Қазақстанның ипотекалық нарығы дағдарыс алдында тұр
2014 ж. 15 қазан
1507
0
Мемлекеттік сот орындаушылары ипотекалық несиеге баспана алып, қарызын қайтара алмағандардың үйлерін заңсыз тартып алып жатыр. Мұндай мәлімдемені "Заң ақиқат" заңгерлік серіктестігінің мамандары баспасөз мәслихаты барысында жариялады.
Айтуларынша, сот орындаушылары соттың шешімі шықпай жатып, борышкерлердің жеке мүлкіне қол сұққан. Ипотека алып, аузы күйген бірнеше адамның ісін қарастырып жатқан заңгерлер мемлекеттік сот орындаушылары мүлікті тартып алу туралы соттың шешімі жоқтығына қарамай, борышкерлерді жалғыз баспанасынан айыруда деп арыздануда.
Екінші деңгейлі банктер де қарызға батқан адамдардың "шама-шарқым жеткенше бөліп төлейін" деген өтінішіне құлақ аспауда дейді жиналғандар.
Талай жылдан бері банктермен бітімге келмей жүрген "Халыққа баспана қалдырайық" қоғамдық қозғалысының белсенділері де қаржы институттары екі қайтара девальвацияға түскен адамдардың жағдайын ескерместен, оларды жаппай баспанасыз қалдыруда дейді.
Қаржы институттары ипотекалық несие туралы шарт құрғанда борышкерлердің білместігін пайдаланып, өздеріне тиімді, пайыздық үстемесі молырақ "аннуитеттік" төлем түрін таңдайды деп ашынуда.
