ҚАРАУЫЛ, ҚАДІРБЕРДІ, БОТАХАН БАТЫРЛАР

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180-37

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

-Төребек батыр, менің ойым қан іздеп қазаққа өлім тілеп келгендердің  жазасы - өлім. Сендерше? - деді сарбаздарға қарап.

–Біздің де шешім  - өлім!.

–Ондай болса қайсың мына екі жоңғарды жекпе-жекке шақырасың? Төребек:

-Жолды маған беріңіз, - деді.

–Онда бір-ақ қару аласыңдар екі жағың да тең болсын, қайсысын шақырасың ортаға ?

–Мен мына таза жоңғармын дегенді шақырамын. Бері шық, жауыз ақыры қан іздеп келсең !

–Қолын шешіңдер де бір қылыш беріңдер! - деді Қадірберді. Қор­ған­ның қасындағы тегісте екі адам қылыштаса бастады. Төребектен гөрі жоңғар басымдау көрінді, екі рет секіріп Төребек қылышынан құтылып кетті. Артқа шегініп келе жатқан Төребек шалқасынан құлады, осыны пайдаланған жоңғарлық Төребектің үстіне төне қылыш салмақ болғанда Төребек  оң қолымен қылышты жауының кіндік тұсына ұрды. Жоңғардың екі жауырының ортасынан қылыштың ұшы шықты. Жоңғар серейіп тұрып төмен қарай құлай берді. 

–Мына өнерді білгені дұрыс екен ! - деді батыр. Орынан тұра берген Төребек қылышын жоңғардың денесінен суырып алып, бір түп жусанмен жүзін сүртіп жатты.

–Ал, ендігі кезек екеуіңде, бір біріңмен сайысасың, - деді батыр екі тұтқынды ортаға шығарып.

Екеуі найза алып бір- бірімен найзаласа бастады, жоңғарлық басым көрінді. Сүт пісірім уақыт өтті, екеуі әбден шаршады. Бір кезде жоңғар найзасы көкірек жігітінің кеудесіне төс сүйегін сындыра кірді. Сол қолымен найзаны кіргізбеймін дегендей ұстай алып тұрып қалды, ақтық күшпен ышқына айқайлап жоңғардың кіндік тұсына найзасын салды бойлата, көзі қанталап шатынап жауына қарап, ақырын тізесі бүгіліп құлай берді. Жоңғар жан далбасалап екі қолымен найзаны шеңгелдей ұстады. Сабы жерге тіреліп қалған найзаға қарай етпеттей құлады. Ұшы бел омыртқа тұсынан сыртқа шығып, оңға құлай кетті. Осымен үш жансыздың да шаруасы бітті. Батыр ауыр күрсініп орнынан тұрды      да, үшеуіне кезек қарап, Тәңірберген ұстап тұрған атына мініп тұрып:

–Ал, батырлар енді ел тағдыры сендердің қолдарыңда, жау осал емес, түнде бәріңді қалың ұйқыда бауыздап кетер еді мыналар. Сондықтан өте сақ болыңдар, - деп жүріп кетті. Жолда қалың ой шырмап мазасын кетірді. Тұтқынды Хонтайшының беремін деген дүниесінен 1000 есе көп беремін деп көндіре алмады. Ал хонтайшы 3 тайдың құнымен сатып алып отыр, бұнда не қүдірет бар деп түсіне алмай келеді. Бүл кезде күнде алаулап қызарып батып бара жатты. Ауылға жақындап қалғанда қара-қүраң ел көп болып көрінді. Қарауыл үйінің кермесінде оншақты бөтен аттар тұр екен, баласына «сен жүре бер, мен атаңа кірейін» деді. Өз атынан түсіп шылбырын кіші ұлына ұстатты. Ондық пілте үш шамның күшімен үй жап-жарық екен. Төрде отырғандарға қарап, қарлығыңқы дауыспен сәлем берді. Төрде Ошақты Тоқмырза би, Досай би, Досбол би, Ошақты Есмүрза батыр, тілік Қосай батыр, Абас, Сутен, Бөрібай, Есей батырлар отыр екен. Тоқмырза жасы үлкендігін істеп:

–Төрге шық, батырбасы, - деді.

–Үй өзіміздікі, мен төрге шыққаным болмас, - деп Есей батырдың қасына жайғасты. - Қалай, ауыл-аймақ, ел-жұрт аман ба? - деді. Тоқмырза жөткірініп алып:

–Қарағым Қадірберді, жаудың хабарын естіп келіп қалдық, найза ұстар шама жоқ. Сайрап тұрған қызыл тіл болмаса... - деп тоқтады.

Есмырза батыр: «Ошақтыдан 1500 сарбаз келді, ертең тағы да құдай қаласа 500 адам келеді»; Қосай батыр: «Біз 2200 қолмен келдік, бары әзірге сол, бір бес жүздей ел ішінде болады»; Бөрібай батыр: «Елден 1700 қол жинап жиекке жібердім» деді. Бас-аяғы 6800 адам болыпты. «7000 сарбаз әрине аздау, дегенмен нартәуекел жерімізде жүрміз ғой» деді елдің көңілін аулап.

–Мен мына қызыл төбеден Қарауыл қорған тұрғызған едік, содан келдім, кеше сарбаздар қалың шеңгелге жасырынып жатқан үш жансызды ұстапты. Солармен сөйлесіп жүрген мақсатын сұрап едім. Хонтайшы қазақ батырларының әр басына 100 алтын, 1000 күміс, ноян батыр атақ беретінін жариялап өлтірген қазақ батыр басын әкелгенге жер беремін, ноян батыр атағын беремін деп жұмсаған екен. Сондай бәйге жарялап отырғанынын қолға түскен жансыз айтты, бәрімізді жіпке тізіп санап отырған сыңайлы. Бұл жерге келіп жатқанымызға 2,5 ай болды деді. Әр ел өз ауылына келген жолаушы, диуана болып жүргендерді ұстап тергеу жасау керек. Жайбарақат қамсыз болу өліммен тең, ажал қасымызда жүргенде қалың шеңгелді мекен еткендерді көрмеймісің. Шеңгелге ешкім кірмейді ,осы менің айтпағым.

–Ойпырай, мына жоңғар қазақтың түбіне жетуге бел байлаған екен, - деді Досай би. - Атамыз қазақ айтқан емеспе «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында».

–Сақтықты күшейту керек, - деді Қарауыл. Тоқмырза би:

–Таң атысымен елге қайталық, бізден бұдан басқа еш көмек жоқ. Елге бас-көз болып қосымша күш жинап отырмасақ болмас, мына естігенді елге айтып түсіндірейік.

–Қадірберді, сен енді азанда батырлармен өз тіршіліктеріңді істей беріңдер.

–Бізге алаңдамаңыздар.

Үш би көкке қол көтеріп, Тәңірден медет, бірлік, ынтымақ, тыныштық, береке сұрап,бата берді батырларға. Таң атты. Өте қызарып жоңғардың келе жатқанын хабар беріп түрғандай еді. Сәмеке бастаған қолдың жаушысы келді.

–Қаратаудан бері асты.

–Қанша қол келеді?

–1000 сарбаз түгел келеді. Ертарғында кеп қалар, жаңадан қол жиып келеді, бір жігіт Ертарғынның қолында жол сілтеуші болып қалды. Қадірбердінің көңілі көтеріліп қалды. Кешке ханның Сәмеке бастаған 1000 сарбазы келіп жетті. Барлық сарбаздарды қымызбен сусындатып, жылқы етімен силады. Сәмеке тамақ ішіліп болған соң, Қадірбердіге кеше бір жалғыз жігітті жолдан ілестіріп алдық  деді. Қаратаудың жонынан кездесті.

–Сұрастырдың ба, кім қайдан жүрген адамсың деп?

–Жоқ, жалғыз жүрген адам болған соң не сұраймыз? Батыр бірдеңе болды ма? - деді. Қадірберді қарауыл қорғандағы үш жансыз туралы айтып беріп еді, «онда ана жігітті тексерейік» деді:үлкен ұлы Тәңірбергенді шақырып алып:

–Сәмеке батыр, мынау менің үлкен ұлым. Аты Тәңірберген. Ал мына батыр көкеңнің есімі Сәмеке, батырбасы. Сен ұлым қасыңа өзіміздің жігітен 4 жігіт ертіп, Хан қолының жүз басы Барақ дегенді тауып ал, соларда жолдан қосылған бір жігіт бар екен, соны алып келіңдер. Байқа қашып кетпесін, ана үш жансыздың серіктері болмасын, әзірге жарық болып тұрғанда ұстап алыңдар. Бие сауым уақытта Барақ деген жігіттің қасында 5-6 сарбазы бар, қолын артына байлап тастаған ,қапсағай денелі көсе біреуді алып келді. Барақ мына жігітті танимысың деген Сәмеке сұрағына кеше кездескен жігіт қой. Басқасын білмеймін деді.Онда тергеңдер, кім екенін білелік. Аттан түсіріп, сен қайдан жүрсің деп еді,

–Мен Әулиеатадан келе жатыр едім, Жаныспын деді.

–Қош қайда бармақ едің?

-Осында туысымды іздеп келе жатқанмын деді.

–Ол туысың кім, қандай рудан шыққан?

–Осында Талас бойында тұрады. Руы тілік деді.

–Кім деген адам?,- деп еді.

 -Күмілжіп Қойлыбай деген деді.

–Әй, мен де тілікпін. Бізде Қойлыбай деген жоқ қой, сен неге өтірік айтасың?-деді. Тәңірберген сөзге араласып:

-Оданда неғылып жүрген жансың, не тапсырмамен жүрсің, сенің тағдырдың өз қолында, одан да шыныңды айт!

 Сәл күмілжіп отырды. Қадірберді үш жансыздың қара ұнтақ салынған қоржынын әкел деп ұлын жұмсады. Қоржынды алдына тастап:

- Мынау сенің қоржының ба?- деді. Әлгі қоржынды көріп сасып қалды. Бұған бағанағы үш жансыздың қоржындары бірдей болатыны есіне түсіп:

-Иә, менікі, - деді.

-Ішінде не бар ?

-Әншейін, майда-шүйде, киім-кешек.

- Онда аш ,көрелік. Қолына ұстап ашайын деді де «менің қоржыным емес» деп кері итерді.

 -Оның қоржыны мынау,- деп Барақтың сарбазы ортаға бір қоржынды тастады.

–Енді мынау сенікі ме?

–Иә, осы менікі.

–Онда аш, көрсет!

Қоржынды сипалақтап отырып, ішіндегіні жерге ақтарып салды. Алдымен, екі жейде мен бір дорба шықты.

- Анауың не?

- Бұл - тұз.

Барақ аттан түсіп ашып көріп:

–Мұндай тұз бола ма қап -қара деді. Қадірберді қолына ұстап ана қоржындағымен салыстыр деп қайтып берді. Ондада тура осы ұнтақ бар еді.

- Сен мынаны не үшін алып жүрсің, мына екі қоржын неге бірдей?

–Мен базардан алған едім.

–Жоқ, сен бұны базардан емес, жонғар хонтайшысы берген. Сендер қанша адам болып, қашаннан  бері жансыз болып жүрсіңдер, жылдам айт!

-Мен  білмеймін.

-Онда өз обалың өзіңе. Ат артына байлаңдар!- дегенді естіген соң зар еңіреп жылап жібіерді де:

- Біз үшеу едік , екеуін ошақты жіттері ұстап алды. Ар жағын білмеймін. Мен жалғыз қалған соң, сіздерге қосылдым.

-Саған берілген тапсырма не еді,айт жылдам!

-Ошақтының батырларын өлтіру деді.

-Қанша күміс ақша үшін,1000 күміс, 100 алтын теңге үшін бе?

–Сіздер қайдан білесіздер?

–Біз бәрін білеміз , сен кімсің жоңғар­мысың, әлде сатқын қазақсың ба?

–Мен  жоңғармын. Бірақ қазақтармен бірге өскенмін.

–Қандай өлім сұрайсың?

–Осы жердің батыры Қадірбердіге айтарым бар.

–Онда айт, іздеген адамың мен боламын.

–Батыр, мені өлтірмеңіз. Сіздің қасыңызда бір жансыз бар, егер оны айтсам тірі қалдырамысыз?

 Қадірберді ойланып тұр еді, Сәмеке:

–Батыр оған уақытты кетірмейік., - деді. Қадірберді:

–Жарайды, айтқаның болсын деді,-жұмсағандай түр көрсетіп. Артынша:

-Сен жансыз айтарыңды жылдам айт, әйтпесе, - деді,-қылышын қынабынан суырып. Жаны тәтті шіркін асығып:

–Сіздің қосыңызда жылқышы болып бір қазақ жүр. Атын ұмытпасам Доғал болар, көрсем танимын. Бір  жылдай бұрын оған берілген тапсырма сіздерді өлтіру еді, енді жанымды қия көріңіз–деді, жалбарына.

–Бізде жылқышы бар ма?,- деді Қадірберді қасын­дағы тұрған Тілеу інісіне қарап: Тілеу:

–Иә, көке ондай жылқышы бар. Бір жыл болды қосылғанына ,бірақ ол жылқыны жақсы бағып жүрген еді.

–Тез ұстаңдар оны!

–Әке мен өзім ұстап әкелемін.

–Онда беттестіріп сұраңдар! Атаңа білдірмей–ақ, қойыңдар. Шаруасын Төребек ағаңа апар, сол шешеді. Сосын:

-Сәмеке батыр, сізбен сөйлесер уаққытта болмады, - деді,- көңілін басқа жаққа бұрғысы кеп.

–Көке,қонақты тамаққа шақырсын деп айтты.

–Сәмеке, бұл менің үшінші ұлым Арыстанбек. Ал мынау көкең Сәмеке, Кіші жүз батыры. Басы сонау Жайық жерінен. Бойы өзімен теңесіп қалған ұлын көріп:

-Батыр, ой тоба, бұл да ержетіп қалыпты. Бұларға қарайтын уақыт та болмай кетті ғой өзі, - деп, батыр терең ойға кетті.

Бір кезде біреу түртіп жібергендей есіне түсіп:

- Сәмеке батыр, Нұрсұлу мен Ханшайымды елге қайтардың ба? Сәмеке сәл тұнжырап ап:

–Қайдан қайтарайын, сол киелі Түркістанда қалды. Әзірге он сарбаз қалдырдым, қастарына барған соң, қайтармыз бірге.

Қадірберді басқа еш нәрсе сұрамады.

Тек ішінен:

- Ой батыр-ай, нағашысының ауылына қыдырып келгендейсің ғой.Соғысуға келгеніңді ұмыт деген ойдан, өзі шошып:

- Ее, Алла, өзің қуат, өмір бере гөр деді.

Сегіз қанат боз үйге тақап қалған екі батыр батқан күннің алау қызылына қарап тұр еді.

–Батырым, қонақты үйге оздыр­саңшы, жолдан келді емес пе деді,-Бибіжар наздана.

Қадірберді:

- Қазір, қонақ біздің жерді тамашалап тұр ғой. Алғаш келген соң,- деп Бибіжарға қарап қойды.

 Сәмеке кешкі күн шапағымен жан- жаққа қарап, қайран қазақ даласы осыңа қызығады ғой жаулар,- деп Қадірбердіге қарады. Қарап тұрған Бибіжарды енді байқап:

– Армысыз? - деді.

–Қош келдіңіз, батыр,–деді Бибіжар.

–Батыр, бұл кісі бәйбіше, ошақты руының қызы Бибіжар сұлу .

- Ал мынау жай батыр емес, батыр басы Сәмеке, сонау Жайықтан, Кіші жүз батыры төрде отырып таныстырайын десем,- деп артын қалжыңға айналдырды.  Босағадан шыдамсыздық танытып, төрге оз батыр деді.

 Сәмеке үйге кіре берді. Төрге жайғасқан Сәмеке үйдің ішін ақырын бір шолып өткен соң, неткен әсем жиһазды үйді қарап шықты. Еңселі биік үйдің ішкі көркі де ерекше. Оң жақта төгіле түсірілген ақ жібек шымылдық, іргені жағалата жинап тастаған сәмбі талдан иіп жасалған жүкаяқ, сандық, сандық үстіне түп-түзу қылып тақтап жиналған көрпелер, әбдірелер олардың үстіне сары сақтиян былғары ыдыс салғыштар, есіктен- төрге  дейін төселген сары-ала сырмақ, қалың қылып басылған оюлы киіздер. Ашық тұрған түңліктен төмен қарай салбыраған шашбаулы түңлікбау, жағалап айналдыра тартылған уық бауларымен, бас баулар кезектесіп өз орындарында тұр. Осының бәрі үй ішіне әсем, сұлу көрік беріп тұр. Керегеден соққан салқын самал жел жаныңды бір рахат,тәтті сезімге бөлейді. Сап-сары балдай тәтті қымыздан ішіп, бойыңа тараған қымыз алпыс екі тамырыңды бойлап, денеңді балбыратады. Оған қоса алдына тартылған сәміз бағыланның етін жеп маужыраған Сәмеке батырды Бибіжардың сыңғыр­лай шыққан назды даусы селт еткізді:

- Сәмеке батыр, мына отағасы мені бүгін бәйбіше деп қалыпты. Бұрын айтпаушы еді. Киелі Түркістаннан олжалы қайтқан ба?- деймін. - Қолым ұзарар ма екен деп қуанып отырмын, - деді наздана қарап.

Сәмеке де қуақыланып:

- Онысын айтпады маған. Аға баласы болған соң, сұрақ қоюға жолымыз келмейді, - деді отағасына қарап. Сосын:

-Сіз әлі жассыз ғой, батырға тоқал керек емес шығар.

-Олай емес Сәмеке батыр, қадіріне жетер қыз болса мен ырзалығымды беремін. Осы кең даланы қазақ қорғамаса, кім қорғайды?!... Ал оны қорғауға батырлар керек! Бұл елге қазақ әйелдері көптеп бала тумаса, ел қайдан шығады. Осындай қауқары барда алмаса 60-70-ке келгенде алмақ па, алсын батыр, - деп тоқтады Қадірберді қуақыланнып:

-Бәйбіше, қыз да тауып қойғандайсың ғой өзі, жалғызсырап жүрмісің. Батырдың мазасын алдың ғой, - деді. Сәмеке не дерін білмей іштей неткен ақылы көркіне сай жан, жүрегінің кеңін-ай шіркін, осындай асыл анадан текті ұл туады ғой деп ыразы болып іштей толғанды. Керегеде іліулі тұрған үкілі үлкен домбыраға қарап қойды. Бұны байқаған Бибіжар Арыстанбекке қарап әкеңнің домбырасы әперіп жібер деді Қолына ұстап домбыраны «Сәмеке батыр, қарсы болмасаңыз» деді домбыра ұстаған қолын созып.

 

Жұман Ырысдаулетұлы