ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ БІЛДІРДІ
2014 ж. 09 қазан
1451
1
Сенатор Нұрлан Оразалин баспанасыз, «жетім бұрышты» жағалап, кісі есігінде күнелткен журналистердің жағдайын жоғары жаққа жеткізбекші. Премьер-министрдің атына сауал жолдап, Үкіметтен бұқаралық ақпарат қызметкерлеріне пәтер бөлуді сұрады. БАҚ қызметкерлерінің сойылын соққан алғашқы сенатор екенін де ерекше айта кетуіміз керек.
Әдетте, өздерін жиі-жиі сынға алатын қауымды билік басындағылар ұната бермейтіні жасырын емес. Тілші десе, төбе шаштары тік тұрып, қырысып-тырысып қалатын әкімсымақтар оларға баспана бермек түгілі, бір қадам қасына жолатпауға тырысады. Ашығын айтсақ, бүгінгі журналистердің атағы дардай болғанымен, тұрмыстық жағдайлары жұрдай. Баспасөз туралы заң қауқарсыз, әлеуметтік мәртебесі де нақтыланбаған, мемлекеттік, бюджеттік қызметкер қатарына да кірмейді. Соның салдарынан бірде-бір мемлекеттік бағдарламаға іліккен емес. Халықтың жанашыры болғанмен, биліктің көзіне шыққан сүйелдей болды қалам ұстаған қауым. Ақиқатты айтамын деп басын қауіп-қатерге тігіп жүрген тілшілердің мұң-зарына шенеуніктердің бұл жолы да құлақ аса қоюы екіталай. Себебі бұл мәселе соңғы 10 жылдан бері айта-айта әбден жауыр болған. Ал, сенатор Оразалин әріптестеріне тым құрыса, жатақхана салдыртпай тынбаймын дегендей сыңай танытып отыр.