Қаржы полициясы екі жыл бойы қайда қарап келген?

Батыс Қазақстан облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жеке кәсіпкер Жанар Жаркееваға қатысты қылмыстық істі тергеуді тәмамдады. Аталған азаматша 2008-2009 жылдары арнайы рұқсатсыз (лицензиясыз) Шыңғырлау ауылында орналасқан май құю стансасы арқылы мұнай өнімдерін сақтау және өткізумен заңсыз айналысып, 7 млн. теңгеден астам пайда тапқан.

Бөрлі аудандық сотының үкімімен Ж.Жаркеева ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлімі «б» тармағы (кәсіпкерлікпен заңсыз айналысу) бойынша  кінәлі деп танылып, оған 7 айлық жалақысы мөлшерінде  айыппұл салу және мемлекет пайдасына 7 млн. теңге өндіру белгіленді.

Сонда екі жыл бойы тексеруші орындар мұрындарының астын­дағы май құю стансасының заңсыз жұмыс істеп отырғанын байқамай келген дегенге кім сенеді?..