
ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Рашид Жақыпов Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов 1959 жылдың 7 қазанында Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
1981 жылдың қазаны мен 1995 жылдың қарашасы аралығында прокуратура органдарында қызметте болған. Мемлекеттік тергеу комитетінде қызмет атқарған. 1997 жылы ішкі істер органдарына қызметке ауысып, ШҚО ІІБ Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы болып тағайындалды. Ал, 1998 жылдан Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары ІІБ, Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД бастықтарының орынбасары қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бастап ШҚО ІІД бастығының орынбасары лауазымында болды. Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін ШҚО ІІД бастығы лауазымын атқарған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Бибігүл Нүсіпжанова Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметіне тағайындалды.
Бибигүл Нүсіпжанова 1963 жылы дүниеге келген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры қызметін атқарған.
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың бұйрығымен өңірде бірқатар тағайындаулар жасалды. Атап айтқанда, "А" корпусының кадрлық резервінен Серік Әкенов Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ал конкурстық іріктеуден өткен Эльдар Дүйсетаев облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне кірісті.
Негізгі құрылтайшы "Нұр Отан" партиясының шешімімен Жанай Омаров "Нұр Медиа" Холдингінің Бас директоры болып тағайындалды. Ол осыған дейін бірқатар мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарып, мемлекет меншігіндегі БАҚ-ты басқарды.
2014 жылдың қаңтарынан 25 тамызға дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрінің қызметін атқарды.
Алматы облысының бокс федерациясының президенті Бауыржан Оспанов Қазақстан бокс федерациясының облыстық федерациялармен жұмыс істеу бойынша вице-президенті лауазымына тағайындалды.