу орнындағы ең үлкен – кемшілік. Қабылданатын студенттерге байқау әділ өтпегеннен кейін, шәкірттердің болашағынан бір нәрсе күтудің өзі қиын. Мұндай келеңсіз құбылыс, оқу орнының ғана емес, өнердің де қадірін қашыратыны айтпаса да түсінікті. Біздің кезімізде композиторлық мамандық бойынша 1 курста бір я болмаса екі-ақ адам оқитын. Ал қазір 4-5-еуден де көп. Мұның өзі түсініксіз жағдай. Ондағы оқытушылардың талғамы төмен болғаннан кейін, студенттерге ренжудің де қажеті шамалы. Өнер саласында талғам жоғары болуға тиісті. Талапкерлер арасындағы іріктеудің өзі әділ өтуі қажет. Бүгін консерваторияны бітіріп, ертең ешнәрсеге жарамай қалса, бұл – ең үлкен трагедия.

Әр туындының төрт тұғыры бар: сөзі, әні, орындаушылық деңгейі, өңделуі. Бірі ақсаса, қалғанының аяғына тұсау болатыны белгілі. Қазіргі жастар қабілетіне қарамай, бас қосып, топ құрып, үлкен сахнаға ұмтылады. Осыдан болар, қазір эфирге кім болса сол, шығатын болды. Осыған бір тосқауыл қойылмаса, қазақ ән өнерінің деңгейі төмендеп кетпей ме?

– Шынын айтқанда бұл өнердегі ең үлкен мәселе. Бұрынғы Совет Одағының кезінде қазақтың талантты композиторларының бірі – марқұм Әбілахат Еспаев ағамыз маған: «Кеңес, кейінгі кезде «мен композитормын» деп көкірек керетін адамдар көбейіп кетті. Қазір таяқ лақтырсаң, композиторға тиетін болды. Олар елді алдап ән шығарып, ұпай жинағысы келеді. Қол қусырып қарап отырмай, бұларға қандай да бір шара қолдану керек», – деп алаңдаушылық білдірген еді. Совет Одағы тұсында осындай проблема орын алғаннан кейін не деуге болады? Десек те, сол заманда ән әлемінде дәл бүгінгідей шектен шығып кету деген болмайтын. Ол кезде әнге қатысы бар әрбір мекемеде көркемдік кеңес жұмыс жасайтын. Сондықтан болса керек, ел назарына ұсынылатын әндердің барлығы сондай кеңестердің таразысынан өтетін. Ал қазір мұндай тосқауыл жоқтың қасы. Сондықтан да бұл мәселе біздің қоғамда өзекті екендігі рас. Өкінішке орай бүгінде екі нотаның басын қоса алмайтындар «композитормын» деп көкірегін керіп жүр. Меніңше халықтың талғамын төмендететін де, осындай композитор сымақтар. Композиторлық өнер деген жаратқанның адам баласына берген таланты.

Әрине, тосқауыл қою керек. Әйтпесе қазақ әндерінің қоржынына күн сайын деңгейі төмен дүниелер қосыла берері анық. Ол үшін біз жоғарыда атап өткен Кеңес үкіметі тұсындағы Көркемдік кеңестердің жұмысын жаңғыртуымыз керек.

Егемен ел болғалы бері Көркемдік кеңес мүлдем жоқ болып кетті деп айта алмаймын.

Мәселен осыдан үш жыл бұрын Қазақ радиосында Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Мен аталған кеңес мүшесінің бірі болғанмын. Қазақ радиосының қоржынына түскен әндерді өнерге жанашырлықпен қарайтын азаматтармен бірлесе отырып, эфирге шығатын әндерді іріктейтінбіз. Бір өкініштісі – қазір көркемдік кеңестің жұмысынан хабарсызбын. Жұмыс істеп жатыр ма, жоқ әлде тоқтап қалды ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір радиодан күндіз-түні құлаққа ерсі естілетін әндер жиі беріледі. Бұл да біздің – бір кемшілігіміз.

Көркемдік кеңестің өз жұмысын бастауына сол кездегі «Қазақстан» телеарнасының президенті Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақ радиосының басшысы Жүрсін Ерман ықпал еткен болатын. Қазір осы Көркемдік кеңесті әрі қарай жалғастырып әкету жөн-ақ болар еді.

Бүгінде ешбір мекемеде Көр­кемдік кеңес жұмыс істемейтіні белгілі. Меніңше Қазақконцерт, Филармония сияқты өнерге қатысты мекемелерде осындай кеңестердің жұмыс жасауын қолға алуымыз керек. Бұған әлі де кеш емес. Мұндай істі жүзеге асыру көп қаражатты қажет етпейді де. Мәселен жоғарыда атап өткен Қазақ радиосындағы Көркемдік кеңесте біз тек өнерге шынайы жанашырлық таныту үшін ғана жұмыс істейтінбіз. Өнер қайраткерлерінің ондағы жұмысы – апта сайын жиналып, радионың қорына түскен шығармаларды тыңдап, оларды іріктеу болатын. Бұл жұмысы үшін кеңес мүшелері ақы алмайтын. Бұл іске тек азаматтық борышы ретінде қарайтын.

Сондай-ақ, мән-мағынасы жоқ әсерсіз әндерден арылудың бірден бір жолы – фонограмма дегенді түп-тамырымен жою болып тұр. Тек қана жанды дауыспен айтатындарға ғана әнші деп қарауымыз керек. Фонограммамен айтатындардың жолын кессек, сонда әншімін деп жүргендердің 90 пайызы демей-ақ қояйын, 80 пайызы ән айтуды доғаратыны анық.

Аккомпономент фонограмма болсын, бірақ дауыс тірідей бол­ғаны жөн. Ал, мұндай бастамаларды жүзеге асыруға Үкімет қолдау көрсетсе, құба-құп болар еді.

Қазір екінің бірі – музыкадан хабары жоқ болғанына қарамастан, студияға барып ән жаздырады. Онда арнайы мамандар жұмыс істейтіндіктен, олар келген адамдарға, қаржысын төлесе болды, қолдан «ән» жасап бере салады. Қазір сапасыз ән шығарып жүргендердің дені қалтасы қалыңдар. Мұнысымен қоймай олардың, композитормын дейтінін қайтерсіз?! Композитор деген сөз латын тілінен аударғанда композиция, құрастырушы деген мағынаны береді. Жеке өзім композитор болу үшін көп тер төктім десем артық айтқандық емес. Бір айта кетерлігі – бұрынғы Кеңес Үкіметінің кезінде ән шығаратындардың көпшілігін әуесқой, я болмаса сазгер дейтінбіз. Ал қазір бәрі шетінен композитор.

– Қазақтың ән өнері осы қар­қында кете беретін болса, мұ­ның арты неге апарып соғуы мүмкін?

– Енді мұны пәлен деп кесіп-пішіп айту қиын. Бірақ бұл жақ­сылықтың нышаны емес. Негізінен біз бір нәрсені білуге тиіспіз. Халықтың талғамы бұрын жоғары болатын. Қазір өнерге қаңғып келген адамдардың «ар­қасында» талғам өзгерді. Халықтың талғамына әсер ету дегенді біз өнерге үлкен қиянат жасау деп ұғынуымыз керек. Қазір жылтыр, жеңілтек дүние өте көп. Мұның «жемісін» бүгін болмаса да, ертең көретініміз анық. Ал, ертең сан соғып қалғымыз келмесе, кеш болып кетпей тұрғанда қандай да бір шара қолдануға тиіспіз.

 

Бізге рушылдықтың иісін аңқыту

жараспайды

 

Қайрат Байбосынов ағамыз бірде: «Біздің руымыз – өнер. Біз руға бөлінуді білмейміз. Мақсатымыз – халықтың өнерін өрістету», – деген еді. Қазіргі таңда тіпті зиялы қауым өкілдерінің өзі жүзге-руға бөлінетінін құлағымыз шалып жатады. Өнер саласында жүрген жандардың бәрі шынымен де бұл дертке шалдықпаған деп айтуға бола ма?

– Негізі шындықты айтқан дұрыс. Бұл өнерде де бар құбылыс. Оған осы уақытқа дейінгі сүрген өмірімде көз жеткіздім. Мысалы менің өзім, Қазақстан Комсомол сыйлығына 3 рет ұсынылып, 3 рет сызылып қалған адаммын. Бірақ ол үшін аса бір қатты өкінген де емеспін. Қайта өзімді өзім қажап, өзімді түк бітірмегендей сезініп, одан әрі көбірек еңбектене түсетінмін. Бұл менің мінезімнің өзгелерден бөлек­теу болғандығынан болса керек.

Дегенмен жұрт, өнер ада­мының өте сезімтал келетінін ескеруі керек. Бір жағынан еткен еңбегіңнің ел алдында еленгендігі де дұрыс. Менің Жолан Дәстенов, Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев сынды достарым осындайға шыдамай күйіп кеткенін жақсы білем.

Одан кейін 5 рет қайраткер ата­ғына ұсынылып, 5 рет документім қай­тып келді. Сонда Ғазиза Жұба­нова апамыз «Әй жігіттер, мына іс­терің дұрыс емес қой, Дүйсекеевтің құ­­жаты неге қайтып келеді? Оны неге 5-6 адамға қосып жібересіңдер? Неге жеке жібермейсіңдер?» – деген еді.

Одан кейін сөз алған СССР халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құдыс Қожанияров ағамыз: «Кеңесті халық баяғыда-ақ халық әртісі деп атап қойған, сендердің бұларың мүлдем дұрыс емес», – деп менің бұл атаққа лайық екендігімді айтып жатты.

Сол кезде мен: «Менің фамилям­ның өзі атақ»,  деп жиналыстан шығып кеткен едім. Осындай соны пікірлерден кейін бе, жоқ осы уақытқа сәйкес келді ме, әйтеуір 1994 жылы менің құжаттарым жеке жіберіліп, 1 айдан кейін ел президенті Н.Назарбаевтың бұйрығымен маған ҚР-ның қайраткері деген атақ берілді. Бұл атақты марқұм С.Бәйтереков екеуміз бірге алғанбыз.

80-жылдары менің атым дүрілдеп тұрғанын елдің бәрі біледі. Мен телеарнада қызмет етіп жүргенімде «Тамаша» хабарын бастадық. Сөйтіп, «Тамашаға» біраз жаңалықтар жасадым. Термені, айтысты ел арасында кеңінен насихаттаған «Халық талант – қайнары», «Шабыт» деген үлкен хабарлар болды. Халыққа рухани нәр беретін осындай үлкен хабарлар менің идеяммен дүниеге келген еді. «Тамашада» қызмет еткен Б. Аманшин деген ағамыздың «Биографиям жараса да, географиям жарамайды» деген материалы «Тамашаға» өтіп кетті.

Сол кезде телеарнаны қадаға­лай­тын ЦК-ның бөлімі мені шақырып үнемі түсініктеме жаз­ғызып отыратын. Жұмыстан шы­ғарайын десе, жұмыс қыруар жүріп жатқандықтан шығара алмайды.

Б. Аманшин ағамыздың айтқан ойы дұрыс деп ойлаймын. Себебі оның бәрі менің де маңдайыма тиді. Еңбегімнің дер кезінде бағаланбауы да, жүзге, руға бөліп алалаудың «нәтижесі» екендігін түсіндім. Қазақты құртатын – осы дерт. Өкініштісі сол бұл дерттің бізде әбден асқынып кеткендігі.

Азғантай ғана қазақ бір-бірін алақанына салып жүрсе, біз ешкімнен кем болмаймыз. Біздің ата-бабаларымыз қандай жағдайда да бірлікпен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген. Олардың айтып кеткен нақыл сөздерінің бәрі бүгінгі өмірдің шынай көрінісі. Тіпті Конституцияға енгізуге тұрарлық.

Осындай ұлы бабалардың ұр­пақтары, мына біздерге рушыл­дықтың иісін аңқыту жараспайды. Бұл біздің майда­ланғандығымызды көрсетеді. Ендеше бізге тек бірлік керек.

– Аға, осы Комсомол сыйлығы демекші, бүгінгі мемлекеттік сыйлықтың да жайы мәз емес. Бұл туралы бір ағамыз: «Мемлекеттік сыйлықты тұлпар емес тұғырлар, сұңқар емес суырлар алып жатыр» деген екен. Сіз осы пікірмен келісер ме едіңіз?

– Мұның бәрі жоғарыда біз атап өткен құбылыспен тікелей байланысты. Менің өзім мемлекеттік сыйлыққа екі рет ұсынылып, екеуінде де өтпей қалғанмын. І – турдан өтіп, құжаттарым Үлкен үйге барады. Бірақ маған берілмейді.

Мен табиғатымнан шыдамды жанмын. Бірақ қанша жерден шыдамды болсам да, қоғамда орын алған осындай әділетсіздіктерге жоғарыда атап өткен әріптестерім сияқты менің де жүрегім шыдай алмады. Сөйтіп 2005 жылы жүрегіме операция жасалды. Міне, содан аман қалған адаммын.

Адам баласы, маңдай терін төгіп еңбектенгеннен кейін, еңбегінің дер кезінде бағаланғаны жөн. Биліктің басындағы азаматтар осыны ойлауға тиіс. Осындай маңызды мәселені шешетін жандардың бар қазаққа көзқарасы бірдей болуы керек.

 Сонымен қатар, мемлекеттік сыйлықтың ережесі көңілге қонымсыз. Мемлекеттік сыйлықтың ережесіне сәйкес осы сыйлыққа ұсынылған адамдардың соңғы бес жылдағы еңбегі ғана сарапқа түседі екен. Меніңше мұндай ереже мүлдем дұрыс емес. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын адам өнер адамы болғандықтан, өзінің өмірінде жасаған еңбегі үшін берілуі керек. Шындығына келгенде бұл сыйлық халықтың беретін сыйлығы.

Осы тұста бір нәрсені ғана айтқым келеді. Ең бастысы сол – кімнің қандай еңбек етіп жүргенін ел біледі. Мен ешқашан ешкімге жалынған, ешкімге мәймеңкүлеген жан емеспін. Жұртқа жағымпазданып көрген жерім жоқ. Туа біткен мінезім осы.

 

«Екі жұлдызды» әлде де қазақыландыру керек

 

«Екі жұлдыз» ұлтқа, қазаққа, ұлттық ән өнеріне, қазақ эстрадасына не берді деп ойлайсыз?

– Меніңше «Екі жұлдыз» халыққа керек жоба. «Қазақстан» телеарнасы арқылы жұртқа ұсынылып отырған бұл жоба бұрын Швецияда шыққан. Олардың жобасын алғанымыз дұрыс, бірақ принціпін де қоса алуымыз керек еді. Ең басты ескеретін нәрсе – бұл жобаны өз қазағымызға бұру. Біз не үшін «Екі жұлдызда» джазды я болмаса, шетелдің әнін айтуымыз керек? Қазақтың әні көп емес пе? Бір жолы 40 жылдардағы әндерді орындаса, екінші жолы 60 жылдардағы әндер орындалсын. Осылай жалғаса берсе қазақтың ән өнері қарыштап дами берері сөзсіз.

– Аға, сонда бұл жоба көңіліңізден шықты ма?

– Бұл негізі дұрыс жоба. Оның үстіне халыққа керек жоба. Қазір «Екі жұлдыз» телеарнадан көрсетілетін сенбі күні Қазақстанның түкпір-түкпірі осы бағдарламаны тамашалайды. Яғни, бұл бізге қажет деген сөз.

– Аға сіз, көрерменге жол тартқаннан бастап сынға ұшырап келе жатқан «Екі жұлдыз» жобасы туралы: «Жобаның ұлттық кейіпте өтуіне бірден-бір себепкер болатын ұйымдастырушылардың жүректерінде қазақы рух болмаса, атқарған істеріміз осылай құнсыз бола бермек. Бағдарламаны тамашалау барысында ұйымдастырушылардың өз ұлтына, ана тілдеріне жандары ашымайтыны анық байқалады», – деген пікір білдірген едіңіз. Осы пікіріңізді ұйымдастырушыларға да айттыңыз ба, жоқ әлде «Екі жұлдыз» жобасының төрешісі ретінде әншілердің орындау шеберлігіне ғана баға беріп қайттыңыз ба?

– Иә, бұл жобаға төрелік етуге шақырылғаннан кейін бардым. Тіпті жоғарыда сіз мысал етіп отырған пікірімді телеарнаның бірінші басшысына да жеткіздім.

Соңғы рет финалына барғанымда телеарна басшыларына да, ұйымдастырушыларға да бұл жобаны әлде де қазаққа бұру қажет екендігін, жобадан тек қазақтың иісі шығып тұру керектігін айттым. Ең бірінші қазақ тілін басты назарда ұстау керек екендігін де ескерттім. Дегенмен, қазақ, орыс тілдерінде жүргізген де жөн шығар. Жалпы жоба турасындағы пікірімді ашық жеткіздім деп ойлаймын. Қазіргі таңда телеарна ұжымы да шамасы келгенше жұмыс жасап жатқан жайы бар.

– Туған жеріңіз Қызылорда қаласында сіздің әндеріңізді орындаушылар арасында республикалық байқаудың өткізіліп тұратынын білеміз. Мұндай байқауды өткізуге ұсыныс қай тараптан жасалды? Сізден бе жоқ әлде Қызылорда облысының әкімдігінен бе?

– Жоқ. Мен ешқашан ешкімге менің концертімді өткізіп берші, деп айтқан адам емеспін. Ондай қабілетім де жоқ. Өзім үшін ешқашан бір есікті сығалаған адам емеспін. Ал біреу үшін бәріне баруға да даярмын. Менің атымдағы республикалық байқауды 60 жылдық мерейтойыма орай Қызылорда облысының әкімшілігі ұйымдастырды. Ол кезде әкім Икрам Адырбеков болатын. Бұл шара сол кісінің бастамасымен өтті.

Осыдан екі жыл бұрын екінші рет өтті. Алла қаласа биыл күзде үшінші рет өткізуді жоспарлап отырмыз.

Мысалы, Оңтүстік өңірі 1999 жылы марқұм Сейдолла Бәйте­рековтың атындағы байқауды өткізді. Бірақ кейін осы шара аяқсыз қалды. Бұл да менің жаныма батты. Осыдан кейін мен жолым түскен сайын, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне С.Бәйтереков атындағы байқауды қайтадан қолға алу қажеттігін айттым. Бұл тұрғыда оңтүстікте әкімдердің жиі ауысатындығы да, істің тезірек шешілуіне кедергі болды.

Осындай ұсыныстар жасау арқылы 2009 жылы күзде С.Бәйтереков атындағы байқауды оның туған жері Кентауда өткіздік. Дегенмен мұндай үлкен байқауды алдағы уақытта облыс орталығында өткізуді қолға алған жөн. Келешекте Жолан Дәстенов, Тілес Қажығалиев, сынды ме­нің әріптестерімнің атындағы бай­қау­лар өткізілсе құба-құп болар еді.

Бұл шара сол композитордың атын шығару үшін емес, оның атын халықтың жүрегінде мәңгі сақтау үшін өткізілетінін ұмытпағанымыз жөн.

-Шығармашылығыңызда соңғы уақытта қандай жаңалықтар болды?

–Мен ананы істеп жатырмын, мынаны істеп жатырмын деп бәрін тізбектемей-ақ қояйын. Ең бастысы – Мен тірімін. Тірі болғандықтан өнерім жалғаса береді. Қоржыныма туындылар қосыла береді. Қазір жазған әндерім сахнада орындалумен қатар, пьесаларға жазылған мюзикльдарым театрларда қойылып жүр. Мұны әсіресе жастар жағы білуге тиіс. Соңғысы күні кеше М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда қойылды. Жалпы менің туындыларым, Қазақстанда ғана емес алыс-жақын шетелдерде де орындалып жүр. Бұл мен үшін қуаныш әрине. Өмір барда өнерімді тастамаймын. Сондықтан шығармашылықта күніге болмаса да, араға көп уақыт салмай жаңалықтар жиі болып тұрады. Құдайға шүкір деймін. Осы уақытқа дейін жазған дүниемнің біреуі үстел үстінде қалып кетпеген. Я болмаса, өзім менің мына әнімді орындашы, деп тірі жанға өтініш айтып көрген емеспін. Мұның бәрі әуелі Алланың, сосын өзімнің еңбегімнің арқасы деп білемін.

– Қазақ эстарадасындағы жас әншілердің қайсысының болашағынан көп үміт күтесіз?

– Енді бұрынғы әншілердің біразы менің әнімді айту арқылы халықаралық және республикалық конкурстарға қатысып жүлдегер атанып, елге танылып жатыр. Кейінгі толқыннан Жұбаныш Жексенұлының шабысы дара дер едім.

Сонымен қатар жастар арасынан Нұржан Қалжанның да дауысы ерекше. Бір қызығы – екі әнші де менің «Өкінбе сен» атты әнімді орындайды.

Ж.Жексенұлының репертуарына жақында менің «Достар-ай» атты жаңа әнім де енді. Бұл ән менің өмірден озған Ж.Дәстенов, С.Бәйтереков, Т.Қажығалиев сынды достарыма арналған еді. Шын таланттар болса мен қашан да қолдауға даярмын.

– Өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, жақсы жар, жақсы әке бола алдым деп ойлайсыз ба? Әттеген-ай дейтін тұстарыңыз жоқ па?

– Өнер жолы расында да ауыр жол. Себебі, өнерге келген адам күндіз-түні еңбектену керек.

Ол үшін саған жағдай жасалуы керек. Менің бар жағдайымды жасап отырған үйдегі Баян жеңгелерің. Ол кісінің мамандығы – дәрігер. Ауыра қалсам емдеп, жазатын да сол кісі. Бүгінде тірі жүргенім, бірінші Алланың, екінші сол жеңгелеріңнің арқасы дер едім. Құдайға шүкір деп айтайын, отбасында ардақты жар, аяулы әке, немерелеріме ата болып отырған жайым бар. Жалпы өзімді бақытты жандардың қатарына жатқызамын.

Аға буын өкілі ретінде бүгінгі жастарға деген тілегіңіз…

– Жастар өнерге келерде ойланып келсе екен деймін. Өнер жолы өте ауыр. Бұл жолда жүріп еңбек ету, қиынның қиыны. Осы жолға түстің екен, сүрінбеймін десең, білегіңді сыбанып, тек қана еңбек етуің керек. Еңбексіз ешкім де жеңіске жете алмайды. Осы нәрсе жастардың жадында болса деймін.

– «Жас қазақ үні» газетіне биыл 10 жыл толып отыр. Біздің газетке деген тілегіңізді, пікіріңізді білсек…

– «Жас қазақ үні» газетінің тыныс-тіршілігемен хабардармыз. Газет ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін. 10 жасқа толған «Жас қазақ үнін» туған күнімен құттықтаймын. Тек қана шындықты ту етіп алға жылжи берсін. Мемлекетімізді әлемге танытатын өнер мен спорт емес пе?! Мәселен, біз Германияны Л.В. Бетховен арқылы білсек, Д. Верди арқылы Италияны білеміз. Сол сияқты өнері арқылы қазақ халқын бар әлем танитын күнге жетейік. Бұған «Жас қазақ үні» өзінің үнін де, үлесін де, қосып жүре берсін дегім келеді.

«Жас қазақ үні» газеті атына сай өнерге ұмылған жастарға дұрыс бағыт-бағдар береді деп сенемін. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Әңгімеңіз үшін рахмет аға!

 

Сұхбаттасқан 

Гүлмира САДЫҚОВА

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз