ИМАНҒАЛИДЫҢ ИМАНДЫ ХАТЫ Ясауи кесенесін сақтап қалды...

d18fd181d181d0b0d183d0b8

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим!

Заман азды ма, қоғам азды ма, әлде адам азды ма, мына өтпелі қоғамның екі күнінің бірінде  жағымсыз жайды естімесек құлағымыз қалқайып шыға келетін болды.   Осындай  бір әңгімені естіген соң, амал жоқ, бізге де атой салып шығуға тура келді.

Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, «Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы», рухани астанасы. Қаланы осындай абыройға жеткізіп отырған қала орталығындағы әлемдік сәулет өнерінің інжу-маржанына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені ешкімге дау тудырмаса керек. Өткен тарихымыздан мұра қасиетті жалғыз шаңырақ тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізбесіне енгізілді. Күмбезі көк тіреген көркем кесене ел мәдениетінің өткен тарихы ретінде әлем халықтарын мойындатты. 1989 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып қайта құрылып, ережесі бекітілгеннен кейін 88,7 га. қараусыз жатқан көне шаһардың орыны мемлекет қарауына алынып, музейдің қорғау  аймағына енгізілді. Бұл қорғау аймағының асты тұнып тұрған тарих... 

 

Бір сөзбен айтқанда,  қасиетті кесене «Әзірет Сұлтан» еліміздің  асыл мұрасына айналды. Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жәдігерді күтіп ұстау бәрімізге сын. Осы орайда соңғы он-он бес жыл көлемінде  сақтық шараларымен біраз шаруалардың басы қайырылған сияқты болды. Сырт көз  солай ойлайды. Шындығы қалай?. Шынымен-ақ асыл мұрамызға бүгінгі талап тұрғысында  сақтық шаралары жасалып отыр ма?.. Жасалып отырса бүгінгі таңда Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігі  құрылып, қала халқы неге дүрліге бастады?.. Іле, осы бірлестік жұмысын белгілі ғалымдарымыз Рахманқұл Бердібай, Құлбек Ергөбек, Досан Кенжетай, Түркістан қала­сының ақсақалдары Жарыл­қасын Әзіретберген, Елтай Бимағанбетов бастаған үлкен топ  қолдап, елді «Ясауи кесенесін аялайық, ағайын!» атты республикалық қайырымдылық акциясын өткізуге шақырған үндеу тастауын қалай түсінеміз?

Бәріміз білеміз, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасында үкіметаралық келісім жасалып, 1993-2000 жылдар аралығында Түркияның «Вакиф иншат»  фирмасы, түрік мемлекеті бөлген 20 миллион долларға жуық қаржыға «Казпроектреставрация» институты жасаған құжаттарды басшылыққа алып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне күрделі реставрация, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Бұл қыруар іс болатын.

Содан бері небәрі он-ақ жыл уақыт өтіпті. Алты ғасыр бойы күрделі жөндеусіз-ақ, бүгінгі күнге  аман сау жеткен кесене басына, осы жөндеуден өткеннен кейінгі аралықтағы он жыл көлемінде  не  күн туа қалды?..

Бақсақ, түрік ағайындар жасаған күрелі жөндеуден соң кесененің фундаменті үстіне горизанталды гидролизация жұмыстары жүргізілмеуі салдарынан қазір қабырғалары ызаланып, құздана бастапты. Көтерілер ыза мен тұзға сақтық шаралары жасалмауы салдарынан - қаланған кірпіштердің үгітілуіне, оның сапалық құрамының нашарлап езілуіне әкеліп соққан. Бұдан кесене үстіндегі үлкен күмбездің қазір құлап түсу қаупі туып отыр. Бұл күмбездегі гипс құймаларының салмаға 300 тоннадан жоғары. Егер күмбез құлап түсер болса, ондағы ішкі ауа қысымынан кесененің қандай күйге түсетінін көзге елестетудің өзі қорқынышты...

      Кесене басына үйірілген осы дабылдан нақтылы қорытынды шықпай жатқанда, кейбір қара басының жағдайын күйттеген, берекесіз  «белсенділердің» бассыздығынан,  тағы да түрік ағайындар,  Әзірет Сұлтан кесенесінен 140 метр жерден  2000 орындық мешіт пен 4 пәтерлі 15 коммуналдық үйдің құрылысын  жау қуғандай  екпінмен, асығыс бастап кеткен. Құрылыста жүрген ауыр техникалар қозғалысынан жер де, жер үстінде тұрған Әзірет Сұлтан кесенесі де селкілдей бастаған. Бәріміз білеміз, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның  тізіміне енгізілген халықаралық және республикалық маңызға ие тарихи мәдени ескерткіш болғандықтан, оның қорғау аймағы көлеміне  ешқандай жаңа құрылыс түспеуі тиіс. Бұл заңдылықты бұзуға ешкімге құзыр берілмеген. Бұған қосымша ортағасырлық Түркістан қаласының тарихи мәдени орыны болашақта дүние жүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілуі жоспарланып қойған. Осы заңдылықтарды біле тұра түрік ағайындар  жаңа мешітті қасақана,  ортағасырлық қаланың тарихи бөлігі болып саналатын осы рабатқа түсіріп отырғанын қалай ұғынуға болады? Соңғы бес жыл көлемінде заңсыз жер сатумен бүкіл республикаға аты шыққан Түркістан әкімшілігіне қала маңынан қанша мешіт салса да жер жетерлік қой. Әлде біз білмейтін басқа есеп бар ма?.. Ел ішінде мұндай да әңгіме бар.  Кезінде осы түрік ағайындарға сеніп тапсырған қасиетті кесенемізді жөндеу және қалпына келтіруден тапқан «пайдамыз» әлі шекемізге тимей отырған сияқты. Осының салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан ортағасырлық көне Түркістан қаласының мәдени қабаттары жойылу үстінде. Нақтылы бір дәлел келтірсек, дәл қазір ортағасырдан бері белгілі Жәудір мешітінің қалдығына  зор қауіп төніп тұр. Мешіт маңынан Арыстанбаб бағытына түсетін автокөлік жолы да осы қала рабатының тап үстімен жүргізілмек. Оның да ескі қаланың мәдени қабаттарын қирату қаупін туғызып отырғанын, қала сәулетшілері қалайша назардан тыс қалдырған?..

 

Сұрастырып қарасақ, жаңа мешітті бастауға негіз болған басты құжат 03.03.2008 жылы Шымкент қаласында жасалған Түркия Республикасы Діни істер басқармасы тарапынан Түркістан қаласында салынатын мешіттің 16 баптан тұратын хаттамасы ғана екен. Хаттама  соңына Түркия Діни істер басқармасының төрағасы А.Бардақоғлы мен Қазақстанның бас муфтиі Ә.Дербісәлі қол қойыпты. Бірақ, құрылысты дәл осы кесене маңынан бастап кетуге  арнайы мемлекеттік уәкілетті органдардың  рұқсаты  болмаған. Сонда, Қожа Ахмет Ясауи қорығы үшін пәлендей маңызы жоқ,  бұл заңсыз құрылыстың басталып кетуіне қалай жол  берілген және кім берген? ЮНЕСКО мен Мәдениет ми­нистрлігінің есебіне өткен қо­рықтық жерлер жарғысында қорықтық жер ғана емес, оның жақын маңына ерекше құрылыс жұмыстарын салуға рұқсат етілмейтіндігі айтылған. Осы қағиданы біле тұра заңды белінен басып, қорық жерінен 2000 орындық жаңа мешіт салу үшін Түркістан қаласының бұрынғы әкімі Б.Сыздықов 05.06.2008 жылы №1468 қаулысын, бұдан қалыспай қосымша тағы да 4 пәтерлі 15 коммуналдық тұрғын үй құрылысын салу үшін қаланың қазіргі әкімі Қ.Молдасейітов 16.08.2009 жылы   № 2599  қаулысын  шығарған. Бұл өрескел заңсыздықтар оңайлықпен іске асқан жоқ. Қалайда, соңында қиянатшыл  тоңмойын бір дөкейлердің тұрғаны анық болатын.

Журналистік зерттеу барысында жаңа мешіттің құрылыс жұмыстары заңсыз басталғаны анықталып, біраз басылымдарда мақалалар жарияланды.

 

Әрине, журналистер жазады, бірақ соңғы кезде көпшілік  БАҚ беттерінде жарияланған сыннан қорытынды шықпай да қалып жүргені және рас қой. Әдетте, мұндай маңызды  мәселеге ел тізгінін ұстаған қайраткер азаматтар араласпаса мәселе қаншалықты маңызды болғанымен, жедел өз шешімін таба қоюы екіталай.   

    Осы мақалалар әсері ме, әлде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Ф. Бандарин мен ҚР Мәдениет министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры М.Садықбековтың өз атына жазған сұранымы ой салды ма,  ҚР ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі  Иманғали Тасмағанбетов өзінің елге таныс имани азаматтығымен 14.06.2010 жылы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтың атына «ЮНЕСКО-ның қорғауындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы құрылыс туралы» шұғыл шара көруді сұрап екі беттік имани хатын жолдады. Хатта осы мақалада айтылған жайлар түгел қамтылумен бірге үкімет басынан орын алып отырған заңсыздықтың және вандализмнің  жедел тоқтатылуы талап етілді. Бұл хат бойынша К.Мәсімов Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед, ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агентігі төрағасы С.Нокин, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзахметовке шұғыл тапсырма беріп, ЮНЕСКО қорғауындағы кесене маңынан рұқсатсыз салынып жатқан мешіт құрылысын жедел тоқтату және істелген шаруалар туралы 25 маусымға дейін ҚР ЮНЕСКО мен ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық қомиссиясы мен ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросына хабарлауды міндеттеді.... Осылайша  имандылығы мол Иманғали Тасмағанбетовтың арқасында қаншама адамды     әуре-сарсаңға салып қойған Түркістандағы бір дүрбелең басылғандай болып отыр...

Р

ахмет саған, Иманғали!  Иман­ғалимен қоса осы жәдіге­рімізді қорғауда жан-тәнде­рімен шырылдап араша сұрап жүрген осы қорықтың бұрын­ғы басшысы А.Сафуллин мен бүгінгі бас шырақшысы М.Садық­бековтерге де рахмет айта кеткіміз келеді. Еліміздің асыл мұрасы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көзіміздің қарашығындай сақ­тайық, ағайын!    

                                                       

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

Жазушы, «Қазақстан қажылары» діни

бірлестігінің төрағасы