ОЙ КЕНІШІН ИГЕРГЕН ҚАЛАМГЕР

d293-d0b1d196d0bbd399d0bb

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

 Теріскейінсіз күнгейі көңірсімейтін бұл өмірде әлдебір қиналыссыз, моншақтаған ащы терсіз кімде-кімнің саусағына жеміс дәні ілінбек емес.

Нендей қиын іске ой жұмсаудың қол жұмсаудан да қышқылддау тиетіндігін өмір сынды энциклопедиядан есті жандар тіптен ұғынған-ды. Ешкімнің мәжбүрлеуінсіз-ақ осы қиынға ой жұмсауға зәру болған еңбеккердің бірі жазушы десек, сол қатардан өмірді күзете отырып, тарихтың сарсаң жолына оймен сапар шегіп, кесім жасар болашақ көмбесін қиялмен шолған, бүгінгі адамзат тірлігінің астарына үңіліп, ұрымтал жайларға араласып кеткен, сүйте жүріп салмақты да құнды туындыларды оқырман алдына жайған Ғаппар Біләлұлын табар едік.

1938 жылы қазан айының жаймашуақ күндерінің бірінде суы шәрбат, ауасы бал, шөбі шүйгін, түгін тартса май шығатын, қойнауы құт Майлы тауында қауқарлы малшы отбасында «ақ түйенің қарыны жарылып» Ғаппар дүниеге келді. Ал, Ғаппардың әкесі Біләл өзіндік дәні, алдынан малы кетпеген, көргені мен көңіліне түйгені мол, зерделі ел ағаларымен үзеңгілес, оларға ақылшы болып жүретін сөзге шешен әрі білімді адам еді. Сол кезде Толы сахарасында «Үш пысық» атанған үш адам бар еді. Сол үш пысықтың біреуі осы Біләл болатын. «Әке балаға сыншы» ғой, балаларының ішінде қаршадай Ғаппар әкесінің айтпаса еркіне қоймай, «әке, ертегі айтшы» деп қыстың ұзақ таңында әкесін мазалайтын. Зерек те зерделі ұлының ертеңгі болашағынан үмітті әке «осы ұлым бірдеңеге жарар» деп жиын-топқа бірге апарып, өзі оқып, көңіліне тоқыған Абай мен Жамбыл өлеңдерін үйрете жүретін. Кейін оқу жасына еркін тола қоймаса да өзі ертіп барып мектепке берді. Ол мұнда сол кездегі мектептің белді ұстаздары атанған көрнекті ақын-жазушы марқұм Омарғазы Айтанұлы, марқұм Ғабдылахат Салтантайұлы сынды дарынды ұстаздардың тәрбиесінде қанатын ұштады. Сөйтіп әдебиетке деген құштарлығы артты. Оларға еліктеген жас Ғаппардың қолтығынан кітап түспей әр нәрсені ұғынып, одан өміршең ой түюге талпынды. Өзі оқыған кітаптардағы жағымды кейіпкер өнеге алып, маңдайы жарылған батыр, таңдайы жарылған шешен болуды армандады.

«Наурыз - суымен,

Көкек - нуымен,

Мамыр - гүлімен» жарасымды болатыны сияқты, адам - ұстазбен адам. Ұстаздың осындай ұлылығын терең ұғына білген Ғаппардың бала көңіліне ұстаз болсам деген арман бірінші болып ұяласа, оның көкірегіндегі екінші бір асқақ арманы – жазушы болу еді. Осы екі арманның асқарына шығуды ойлаған ол ізденістің арқасында өзін жетілдіріп, мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап-ақ өлең жаза бастады. Тырнақалды туындылары мектептің қабырға газеттерінде жарияланып, талап тайына қамшы болды. Қанды қауырсыны құрғап біртіндеп қатаюға бет алды.

Орта мектепті тауысқан соң, Шәуешек педагогика иниститутынан білім алып бірінші арманы іске асса, 1955 жылдан бастап тұңғыш рет «ұстаз» деген ұлағатты есімді ұландар аузынан естіді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегенді Абай адамзатқа ортақ айтқан.

 

ҚЫСПАҚТАҒЫ ТАҒДЫР

 

 

Амал қанша, «тақиялы бас талайды көреді» деген рас екен. Көп өтпей-ақ 1958 жылы «оңшыл, ұлтшылдыққа қарсы күрестің» сұрапыл бораны Ғаппарға да соқпай кетпеді. Сөзге ерік тиген сол тұста дүлділдігімен танылған тұлпар, білгірлігімен көзге түскен азаматқа жаны қас, көзінде күлкі, көңілінде бүлік тұратын ұрда-жық, әпербақандар жағынан әшкереленген ақынның өзі жазған «Социализимге жетуге ғылым керек» деген өлеңнің басқы шумақтарында социализимнің абзалдылығы сөз болып, оған жетуге өгіз күштің шаңын жұтып жүріп жетеміз деу мүмкін емес, тек ғылым арқылы жетеміз делінген. «Талдаушылар» осыдан түйткіл табады да Ғапаңның басына осы өлеңі шоқпар болып үйіріліп, оңшыл қалпақ болып кидіріледі. Ол жабылған жалаларға басына тау құласа шыбын құрлы көрмейтін қайсарлық көрсетті, шындықтан таймады, жаза баспады. Әлем әдебиетіндегі жарық жұлдыздардың бірі Гоголь: «Надан адам еркін бола алмайды, неге десеңіз оған қарсы келіп отырғаны бейтаныс дүние» дейді. Ғаппар да осы парасатпен өзіне қарсы келіп отырған дүниені дұрыс таныды. Осылайша өмірдің жалтаңына шығарылып тасталған Ғаппарды азаптың алып алақаны қақпақылша қақты. Қай жерде ауыр еңбек болса сол жерге апарды. Аузы-басы қан-жоса болған жәбірленуші орнынан жер таяна түрегеліп, жапалы еңбектің батпан арбасына жегіліп, оны шиқылдата сүйрей жөнелетін. Өзегі талып, әлі құрып, қара қайыстай қатқан жансебіл жан сүлдері қалса да қайсарлық танытып ажал аузына түспеуді ойлады. Көпке лаң, көкке тұман ала келген «мәдениет төңкерісі» сынды «мысыққа ойын, тышқанға өлім керек» болған сол бір сүркейлі кезде, нағыз адам үшін ақиқаттың арқаны ұзындығын ұғынған ол «сұңқар ұшса - тұғыры қалады, бәйтерек құласа - түбірі қалады» деп білді. Сөйтіп, қайсарлығының арқасында қайта түлеп, белін буып бел асты. Осылайша қақпайға ұшырап, қағажу көрген 19 жылды артқа тастаған қаламгер еркін заманның ерке самалына көкірегін тосып, аққу-шабытын ақ айдынына қайта қондырды.

1979 жылы көңілінің қара бұлты айығып, абыройы қалпына келген Ғаппар Біләлұлы Тарбағатай аймықтық Толы ауданындағы әкімшілік, заң органдарында хатшы, адвокат болып қызмет атқарды. Ол қызмет барысында «аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы болуды» абырой санады.

 

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫНДА

 

 

 Ғ.Біләлұлы өмірге айқын көзқарас орнатып, айналысына қырағы көзбен қарап, ақындық алым, қалам қуаты арқылы жемей қоймайтын, жесе тоймайтын жеті қабат жетім қарынды қомағай, араны ашылған ашкөздік пен жемқорлықты, биіктеу жабықта он тиынның шеті көрінсе аяғымен адамды басып тұрып алуға арланбайтын арсыздықты, қара басының қамы үшін жанып жатқан өрттің ар жағындағыны алуға тартынбайтын тағылықты, арқаңды жауыр болғанша жалайтын жағымпаздықты, болмашы мәнсабына мастанып жүрегі кеудесіне, кеудесі шапанына сыймай жүретін көркеуде надандықты сексеуілдің шоғындай, өмірдің оғындай өткір тілмен өртеп, талмау жерінен көздеп атып ел алқауына бөленген сынайпер жазушы. Оның тырнақалды туындысы «Масылдықтың маманы» атты сатиралық өлеңі 1957 жылы «Шұғыла» журналында жарияланды. Ол содан тартып қыспақта жүрсе де қаламын тастамады. Әсіресе абройы қалпына келген соң, ұзақ жылдар бойы көңілінде көмулі жатқан асыл ойлары бөгеуді бұзған тасқындай жөңкіле жөнелді. Оның сахара тұрмысынан алып жазған «Дос аюлар», «Аш қасқыр», «Әттең, бір кебіс», «Жын» қатарлы әңгімелері қалың оқырман қауымның айызын қандырар өміршең туындыға айналды. Жоғарыдағы шығармаларды оқыған адамның кісілікке жат жиіркенішті қылықтарға тісі басулы, қабағы қатулы, жұдырығы түюлі күйге түспегені кем де кем шығар-ау.

А.Толстой: «Мен ескі дүниені қайта құру, жаңа дүниені жасау идеясымен шұғылданған совет жазушысымын. Мен дүниеге осымен көз жіберемін, сонда ғана дүниенің бейнесін айқын көремін. Оның маңызын да, өзара байланысын да, олардың маған, менің оларға деген көзқарасымды да түсінемін» деген еді. Бұл қандай ақын-жазушы болмасын, өмірмен, дәуірмен байланысты болатындығын, оған өзінің дүние тану көзқарасын қосып отыратындығын ұғындырса керек. Ал Ғаппар да өмірге үңіліп, көп ізденіп, кішкентай деталдар арқылы тартымды шығармалар жаза алды. Ғапаңның тағы да оқырмандар ішінде жақсы аңыз тудырып жүрген «Көкейтесті», «Ғарышнама», «Пенделер», «Ұлы дәрия», «Мақапхарата» қатарлы әңгіме-повестерінде оқырманды баурау қуаты күшті оқиғаларда халықтық тілдің сөз сұлулығы сараланып қолданылған. Оның 500- ден астам өлең, 15 дастан, 70-тен астам әңгіме-повест, 2 роман, 20 сын-зерттеу мақалалары Шинжияңдағы қазақ басылымдарында жарық көрді. Айталық, Шинжияң Халық баспасы жағынан «Қалжуыр» (1983ж), атты алғашқы әңгімелер жинағы, Ұлттар баспасынын «Дидар» атты өлеңдер жинағы, (1990ж), Іле Халық баспасынан «Күшәла» атты өлеңдер жинағы (1991ж), Іле халық баспасынын «Бидайық» атты әңгіме-повестер жинағы (1992ж), Шинжияң жастар-өрендер баспасынын «Періште және сайтан» атты әңгімелер жинағы (2002ж), Ұлттар баспасы жағынан «Жүректің жарлығымен» (1995ж) және «Ғасырлық қуғын» (1999ж) атты тарихи романдары жарық көрді. Мұнымен қоса, Батыс терістік әдебиетінде «Пенделер», «Есіңде болсын құрбылар» деген әңгімесі жарияланып, кейін ханзу тіліне аударылып басылды.

2005 жылы атажұртқа қоныс аударған жазушы бүгінгі күнде ШҚО, Үржар ауданы, Көкөзек ауылында тұрады. Ғаппардың жыл соңына қарай ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен «Ұлы дәрия» атты таңдаулы әңгіме-повестер жинағы жарық көрмек.

- «Ғасырлық қуғын» атты романымды славян әрпіне аударып, электронды нұсқасын дайындап қойдым. Осы еңбегімнің жариялануына, іргелі баспа орындары, қамқор азаматтар көмек қолын созар деген үміттемін»,- дейді туған халқына әлі таныла қоймаған алаң көңіл жазушы.

Ғ. Біләлұлының «Ұлы дәрия» повесіне қарасаңыз, байырғы Рим империясының аталуына еліктеп өзін Германияда Гитлердің қанды қолымен қалыптасқан неміс ұлтының кейінгі тағдыр тәлейі сізге қандай ой салар еді?

Жанқияр жазушының әр тақырыптағы шығармаларында жаратылыстық ортаның әлемдік сипат алған проблемаларынан тартып ерлікті, достықты, шынайы махаббатты, ізгілік пен зұлымдықты, әділеттілік пен зорлықты күшті тақырып еткен адами қасиеттермен қатар әр туындының жазылу қарсаңындағы әлеуметтік келелі мәселелерді өзгеше бояу, халықтық тілмен көрсетіп, өзіне тән қолтаңбасын айғақтап келеді. 1986 жылы Шинжияң халық радиосы оның «Аш қасқыр» атты повестін әуе толқыны арқылы жариялады. 1990 жылы Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» атты романы Шинжияң халық баспасынан жарық көрді. Ғаппардың «Аш қасқырында» көтерген ойы, үлкен арқауы Ш. Айтматовтың аталмыш романындағы қасқырлар тобы туралы айшықты ойлары бір арнада тоғысты. Демек, бұл екі жазушының бір тақырып көлеміндегі ой-қиял дүниесінің ғажап үндестігі деген сөз.

Осылай болғандықтан оның 1996 жылы «Бидайық» атты әңгіме-повестер жинағы «Таңдаулы шығармалар сыйлығын», 1993 жылы «Керуен жолы» атты әңгімелері «Шұғыла» сыйлығын, 1998 жылы «Басбай» атты әңгімесі жеті журнал редакциясы бірлесіп ұйымдастырған тұңғыш «Тұлпар» сыйлығын жеңіп алды. Ал 2002 жылы оның бір топ өлеңі Қазақстаннан шығатын «Әлем алманағы» жинағында жарияланып, жұртшылықтың жақсы бағасын алды.

Ғаппар Біләлұлының есімі Қытай елінің қазіргі заман көркемөнер шебіндегі әйгілі адамдар сөздігіне енгізіліп, басты еңбектері таныстырылған. Ол қазір Қытай мемлекетіндегі аз ұлт Жазушылар одағының, Шинжияң Жазушылар одағының, облыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігінің тұрақты мүшесі.Сондай-ақ 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып қабылданды. Мен қаламгердің шытырманнан шыңға құлаш сермеген соқтықпалы-соқпақты өмір жолдарына көз жіберсем болғаны, ойыма әлемдік әдебиет алыптарының бірі, ақын Байронға арнаған қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімденовтың:

«Осы екен ғой, осы екен ғой ой деген,

Осы екен ғой, ақын болып сөйлеген.

Көз алдымда от күреген алақан,

Көз алдымда көк тіреген бой көрем», - деген өлеңі оралып, ол Ғаппарға ғана арналып жазылғандай сезіледі де тұрады.

Иләйім, қаламың мұқалмасын, ой кенішінде тас басқан тарлан!

 

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ,

Алматы