Жалға алынған, жағдайы жоқ медпункт

0
748

Шымкенттегі бұрын «Нахаловка» деп аталынып кеткен, бүгінгі «Сәуле» мөлтекауданының  құрылғанына  30 жылдан асса да мұнда тұрып жатқан тұрғындардың жанды жеріне тиетін  мәселелері шаш-етектен екенін сырт көз біле бермесе керек. Әлгі жанды  жері туралы сөз қозғала қалғанда  бұл шеткі мөлтекаудан тұрғындары ағынан  ақтарылады. 10 мыңнан астам халқы бар «Сәуледе» шешімін   таппаған мәселелер көп.

      Соның ең бастысының бірі – медпункт мәселесі. Денсаулық сақтау саласы оңтүстікке аяғынан енді-енді тік тұра бастады. Дегенмен бұл саладағы олқылықтардың орны әлі де ойсырап тұр. Мәселен Әл-Фараби ауданына қарасты «Сәуле» тұрғындары жалға алынған, іші суық медпункттің аянышты халін ашына, жылай айтады. Осы жөнінде Қазығұрт мөлтекауданындағы бірінші отбасылық емхананың (СВА-1) бас дәрігері Фарида Мергенбайқызына жолыққанымызда, ол кісі былай деді:

Сәуледегі» медпункт жалға алынған, бір кәсіпкердің үйінде орналасқан. Ол кісі медпункттің бас дәрігерінің ағасы. Мен былтыр 2009 жылы оған жалға алынған ғимаратқа жөндеу жүргізіп, телефон, су, жылу, жиі өшетін жарықтың өшпеуін бас дәрігер арқылы жеткізгенмін. Алайда ол ғимарат үшін 2008 жылы төлем төленбегенін, сондықтан ағасының жөндеу жұмысын жүргізбейтінін айтты, содан мен сұрастыра келсем жылына 262 мың теңге төлейді екенбіз. Мен өзі ол кезде Қазығұрт мөлтек ауданыны СВА-1 ге бас дәрігер болып келгеніме көп бола қойған жоқ еді. Қазір, міне, құдайға шүкір, сол 262 мың теңге төлемақыны төледік. Төбесі құлап тұр еді, сәл-пәл жөндедік, ішіне су ағып көгеріп кеткен жерлерді біршама ақтап, сырлап, жамап қойдық.

Мен өзім депутат ретінде, ақ халатты жан ретінде облыста, қалада, ауданда болған басшылармен жиналыстарда ауруханалардың, медпункттердің жағдайын жиі көтеріп жүремін. Енді құдай қаласа Қазығұрт мөлтек ауданынынан 2010 жылдың жоспарына сәйкес үлкен аурухана салынса, «Сәуле» мөлтек ауданынан емхана бой көтереді деп күтілуде. Бары жаймен ретке келіп жатыр. Бұған аса дауғырудың қажеті жоқ, Назипа ханым.

Ал бұл жөнінде мөлтек аудан тұрғындары не дейді? Айгүл Абдрахманқызы:

-Алдын медпунктке кіргенде төбесі құлай ма деп қорқатынбыз. Қазір төбесін жөндеп қойыпты. Осы ғимаратты жалға алып отырғанына 9-10 жыл болып қалды. Бұдан алдың дәрігердің үйі емхана еді. Кейінен мөлтек ауданының адам білмейтін, білсе де оңайлық пен жете алмайтын шетінен жалға алды. Оның үстіне жарық жиі өшеді. Қыста суық, электр пешінде не жылу болады? Ал көмекті дер кезінде шақырайын десең, телефоны жоқ. Суды шеттен тасып, бетін ашық шелекпен қояды. Мұнда қандай тазалық бар? Адам қорқатын бұрышта орналасқан, жан-жағының барлығы автопарк. Тағы өзі мазардың жанында.

-Жоғарыда отырған таққамінер, ат­қамінер ағаларымыз – бізге де көңіл бөлсе екен. Дәрігерлік емханамыздың күйі мынау,- дейді. Шарафудин Жарылғапұлы.

– Жалға алынған ғимараттың іші суық. Кейбір ауылдағы медпункттің ішіне кірсең шыққысыз. Оның тазалығы мен сұлулығына қарап отырып айығасың. Ал, біздің медпунктіне емделуге барсақ жаурап, өзі сырқат адам одан бетер ауру болып шығады. «100 аурухана, 100 мектеп, жол картасы бағдарламалар бойынша жаңа заман талабына сай медпункт салып берерсіздер » деп басшылардан үміт күтеміз.

Осы медпункттің жағдайы мәйда-шүйде болып көрінгені қызық. 10 мыңнан астам халқы бар «Сәуле» мөлтекауданының тұрғындары өздеріне қажетті медициналық көмектің заман талабына сай болғанын қалайды. Медпункт жағдайын көзімізбен көріген соң, біз Әл- Фараби аудан әкімінің алдына барған болатынбыз. Әкім өз орнында жоқ болған соң бізді әкімнің орынбасары Мухитдин Қожанқұлов мырза алдына шақырды. Ол кісі «Сәуледегі» медпункттің құлағалы тұрған аянышты жайынан хабары барын жеткізді. Аурухана салу осы жылдың жоспарында бар екенін айтып жауап берді.

Бірақ, бұл аурухана мен емхананың қашан салынары белгісіз болып отыр. Мөлтекаудан тұрғындары «шықпа жаным шықпаның» күйін кешуде.

 

Нәзипа Мамықова

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз