Қазақ елінің мақтанышы МУЗЫКАСЫ ЕДІ...

d29bd0bed0b1d18bd0b73

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

 Абай

 

« Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй»,- демекші жүздеген жылдар өтсе де, мұқалмай, сыны қашпай, саф күйінде сақталып келе жатқан халқымыздың асыл мүлкі- ұлттық өнері. Иә, қазақтың ұлттық болмысын, қазақтың қазақ екендігін әлемге паш еткен кешегі Әміре, өнері үшін күміс медаль таққан Тәттімбеттің де серігі болған домбыра. Ойлап қарасаңыз, біздің қобыз, сыбызғы, сазсырнай, домбыра секілді аспаптарымызда еркін даланың арыны, арғымақтың шабысы, табиғаттың тылсым үні жатыр.

«Әннің де естісі бар, есері бар» депті хакім Абай. Кейбір әуендер ерекше әсер етіп, жүрегіңді толғандырса, кейбіреуі керісінше жүйкеңе кері әсерін тигізеді. Жақсы әуенді нашарынан ажырата білу талғам жайын ан хабар бергендей.

Бір данышпан: «Бір ел мәдениетін білу үшін, алдымен оның (музыкасын) әнін тыңда» деген екен. Осы сөзді өзімізге сұрақ ретінде қояр болсақ қазіргі таңда телеарналарымызда Бионс, Бритни Сприс, Женифер Лопестің аш-жалаңаш, мән-мағынасы жоқ жателдік бейнеклиптері қаптап кеткен. Мұндай сорақының көрермені болып отырған жас ұрпақ ертеңгі күні жамандық ойламаса, жақсылық ойлайтына кім кепіл?!...

 Белгілі компазитор, жазушы, саяси қайраткер, қазақ музыкасының жанашыры Хасен Кәрімжанұлы Қожа- Ахмет ағынан жарылып былай дейді:

 Ұлттық  сипатынан жұрдай болған қазіргі кезеңдегі музыкалық өнеріміз «ұлттық ортақ рухани нәр» міндетін атқара алмасы белгілі. Сөйтіп, шынымен-ақ, қазақ халқын сан ғасырлық тарих шырғалаңдарында ұлт ретінде ұйыстырып, жойылтпай бүгінгі заманға жеткізуде маңызы орасан музыкалық өнеріміздің ақыры осылайша - жателдер әуендеріне еліктеумен тәмам болғаныма?!... Қазақ енді не істеуі керек? «Бәрін бүлдіріп кеткен отаршылдар!» - деп, өткен тарихқа жауып, жағдайымызды түзетуге кіріспей ренжіп, бүлінген күйі бүк түсіп жата беру, түбі, қазақты ұлттық суицидке апартыны анық. Сондықтан, жат елдің отарына түспей, тәуелсіз мемлекеттігін сақтай алардай, бірлігі бар ұлт болып қалғымыз келсе, ұлт тамырын бекем етуге аса қажет рухани құндылықтарымызды түзетіп жедел қолға алуға тиіспіз. Қазақ өзінің ұлттық ғұмыры ұзақ болсын десе – музыкасын космополиттік қойыртпақтан арылтып, ұлттық негізіне оралтып, халқымыздың бірлігін нығайтатын рухани қаруына айналдыра алады. Бұл үшін Мәдениет министірлігінде «Ұлттық музыка департаментін» ашып, қазіргі «Мәдениет туралы заңның» ұлттық өнерді дамыту жөніндегі тармағын негізге ала отырып мынадай шараларды іске асырса:

1. Астанада және Алматыда, сондай-ақ, Қазақстан Композиторлар одағы бөлімшелері бар басқа да қалаларда қазақтың ұлттық музыкасының теориясынан білімі жеткілікті музыка зерттеушілері, композиторлар, орындаушылардан Көркемдік кеңестер құрып, олар:

- композиторлардың жаңа шығармаларын тыңдап, ұлттық сипаты барларын ғана радио, теледидар, концерттер, үнтаспа, т.б. арқылы насихаттауға авторларға жолдама берсе;

- орындалып жүрген космо­по­литтік әндерді, мәтіндегі екпіні қазақ тілінің заңын бұзатын әндерді қайтадан сұрыптаудан өткізсе, редакциялауға келмейтін­дерін насихаттауға тыйым салынса;

2. Музыка департаменті және Білім министірлігі бірлесе отырып:

- жалпы білім беретін мектептерде сапалы бағарлама жасау;т.б. шаралар арқылы қазақтың ұлттық музыкасының оқытылу деңгейін көтерсе;

- еліміздегі барлық арнайы орта және жоғары оқу орындарында музыка мен басқа да өнер саласынан жалпы мағлұмат беретін пән енгізілсе;

-      арнайы музыкалық оқу орындары үшін қазақ музыкасының теориясы (еуропалық теориясының аудармасынан өзге), тарихы т.б. оқулықтар шығарса;

- оқу бағдарламасына әлем­дік классиктермен қатар, қазақ композиторларының шы­ғар­малары 50 де 50 көле­мінде енгізіліп, орындалуы заңдас­тырылса.

Егер қазақ халқы жер бетінде толыққанды ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатпасын десек, қисайса да құлай қоймаған оның рухани тұғырының бірі - ұлттық музыкамызды түзетуді ел болып қолға алайық. Бұл үшін:

Барша қазақ патриоттары! Жателдік қоқыстан сананы тазарту үшін қазақтың ұлттық музыкасын тыңдауға көшіңіздер!

Қазақ композиторлары! Халқыңның алдындағы жауапкершілігіңді ұмытпай, ұлттық сипаттағы музыка жазып, Біржан сал, Ақан серілердің аманатын орында! Әлемдік музыкадан тәжірибе алсаң да, оны санаңда қорытып, қазақша етіп қана халыққа насихатта!

Қазақ әншілері! Талғам жоғары болсын! Не болса, соны орындай бермей, шығармада ұлттық негіздің бар-жоғын зерделеп алып қана әнді халқыңа жеткіз!

Ертеңгі күні «ұлттық өнері жоғалған ел тарих сахнасынан жоғалдының» кебін киіп жүрмейік. Мұнда қазақ ұлтының бүтіндей бір қазынасы жатқанын ұмытпайық!

 

Әйкерім Ердәулетқызы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті.