КУЛАГИННІҢ КОМАНДАСЫ ЗАҢ БІЛМЕЙ МЕ?!.
2014 ж. 14 қазан
2332
8
«Қазақ Үні» газеті мен «Qazaquni.kz» ұлттық порталы редакциясына Ақмола облысы тұрғындарынан елді-мекендердегі шешімін таппай келе жатқан мәселелер бойынша хаттар келіп түсуде.
Осыған орай редакция Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N 451 Заңына сүйене отырып, 2014 жылғы 9 қазанда Ақмола облысының әкімі С.В. Кулагиннің атына ресми сауал жолдаған болатынбыз. Журналистік сауалға Сергей Витальевич аталған Заңның 18-бабына сәйкес 3 күннің ішінде, яғни 13 қазанда жауап беруі тиіс еді. Алайда жауап жоқ. Облыс әкімдігіне хабарласқанымызда журналистік сауалға облыстың көлік, энергетика және құрылыс басқармалары атынан Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауап беретінін айтты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласқанымызда басқарма мамандары журналистік сауалға ҚР Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы Заңға сәйкес келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралып, жауап берілетіндігін айтты. Алайда Кулагиннің мамандары «Қазақ Үні» газеті мен «Qazaquni.kz» ұлттық порталы бұқаралық ақпарат құралы екендігін, осыған байланысты редакцияның жолдаған журналистік сауалына ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңына сәйкес үш күннен кешiктiрмей жауап беруге мiндеттi екенін түсінбеді ме, түсінгілері келмеді ме, өздеріне ғана аян. Айтпақшы, біздің сауалға жауап беру көлік басқармасының маманы Дудар Сағитовқа тапсырылған екен. Ал басқармадағылардан Сағитовты сұрастырсақ оның еңбек демалысында екенін айтты. Біздің білгіміз келгені, Сергей Кулагиннің командасы Заңдарды білмей ме әлде ажырата алмай ма? Басшылық қызметте отырғандар қоластындағылардың қайда екенінен бейхабар ма, әлде не? Редакцияның басты мақсаты журналистік сауалға тиісті түрде жауап алып, оқырмандарына жеткізу екенін түсінсе дейміз. «Қазақ Үні» газеті мен «Qazaquni.kz» ұлттық порталы редакциясы оқырман сауалдары мен өтініштерін назарға алмай қоймайды. Бұл бағыттағы жұмыстар үнемі жалғасып отырады. Сондықтан өзіңізді мазалаған сауалдар болса бүгіп қалмаңыз, бізге хат жолдаңыз.
Назарларыңызға Ақмола облысының әкімі С. Кулагиннің атына жолданған хатты ұсынамыз:
«1. Редакцияға шағымданған аудан тұрғындарының айтуынша, Астана іргесіндегі Қоянды ауылында қар тазалау жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған. Осыған дейінгі жылдарда жолдарды қар басып, дер кезінде тазалау жұмыстары жүргізілмегендіктен ауыл мен Астана арасында қатынау мүмкін болмай қалған. Осындай келеңсіз жағдайлар алдағы қыста қайталанбас үшін қандай жұмыстар атқарылуда? 2014-2015 жылғы күз-қыс мезгілінде қар тазалауға қанша қаражат бөлінді? Оған қандай мекеме жауап береді? Осы бағытта жүргізіліп келе жатқан жұмыстың нәтижесі қандай?
2. Қоянды ауылының тұрғындары елді-мекенде ауыз су мәселесінің шешілмегенін, сапасы күмәнді суды құдықтан алып ішіп жүргендерін айтып шағымдануда. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Целиноград ауданында және жалпы облыста қандай шаруалар атқарылып жатыр? Бұл бағытта бөлінген қаржы көлемі қанша, бюджеттік қаржының мақсатты игерілуі қандай деңгейде? Халықтың таза ауыз суға жарымай отыруына кім кінәлі? 3. Қоянды мен Астана арасындағы қоғамдық көлік қатынасы дұрыс жолға қойылмаған. Тұрғындар таңертең жұмыстарына такси жалдап баруға мәжбүр. Автобустардың жүру аралығы бір сағатқа жуық. Бұған қоса маршруттағы автобустардың аздығынан тұрғындардың қоғамдық көлікке сыймай, далада қалып, келесі автобусты сарғая күтулеріне тура келеді. Бұл өңірдің қысы қатал. Қақаған аяз, боранды күндері сағаттап автобус күту оқушылар мен балаларды айтпағанда, ересек адамдарға да оңай емес. Бұл мәселелер қашан және қалай шешілмек? Осындай келеңсіздіктерге кім жауап береді?».