АЛТАЙ МЫРЗА АЙЫЛЫН ЖИЯР ЕМЕС

Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне байланысты бірнеше ай бұрын басталған жанжал әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұған байланысты Білім және ғылым министрлігінің атына депутаттық сауал да жасалды. Арнайы қоғамдық комиссия да құрылды. Бірақ атышулы университетке айналған оқу орны бүгінгі күні ақпарат беттерінен түспей келеді. Студенттердің үндеуін қолдап, аталмыш университетті тексеру үшін арнайы қоғамдық комиссияны құруды ұсынған «АБЫРОЙ» қозғалысы болатын. Енді сол университет айналасындағы жанжалға байланысты «АБЫРОЙ» қозғалысының төрағасы Азамат Жетпісбаевпен арнайы сұхбатты ұсынамыз.

- Азамат, Атырау мемлекеттік университетіндегі жанжал неден басталды? Осы туралы қысқаша айтып берсеңіз.

-Бәрімізге белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың сәуір айының басында бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде президенттің, саяси партиялардың және жастар ұйымдарының атына аталмыш оқу орнының студенттерінен үндеу жарияланды. Үндеуде студенттер университет ректоры Алтай Қазмағамбетов мырзаның жүргізіп жатқан саясатына наразылығын білдірген. Нақты айтқанда, студенттер университеттегі қарқынды да­мыған жемқорлық пен пара­қорлыққа байланысты оқу мүмкін еместігін, жатақханада қандай да бір «бөтен» адамдардың тұруына байланысты үйсіз-күйсіз жүргендерін көтерген. Біз, «АБЫРОЙ» қозғалысы жастар ұйымдарындағы басқа да өзіміз­дің әріптестерімізбен хабарла­сып, студенттерге қолдау көрсетуге шешім қабылдадық. Себебі, білім жүйесі – біздің көтеріп жүрген негізгі мәселелеріміздің бірі. Тез арада қоғамдық комиссия құрдық. Оған «АБЫРОЙ» қозғалысы, Қазақстанның отаншыл жастар одағы, Қызыл жастар Авангарды, Жас Отан, «Тәуелсіз интернет үшін» және «Қарсы» ұйымдары кірді.

- Ал бұл мәселеге байланысты Білім және ғылым министрлігінің реакциясы қандай болды?

-Аталмыш үндеу шыққаннан кейін біздің белсенділер министр­ліктің жоғарғы білім департаментінің басшысы Өмірбаев мырзамен кездескен болатын. Сол кездесуде Өмірбаев мырза Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Қазмағамбетов мырзаға хабарласып, қоғамдық комиссия келетіндігі жөнінде хабарлап, комиссияға студенттер арасында сауалнама жүргізуге қол ұшын беруін сұраған болатын. Сондай-ақ Қазмағамбетов мырзамен телефон арқылы қоғамдық комиссияның үйлестірушісі Әбжан Махамбет те сөйлесіп, баратындарын айтқан еді. Бұнымен қоса, студенттердің үндеуіне өз пікірін білдірген Мәжіліс депутаты, «Нұр-Отан» партиясы Бюросының мүшесі Айгүл Соловьева ханым да міндетті түрде сауалнама жүргізу керектігін мәлімдеген болатын.

- Қоғамдық комиссия тексеру жүргізе алмағандығын хабарлаған болатын. Не себепті?

- Өкінішке қарай, Астанадан, Оралдан және Қараған­дыдан барған қоғамдық комиссия мүшелеріне аталмыш университеттің ректоры Қазмағамбетов мырза университет табалдырығын аттатпады. Бұнымен қоса, оларға қарсы арандатушылық та ұйымдастырылды. Бірнеше жас жігіт шығып, егерде кетпесеңдер ұрып-соғамыз деп қорқытқан. Жалданбалы пәтерлеріне оралған комиссия мүшелерінің артынан тағы бір топ адам келіп, егерде тез арада Атыраудан кетпесеңдер ауруханадан шығасыңдар немесе қалталарыңа анаша салып жіберіп, түрмеге жаптыртып тастаймыз дег. Сөйтіп, жіберген комиссиямызды қыспаққа алып, күшпен көлікке отырғызып, шығарып салған. Айта кеткен жөн, тіпті автобус жүргізушісіне Оралдан келген комиссия мүшесі Д.Щелоков үшін жолақысын да төлеп қойыпты. Осылайша, тексеруге барған жігіттеріміз еш сауалнама жүргізе алмай, қайтып келді. Университет тарапынан көрсетілген бұндай дөрекілік ешбір санаға кіріп-шықпайды. Бұл жерде тек қана студенттер мен жастар ұйымдарының жанайқайы мен ынтасы емес, сондай-ақ, мәжіліс депутаты, «Нұр-Отан» партиясы Бюросының мүшесі Айгүл Соловьеваның пікірі де аяққа тапталды. Бұл нені білдіреді? Қарапайым сауалнамадан қорқу деген сұмдық қой! Яғни, бұл аталмыш университеттің басшылығының ісінде былықтың бар екендігін білдіреді. Егер олар таза болса, комиссияны кіргізіп, олардың жұмыстарына еш кедергі келтірмес еді. Менің сол кезде жасаған қорытындым – университет басшылығы өздерінің дөрекі реакциясы арқылы студенттердің үндеуінде жазылған фактілерді дәлелдеп берді.

- Бұл мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев Білім министрі Ж.Түймебаевтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Министрліктің реакциясы қандай болды?

- Депутат Тоқпақбаевтың жаса­ған сауалына министр Түймебаев мырза үш-ақ сөзбен жауап берді. «Онда жемқорлық жоқ» деп сауалнамаға теледидар арқылы өз пікірін білдіргенін бәріміз естігенбіз. Сол кезде, министріміз қандай нақты адам, бір-екі ауыз сөзбен нақты жауаптар береді деп ойлап едім. Тез арада бұл жерде де былықтар шықты. Осы жақында біздің қолымызда бір құжат пайда болды. Білім және ғылым министрлігі ешкімге айтпай өздері комиссия құрып, оны Атырауға жіберіп, тексертіп келіпті. Студенттер арасында жүргізген сауалнаманың қорытындыларын депутат Б.Сыздықова арқылы қолымызға түсіріп, Түймебаев мырзаның депутат Тоқпақбаев пен қоғамды алдағаны дәлелденді. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 13,7% студенттердің үндеуіндегі фактілерді дәлелдеп шықты. Соған байланысты ма, әйтеуір, министрлік бұл қорытындыларды жарыққа шығармады. Айта кеткен жөн, жаңағы аталған пайызды министрліктің комиссиясы анықтап отыр. Егерде сауалнаманы қоғамдық комиссия жүргізсе, бұл көрсеткіш бұдан да көбірек болуы бәріне түсінікті. Осындай жаңа фактілер анықталғаннан кейін біз тағы да баспасөз-мәслихатын өткіздік. Онда министр Түймебаев мырзаға кезінде Дархан Қалетаев ұсынған ұмытшақтықтан емдейтін дәрі ұсындық. Себебі ол өзінің комиссиясы Атырауға барып, аталмыш университетті тексеріп келгенін ұмытып қалған болар деп. Ал егерде мәселе Түймебаев мырзаның ұмытуында емес, оның ар-ұятында болса, онда бізге бұндай министр керек пе деген сұрақ қойдық. Жалпы, айта кеткен жөн, бұл тек бірінші рет емес. Білім және ғылым министрлігі Түймебаев мырзаның басшылығы кезінде ең жанжалды, ең сынға көп ұшыраған батқан мемлекеттік органға айналып кетті. Өткен жылы, естеріңізде болса, президенттің кризис кезінде студенттерді қолдауға негізделген, студенттерді «жеңілдетілген» несие­лендіру бағдарламасы құлдырады. Оған байланысты «АБЫРОЙ» қоз­ғалысы өз пікірін білдіріп, министр Түймебаев мырзаны қатты сынға алған болатын. Одан кейін осы Атыраудағы университет пен Алматыдағы КИМЭП, артынша Ұлттық бірыңғай тестілеудегі (ЕНТ) қателіктер. Қаншама депутаттық сауалдар болды. Түймебаев мырза қанша рет сынға алынды! Осының бәрі Жансейіт Түймебаевтың өзінің лауазымды орнына сәйкес еместігі туралы мәселені қоюға әкеліп отыр. Бұны да біз айттық. Білім саласына деңгейі сәйкес адам керек. Өйткені бұл анау-мынау сала емес. Мемлекетке мамандар дайындайтын сала, болашақ мемлекет басшыларын дайындайтын сала. Жемқорлық пен парақорлықты, дөрекілік пен әділетсіздікті көріп жүрген жастарымыз ертең кім болады? Оларға біз қандай тәрбие береміз? Осының бәрі бүгінгі қоғамды ойландыру керек. Ал егерде бұл саланы тапсырып берген адамымыз өз міндетін атқара алмаса, сол қызметке лайықты басқа адамды қою керек. Тәжірибеде ондай мысалдар бар. Кезінде оқудың бағасын 3 есе, бұнымен қоса несиелі негізде оқитын студенттердің төлейтін ақшасының мөлшерін де еш негізсіз көтеріп жіберген Жақсыбек Құлекеев атты министр кезінде тақтан түскен болатын. Бұл тәжірибені Түймебаев мырзаға да ұмытпаған жөн.

-Атырау университетіне қайта оралсақ. Азамат, сонда Сіздер сол жемқорлыққа байланысты ғана ректор Қазмағамбетовтың өз орнынан кетуін талап етіп отырсыздар ма?

- Тек қана ол емес. Сондай-ақ жатақханаларға байланысты да нақтылық жоқ. Университеттің проректоры Еділбаев атты мыр­заның айтуынша, университет жатақханаларында 60 бос орын бар. Ал ректор Қазмағамбетовтың мәлімдеуінше, - 140 бос орын бар көрінеді. Ал енді жақында тексеріп келген министрлік комиссиясының құжаттарын қарсақ, 181 бос орын бар. Көрдіңіз бе, өз сөздеріне өздері сүрініп, не айтып жатқандарын білмейді. Жатақханаға байланысты осындай түсініксіз жағдайдан кейін мен университеттің веб-сай­тына кіріп көрдім. Сондағы тапқан ақпараттарым одан ары таң қал­дырды. Қазмағабетов мырза өз қызметкерлеріне бірнеше пәтер жал­дайды екен. Бұл пәтерлердің құны айына 130-140 мың теңге кө­лемінде. Енді айтайын дегенім, біріншіден, егерде бұларда ректор айтқандай 140 немесе проректор мәлімдегендей 60, әлде министрлік комиссиясы анықтаған 181 бос орын болса, неліктен қызметкерлерге сонша қымбат пәтерлер жалдаған?! Логика қайда?! Екіншіден, мен Атырауды жақсы білемін. Атырауда қаланың ортасында бұндай 2 бөлмелі пәтерлерді ары кетсе 60-70 мың теңгеге жалдауға болады. Ал Қазмағамбетов мырза жалдаған пәтерлер қаланың шетінде және сол мекен-жай бойынша пәтерлер 30-40 екені тағы белгілі. Бұл жерде де түсініксіз нәрсе көп. Президент Н.Назарбаев мырза әлемдік кризис басталғалы шенеуніктерге әрқашан үнемдеу, яғни экономия туралы ай­­тып келеді. Ал бұл жерде болса, мемлекеттің қиын жағдайында халық­тың ақшасы олай да былай жұм­салып жатқанын көріп отырмыз.

Сондай-ақ ең маңызды мәсе­ленің бірі – Қазмағамбетов мыр­заның ректорлығы кезінде университеттің рейтингі түсіп кеткендігі дәлелденіп отыр. Білім және ғылым министрлігі Ұлттық аккредитациялық орталығының ақпараттарына сүйенсек, 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті көппрофильді жоғарғы оқу орындарының ішінде 8-ші орында болған. 2-3 жыл өте - 13 орынға түсіп қалған. Бас рейтинг бойынша 37-ші орында болып, одан 51-ші орынға дейін түскен. Бұл нақты көрсеткіш және Қазмағамбетов мырзаның университетті бас­қаруы кезіндегі жұмысының көрсеткіші деп айтуға болады. Бұл көрсеткіштерге Білім министрлігі міндетті түрде назар аударып, нақты шара қолдануы тиіс. Себебі, еліміздің «мұнай астанасындағы» негізгі мемлекеттік университет елдегі маңызды оқу орындарының бірі.

- Сіздің ойыңызша, Қазма­гам­бетов кетіп, оның орнына басқа адам келсе бәрі түзеле ме?

- Бұл жерде негізгі мәселе Қазмағамбетовте ғана емес. Жалпы, жоғарғы білім саласындағы менеджментке байланысты. Жоғарғы оқу орындарының ректорлары жоғарыдан тағайындалатыны бел­гілі. Сол себептен олар жоғарыда тұрған адамға ғана жауапты. Студенттер алдында, университеттің профессорлық ұжымының алдында өз жауапкершілігін сезінбейді. Университет басшылығына ла­йықты адам келу үшін оны сайланбалы етуіміз керек. Білім саласы бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттерді қарасаңыз ректорлары сайлау ар­қылы өтеді. Ректор болғысы келетін үміткер өзінің сайлаушылары алдында оқу орнын дамыту бойынша бағдарла­ма­сын ұсынады. Сөйтіп, көпші­лік қалаған бағдарлама, көпшілік қалаған тұлға жеңіп шығады. Біздегідей сырт жақтан университет ұжымы білмейтін адамды әкеп қоя салмайды. Сол себептен бұның да механизмдерін ойластырып, отандық білім жүйесіне енгізу қажет. Сонда ғана бүгінгі ректорларды студенттер жай ғана ректор деп есептемей, оларды үлгі тұтарлық, өмірлік бағыт-бағдар берерлік дәрежеге қояды.

-Сұхбатыңызға рахмет!

 

Азамат ӘБІЛҰЛЫ