Қарағандыда 11 жасар баланы туысы өлтіріп, мәйітін қоқыс төгетін шұңқырға тастаған

 Қарағанды облысында із-түзсіз жоғалған 11 жасар Леон Серікбаевты өлтірді деген күдікпен баланың туысы ұсталды. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр. «Тәулік ішінде Қарағанды қаласы ІІБ Криминальдық полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен 20 жастағы әйелді ұстады», - делінген хабарламада. Полицейлердің мәліметінше, 2014 жылдың 25 қыркүйегінде 45 жастағы әйел полицияға белгісіз біреу пәтеріне кіріп, қаракүзен тонын ұрлап кеткенін хабарлаған. Сол күні ол ішкі істер органдарына қайта жүгініп, 11 жасар ұлының із-түзсіз жоғалғанын айтқан. 26 қыркүйек күні криминальдық полиция қызметкерлері 2003 жылы туған Леон Серікбаевты жедел іздестіру шаралары кезінде Жаңаарқа ауданының 20 жастағы жұмыссыз тұрғынын ұстайды. Ол 25 қыркүйек күні жоғалған баланың анасының тонын ұрлап, кәмелетке толмаған баласын алып кетіпті. Оған кейіннен пышақ жарақатын салып, тұншықтырып өлтіреді. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында баланың мәйітін қоқыс төгетін шұңқырға тастаған. «Ұсталған әйел баланың туысы болған. Қылмыстық іс қозғалып, айғақ заттар алынды, тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады полиция қызметкерлері. bnews.kz