Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Өмірияев 10 жылға сотталды
2014 ж. 16 қазан
1727
0
Қазақстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары тілшісі сот залынан.Сот Өмірияевты Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 311 бабы 5 бөлімі (Пара алу) бойынша айыпты деп таныды. Оған тиесілі мүлкін тәркілеумен қатаң режимдегі түзету колониясында 10 жылға жазасын өтеуге шешім шығарылды.
Өмірияев сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызметті атқару құқығынан 7 жылға айырылды.
"Жазаны өтеу мерзімі оның ұсталған кезі, яғни 2013 жылғы 21 желтоқсаннан бастап саналады", - деді судья Ербол Рахымбеков бейсенбіде.
Сот процесі Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Өмірияевтің қорғаушылары Владимир Русин және Серік Хайруллин болды.
2013 жылғы 21 желтоқсанда жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңіске жетуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Өмірияевті ұстаған болатын.