CҰҢҒЫЛА

d0b7d0b0d180d0b0d0b7d0b8d185d0b0

Сұңғыла - қауынға қаптарлас шығып, тамырына жабысып, нәрін сорып, одан у жасап, қауынды улап қурататын қауіпті, тез тарап, оңайлықпен жойылмайтын сіріжанды, көпжылдық арамшөп.

 

...Сөйтсек сұңғылалардың ындызы терең, қайта өсіп-өрбіп, болашақта өздерінен өткен «бөлтіріктерін» баулып жатыр екен ғой. Менің немерем солардың тепкісіне түскенін қаламаймын. Бұған Абай мырза не дер екен, күтелік?

Қазығұрт аудандық, Оңтүс­тік Қазақстан облыстық сотта­рының заңдарды, Жоғарғы сот бекіткен ережелерді, мемле­кетіміздің қыруар қаржы бөліп, сот ісін информатизациялап жатқан саясатын елемей, жеке бастарының мүддесін қуалап, оларға қайшы жұмыс істеуді күнделікті әдетке айналдыруы – мемлекеттік басқарудың жоғала бастағанының айғағы.

Зер салып қарасаңыз Оңтүс­тік Қазақстан облысының сот жүйесінде де сұңғылалар қоға­мымыздан мәртебелі орын алып, азаматтарды қинауда екен. Үстіміздегі жылы Қазығұрт аудан­дық сотында қаралатын азаматтық іске туысымның өкілі ретінде қатыстым. Ол туысыма әуелі қоқан-лоққы жасап, рэкет әкеліп, бұл нәтиже бермеген соң қисынсыз жерден қалайда көлденең табыс тапқысы келген кісілер соттан “жанашыр” тауып, өздері ауылдан болса да талап арызын орысша жазып, екі бірдей орыс тілді қорғаушы-заңгерлерді жалдапты.

Алғашқы сот отырысы басталған кезде, сотқа қатысушылардың бәрі ана тілін судай білетін қазақтар болған соң, бұл ауданның қазақы аудан екенін, облыста іс жүргізу қазақ тіліне өткеніне біраз жыл болып қалғанын ескере отырып, іс қазақ тілінде қаралсын деп ұсыныс жасадым. Бұған талапкердің заңгері Эльдар Гайсин үзілді-кесілді қарсы болып, қазақ тілі сот ісін жүргізетін деңгейде емес, оны қазақ заңгерлер де мойындап жүр, сондықтан істі орыс тілінде жүргізу керек деген мәлімдеме жасап, әрі қарай осы ойын өрбіте бастағанда мен оның бұл сөзіне шыдай алмай, сөзін бөліп, тоқтатуын талап еттім.

М.Әлімбеков басшылық етіп отырған Жоғарғы соттың менің сұрағыма берген 13.06.2010 күнгі жауабы: «В соответствии с ч.3 ст.257 Гражданского процессуального кодекса стенограмма, материалы аудио-, видеозаписи, полученные при использовании этих средств в судебном заседании, приобщаются к протоколу судебного заседания и хранятся вместе с делом.». Бұл мәтін Жоғарғы соттың сайты арқылы шар-тарапқа тарауда: http://www.supcourt.kz/faq/index.php?month=6&year=2006& ELEMENT _ ID=17781

 

Э.Гайсиннің қазақ тілін осылай кемсіту арқылы қазақтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлап, орыс тілінің артықшылығын мадақтап, қазақ тілінің, яғни қазақтардың ұлттық басты қасиетінің “кемдігін” көпшілік алдында өзінің заңгерлік қызметін пайдалана отырып мемлекеттік мекемеде – сот отырысында насихаттауы, – ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған іс-әрекет ретінде Қылмыстық кодекстің 164-бабында қаралған қылмысқа жатады. Алайда судья Дүрия Амантайқызы Тұрғараева кәсіби заңгер бола тұра мұны байқамағансып, керісінше оның қылмысты әрекетін тоқтатқан маған айқайлап, хаттамаға жазып қой деп хатшысы Нұрғали Пернебаевқа нұсқау беріп, отырыс дыбыс-бейне құралдары арқылы жазылып жатыр, бәрін сот төрағасы Серикбай Тулепбергенов тыңдап отыр деп құралдарды көрсете ескертті.

Бірақ судья ханым істі қазақша жүргізетінін жариялап, түсінбейтіндерге тілмаш шақыртатынын айтты. Сот отырысы содан кейін бастан аяғына дейін қазақ тілінде өтті. Айта кеткен жөн, заң бойынша арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады. Сөйтіп қазақтың өзі, дегеніне қалайда жету үшін талап арызын орысша жазса, онда ол бәрімізді орысша шүлдірлетеді екен. Білімдар, әділ судья Э.Гайсиннің қазақ тілін кемсітуіне байланысты оны жауапқа тарту үшін тиісті процессуалды әрекеттерді сол арада бастауға міндетті еді. Ал Дүрия ханым мұның орнына маған сес көрсетіп, мәселені басып тастағысы келді. Оның көз алдында болған қылмысты осылайша жасыра бастауының өзі қылмыс екені, бұл үшін жауапқа тартылатыны қаперіне де кірмеді.

Сондықтан да ертесіне, 23 ақпан күні жазбаша түрде судья ханымнан оқиға болған мәжілістің дыбыс-бейне таспа­­сымен мені таныстыруды өтіндім. Сондағы ойым Э.Гайсиннің сөзін дәлме-дәл жазып алып, оған көрсетіп, ұялтып, тәртіпке шақырғым келді. Бұған Дүрияның хатшысы Н.Перне­баев таныстыра алмаймыз деп жауап берді. Ал судья ханым мен сот төрағасы С.Тулепбергенов қабылдап, уәжімді тыңдамақ түгіл, дәлізде көрсе өздерін асқақ ұстап, сәлемімді де қабыл алмай, менсінбеген кейіп танытты. Сондықтан да Қазығұрт сотына бұл өтінішімді жазбаша сегіз рет қайталап, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы А.Рахматуллин мырзадан да сот отырысының дыбыс-бейне таспасының сақталуын қамтамасыз етуін және мені таныстыруын сұрандым. Оның 8.04.2010 күні берген жауабында: «Қам жемеңіз, дыбыс-бейне жазуы Қазығұрт сотының «серверінде» сақталады» делінген.

Бұдан кейін С.Түлепберге­нов «іс облыстық сотқа жі­берілген, сондықтан сізді дыбыс-бейне таспасымен та­ныстыруға мүм­кіндік жоқ» деген мағына­дағы жауап берді. Іс облыста болғанымен, дыбыс-бейне жазуы Қазығұрт сотының серверінде, яғни компьютерінде сақтаулы тұр ғой. Мұны біле тұра Дүрия Амантайқызы да, С.Түлепбергенов те жалған жауап беріп, , уақытты соза бергісі келді. Осы жауапта біздің сот хатшысы Н.Пернебаевты қызметтік жалғандық қылмыс жасағаны үшін қызметтен босату туралы қойған мәселеміз бойынша біз жазбаған сөздерді жаздың деп бізге жала жауып, бізді ақымаққа айналдырыпты. Мұндай тепкіні Дүрия ханым бізге бұрын да жасаған еді. Жауапты оқып отырып, сотты сайқы-мазаққа айналдырғандардың әділ қазы шапанын қалай киіп жүргеніне таң қаласың?  Жауапты сот кеңсесі 2.06.2010 күні жібердік деп тіркегенімен поштаның штампына қарасақ тек 11.06.2010 күні поштаға өткізіліпті. Сөйтіп хат соттан поштаға дейіне 9 күн жүрген. Мұндай қитұрқы әдіс Қазығұрт сотында да, облыстың кейбір басқа соттарында да кеңінен қолданылады. Бұл арқылы сот арызға уақтылы жауап берген болып, өзін формалды жағынан қорғап қана қоймай, соттан хат алушыларға ойлануға, дайындалуға, уақтылы жауап беруге, тиісті әрекеттер жасауға өте аз уақыт қалдырады, қаламаса қалдырмайды да. Судьялар көңілінен шықпаған іске қатысушыны осындай қосалқы жолмен қыспаққа түсіріп, өздеріне тиімді шешім шығаруды оңайлатады.

Қазығұрт соты осылайша заңсыздық жолынан таймайтынын көрсеткен соң, облыстық соттың төрағасы А.Рахматуллин мырзаға үстін-үстін шағымдандым. «Қазығұрт аудандық сотының қылмыстық сипаты бар іс-әрекетті жасырып отырғаны туралы» арызымды 11.06.2010 күні беріп, ол аяқсыз қалған соң «Қылмыстың айғағын жоюға жол бермеу туралы» шағымымды 22.06.2010 күні кеңсесіне тапсырдым. Бұл арыздарда да аталған дыбыс жазуымен таныстырып, үзінді беруін, оның сақталуын қамтамасыз етуін өтіндім. Арыздардың аты­ның өзі айқайлап, шұғыл шара қолдануды қажет етіп тұрса да, облыстық соттың кеңсесі бір ай ішінде жауап аласыз деді. Сол кезде облыстық соттың менің өтінішімді орындауға толық мүмкіндігі бар еді. Біріншіден Қазығұрт сотының серверінде жазу әлі бар еді, екіншіден С.Түлепбергенов облыстық сотқа жіберген істің құрамында сот отырысының дыбысы жа­зылған СD дискісі де болған. Бұл жіберілген құжаттардың тізі­мі бар жолдама хаттан көрініп тұр. Алайда облыстық сотта бұл­таңдап, дыбыс жазуымен Қазығұрт сотында танысасыз деп алдаусырата берді.

С.Түлепбергенов мырзаға облыстық соттан оған айтқан соң ол маған да, хатшысы Н.Пернебаевтың ісін кор­рупциялық сипаты бар қыз­меттік жалғандық жасағаны үшін тексермек болған қаржы полициясының офицеріне де дыбыс-бейне таспасымен сіздерді әні таныстырамыз, міне таныстырамыз деп жүріп, бір күні сервер толып, ол жазу өшіп қалыпты деген жауап берді.

 

Абай Рахматуллин төра­ғалық ететін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 8.04.2010 күнгі маған берген жауабы: «...сот отырысы жазылған дыбыс-бейне таспасы өзгертілмейтінін және аудандық сотта «серверде» сақталатынын хабарлаймыз.»

23.06.2010 күнгі жауабы: «...Сіз әлі де болса аудандық сотқа ... сот отырысының дыбыс жазуларымен танысуға мүмкіндігіңіз бар екенін түсіндіремін».

08.07.2010 күнгі жауабы: «...аудандық соттың 29.06.2010 жылы берген мәліметінде бүгінгі таңда 2-80 санды азаматық іс бойынша бейне-дыбыс жазулары сақтау мерзімінің өтуіне байланысты сервердің жадында сақталмағанын көрсеткен». Одан әрі сипаңдатып келіп, «...Сіздің заңмен көзделген қандай да бір құқығыңыздың бұзылғаны анықталмады» деген.

Облыстық сотта да боғызы былыққандардың басым екенін байқағаннан соң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына, соттардағы дыбыс-бейне жазуының сақталу мерзімі қанша, ол қайда сақталады, онымен танысуыма бола ма деген сұрақ жіберген едім. Бұл еліміздегі биліктің бір тармағының ең басты органы сот отырысының стенограммалары, дыбыс-бейне жазулары хаттамамен бірге істе сақталады деген жауап берді. Бұл жауап Қазақстан түгіл бүкіл әлем танысатындай етіліп, Жоғарғы Соттың сайтына ілініп тұр.  Соған қарамастан облыс және Қазығұрт соты өтінішімнің қанағатандырылуын 6 ай бойы қасақана созбұйдаға салып, енді бүгін беттері бүлк етпей жазу өшіп қалыпты, сіздің “құқыңыз бұзылмапты” деп көлгірсіп отыр.

Бұлардың менің ғана емес, бүкіл қазақ халқының құқығы, ар-намысы тапталғанымен ісі жоқ. Мұны жасырып, қорғап отырған, қазақтың екі бірдей данасының – Абай мен Жамбылдың есімін тағып жүрген, Абай Жамбылұлы Рахматуллин басқарып отырған облыстың сот жүйесі. Бұл мекемені билеген екіжүзділік, жауапкерсіздік, өздерінің жазасыздығына сенімділігі соншама, тіпті есіріп кеткен.

Дүрия Тұрғараева, оның хатшысы Нұрғали Пернебеков, төрағасы Серікбай Түлепбергенов, облыстық соттың кейбір басшылары аталған дыбыс-бейне жазуымен мені таныстырып, үзінді беруден заң талабын бұзып, қашқақтап, Жоғарғы Сотты тыңдамай, жазуларды неге өшіріп тастады? Олар бұл жазу арқы­лы Д.Тұрғараева мен оның хатшысы Н.Пернебековтің қызметтік жалғандық жасап, Дүрия ханымның рулас-ауылдасының пайдасына заңсыз шешім шығарғаны, жабылып жасырған Э.Гайсиннің қылмысы дәлелденіп қалады деп қорықты. Кейбір шала сауатты судьялар заңға жүйрік, оның үстіне Гайсин сияқты озбыр заңгерлері бар И.Лифшиц деген біреудің Шымкенттегі адвокаттық кеңсесімен тайталасудан тайсалады деген сыбыс бар. Егер Дүрия ханым Э.Гайсин қазақ тілін кемсіткен кезде оған тіпті ескерту жасай алмауы осыған байланысты болар.

Соттың басшыларына әділдік, заңдылықтан гөрі өз мекемелерінің көйлегіне кір жұқтырмау маңызды болды. Бұл ретте оларға қазақ халқын қайдағы біреу қорлап жатса да бәрібір. Оларға ұлттық намыстан гөрі жалғанды жалпағынан басуға мүмкіндік беріп отырған қызметін заңсыз жолмен болса да кіршіксіз сақтап, рахат өмірін ұзарта түсу - басты мақсат. Олар өздері солай болып қана қоймай, өздерінен өтетін Н.Пернебаев сияқты айлакерлерді сот аясында тәрбиелеуде. Ол аталған сот отырыстарының қазақша жүргізілген стенограммасын, қазақша жүргізілгендіктен қазақша жазылуы тиіс хаттамасын жоқ етіп, қызметтік жалғандық жолмен өзін қолдаушылардың пиғылына сай орысша жалған хаттама толтырып, Гайсиннің аталған қылмысын хаттамаға кіргізбей, Қазығұрт сотының №80-2 іс бойынша 10.03.2010 күні заңсыз шешім қабылдауына атсалысты. Десек те облыстық соттың апелляциялық сатысы бұл жөнсіз шешімді өзгертіп, әділ қарар қабылдады.

Сөйтіп әділ қазыларымыз кейбірінің заңсыздықтар мен қылмыстарының ашылуына жол бергеннен гөрі, жазуды өшіргенді өздеріне тиімді деп тауып, қолымызда Елбасымыз сеніп тапсырған қызметтің қуатты қаруы тұрғанда бізге су жұқпайды деп осылай етті.

 

Серікбай Төлепбергенов, Қазығұрт сотының төрағасы: “...…жоғарыдағылар айта береді, бүгін кел, ертең кел, бәрібір таспа жоқ.” Байқасаңыздар қарапайым халық түгілі заң да, басшыларын да тыңдамайтын сот жүйесінің пысығы Серикбай мырза болып шықты ғой, сондықтан оның келбеті газеттің жарты бетіне жайғасуға лайықты. Бұл пысыққа халық тек соттау үшін керек.

...Бастапқы ойым халқы­мызды қорлаған Э.Гайсинді тәртіпке шақырғым келді. Бірте-бірте Н.Пернебаевтың жас болса да этиканы, заңды таптап жүргенін көріп, оған да инабаттылық жолы артық болмасын мегзегім келді. Кемшіліктерін көріп тұрсам да, Дүрия ханымды қыз бала ретінде, Серікбай, Абай мырзаларды да тіпті сынға аламын деген ойда болған емеспін.

Э.Гайсин мәселесін көтеріп, сотқа қатысып жүріп Қазығұрт аудандық сотының заңсыздықтың ордасы екенін анық байқадым. Олардың халықтың тағдырын заңмен емес арсыздықпен шешетінін басымнан өткізіп, бұлар талай қорғансыз жарлы-жақыбайларды нақақтан күйдіріп жүр-ау деген ойға келдім. Сөйтіп мұндай келеңсіздікке облыстық прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес полициясының тосқауыл қоюын сұрадым. Олардың басшылары Қазақстан Республикасының Соттар туралы конституциялық заңын көрсетіп, соттарды заң ерекше топқа айналдырғанын, іс жүзінде оларды егжей-тегжейлі тексеріп, жауапқа тартар мүмкіндіктері жоқ екенін айтты. Аталған заң бойынша қаржы полициясының, Ішкі істер министрлігінің бөлімдерінің шағымды тексеру үшін соттағы іспен танысуға да құқығы жоқ екен. Ал прокуратураға бұл рұхсат етілгенімен, тексеріп қылмысты ашуға шамасы да, ынтасы да жоқ. Оның бір себебі жергілікті соттар мен прокуратура күнделікті қызмет бабында «әріптестерге» айналып кеткен сияқты. Аталған Конституциялық заң сот жүйесін, судьялар мен олардың қатардағы құйыршықтарының өзін кастаға, заңға емес, өздерінің түсінігімен, өздерінің мүддесі үшін мемлекеттік қызметтерін пайдалатын қоғамдық топтардың пайда болуына жол ашқан. Олардың қызметін атқарудағы заңсыздығын дәлелдеу мүмкін емес. Өйткені оны ашумен тек сот жүйесінің ішкі қауіпсіздік басқармасы ғана айналысуға құқықты. Бұл басқарма егер арнайы тапсырма болмаса, сот жүйесінде болған қылмысты дәлелдей қояры екі талай. Азаматтық, халықаралық, мемлекеттік және әскери басқару жүйесінде көптеген жылдар бойы қызмет атқарып Оңтүстік Қазақстан облысының, оның ішінде Қазығұрт ауданының сотындағыдай фактілер мен заңдарды еркін бұрмалап, қолдануды, жазбаша түрде сескенбей қызметтік жалғандық жасаудың оннан бірін де кездестірген емеспін. Мұндай моральдық жағынан шіріген, жауапкершілікке тартылуы жоқтың қасындағы сот қызметкерлерінің ұйым­дас­қан топқа айналуы қоғамымыз үшін аса қатерлі. Бұл топтар - қоғамымызды улап отырған сұңғылалар. Бұл заң тұрғанда азаматтардың заңды құқығының сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелі болуы екіталай.

Елбасымыз бәріміздің құқығымыздың кепілі ретінде бұл заңды түбегейлі өзгертуі, оның заман талабына сай шығуына қоғам мүшелері атсалысуы тиіс. Мен алғаш рет Қазығұрт сотына барғанымда көшеде шемішке сатып отыратын келіншектер сияқты бір әйелдің жүргенін көрдім. Сөйтсем ол судья Дүрия Тұрғараева болып шықты. Бұл қарындасымыздың әдептілігі де, тәртібі де, қитұрқы іс-әрекеті де, білгірлігі де менің ол туралы бастапқы пікірімді күшейтпесе, өзгерткен жоқ. Алайда ол каста тобының, республиканың атынан тағдырыңызды қалауынша шешіп жіберетін өкілеттігі бар. Ол, жер бетінде сүйретіліп жүрген бәрімізден де артық мансаптағы пенделер қатарында тұр. Тек мұндай мансапқа оның қолы қалай жетті екен?

Э.Гайсиннің халқымызды қорлауы маза бермей, бұл туралы Шымкенттің Әль-Фараби аудандық сотына арыз беріп, оның кінәлілігін дәлелдейтін дыбыс-бейне таспасының Қазығұрт аудандық сотында екенін көрсетіп, таспа жазудың көшірмесін сол соттан алуын сұрандым. Заң осындай жағдайларда сотқа айғақты тікелей сұрап алуға мүмкіндік береді. Алайда Әл-Фараби соты маған «дәлелді өзің әкеліп бермедің» деп істі қабылдамай қайтарып жіберіпті. Бұлар да ұйғарымын 02.06.2010 күні қабылдап, кемшілікті түзетуге 10.06.2010ж. дейін маған мерзім белгілепті. Алайда бұл ұйғарым соттан, кеңсесінің соққан белгісіне қарасақ бес күннен кейін 07.06.2010 күні шығып, менің мекен-жайыма 11.06.2010 күні жетіпті. Мұны пошта белгі көрсетіп тұр. Сотқа олардың хатының кеш келгенін көрсетіп, мұны конверттегі штамппен дәлелдеп, айғақты аталған соттан алуын сұрандым. Алайда Әл-Фараби соты уақтылы жауап бермедің деп Э.Гайсинді жауапқа тартудан бас тартты. Ал Э.Гайсиннің бізге қарсы талаптарының мерзімі өтсе де, конверттегі штампқа қа­рап оны облыстық соттың қызметкерлері қолдап отыр. Демек судьялардың И.Лифшицтің адвокаттық кеңсесінен сескене­тіні рас сияқты. Ал бірақ олар өзін-өзі қорғауға шамасы жетімсіз ауыл тұрғынын ойлан­бай, заңға томпақ келсе де сергелдеңге сала беретіні хақ.

Заңсыздықты оңтүстіктің сот жүйесінің өзі өрбітіп отыр. Қазығұрт соты ақпан айынан шілдеге дейін есігін тоздырсам да неге мені сұраған дыбыс-бейне жазуымен таныстырмады? Неге облыстық сот өзінің 8.04.2010 күнгі жауабына сай Қазығұрт сотына дыбыс-бейне жазуының сақталуын қамтамасыз ету туралы нұсқау бермеді? Неге «Қылмыстың айғағын жоюға жол бермеу туралы» деген арызыма сай шұғыл шара қолданылмады? Ал Қазығұрт соты іспен бірге облыстық сотқа жіберген, бізді қызықтырып отырған дыбыс жазуы бар СD дискісін кім істен шығарып, жоқ қылып жіберді? Облыстық сот неге мені тым болмаса осы дискінің жазуымен таныстырып, көшірме бермеді? Неге істе сот отырысының стенограммасы, қазақша жазылған түпнұсқасы жоқ? Жоғарғы Сот мұның бәрі істе сақталады деген, ал оңтүстіктің сот басшылары мұны білмей ме, әлде біле тұра орындамай ма? Егер білмесе, қызметтерінен кетуі тиіс, шала-сауатты судьялар халықтың тағдырын шешуі жөн емес. Ал біле тұра, аталған айғақты өшірген болса, тиісті жауапқа тартылып, орындарынан сұңғыладай жұлынып тасталуы керек.

Біз жариялап отырған фактілерді тек Абай Жамбылұлы Рахматуллиннің өзі шындыққа шығарамын десе, әлі де мүмкіндігі бар. Сөз болып отырған CD дискісі де сейфтердің түкпірінде жатуы мүмкін. Ал ол мұны қаламаса айтылған фактілерді біз дәделдеп тұрсақ та, олар дәлелдемейді.

Абай мырза! Сіздің өзіңіздің жоғарғы лауазымыңызды, халқымыз құрметпен айтып, ұлдарына үлкен үмітпен қоятын атыңызды, өзіңіздің азаматтық позицияңызды көрсететін кезіңіз келді. Немесе, қазақ халқын қорлаушының басты қорғаушысына айналасыз. Мұныңызды бұқара халық, ата-бабамыздың әруағы кешіре қояр ма екен? Сіз одан кейін өзіңізді қалай қазақ халқының ұлымын демексіз?

Біз сізді қазақ халқын басқа халықтардан жоғары қой деп отырған жоқпыз, сіз қазақтарды қорлатпасаңыз болды Гайсин, Дурия, Тулепбергендерге.

Оңтүстіктің дайынсыз судьялары туралы Жоғарғы сот­тың бұрынғы төрағасы Қ.Мәми мырза 2009 жыл ашына айтып, өткен жылдың желтоқсан айында сіз көпшіліктің алдында арамызды арамза судьялардан тазарттық деп баяндама жасап, халықты бір қуантып қойып едіңіз.

Сөйтсек сұңғылалардың ындызы терең, қайта өсіп-өрбіп, болашақта өздерінен өткен «бөлтіріктерін» баулып жатыр екен ғой. Менің немерем солардың тепкісіне түскенін қаламаймын. Бұған Абай мырза не дер екен, күтелік?

Қазығұрт аудандық, Оңтүс­тік Қазақстан облыстық сотта­рының заңдарды, Жоғарғы Сот бекіткен ережелерді, мемле­кетіміздің қыруар қаржы бөліп сот ісін информатизациялап жатқан саясатын елемей, жеке бастарының мүддесін қуалап, оларға қайшы жұмыс істеуді күнделікті әдетке айналдыруы – мемлекеттік басқарудың жоғала бастағанының айғағы.

Бұл келелі мәселені тиісті органдар зерттеп, осы жағдай­ды тудырған факторларды анықтап, жан-жақты сараптап, мемлекетіміздің басқару жүйесінің, атап айтқанда құқық қорғау, сот жүйесінің қалтқысыз халқымызға қызмет етуін қамтамасыз ететін жолға салу кезек күттірмейтін кезеңге жетіп отыр. Соттар туралы Конституциялық заңды өзгертіп, олардың кастаға айналған мүмкіндігінен айырып, заң алдында бәрімізбен тең етіп, оларды да өкілетті органдар алдында жауапты ету қажет. Сонымен қатар, жергілікті судьяларды халық сайлағаны, құқық қоғау органдарының қызметкерлерінің қызмет ететін аудан-облыстарын жиі ауыстырып отырғаны орынды. Бұл олардың өзара тіл табысып, заңды ұмытып кетуіне кедергінің бірі болмақ.

Біздің қоғамның   даму деңгейі Батыстың үлгі-қалпымен өмір сүруге дайын емес. Сондықтан өзіміздің жағдайымызға сай құқық қорғау органдарының жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Бұл жүйе ойдағыдай жұмыс істеуі үшін, лайықты кадрлармен жасақталып, органдар бір-бірін бақылап, халықтың назарында болуы тиіс. Бүгінгі күні құқық қорғау жүйесінде қызмет еткен, етіп жүрген кісілердің әдеуір бөлігінің бала-шағасын былай қойғанда, жекжат-руластарының бәрі осы жүйенің әр тарабында жауапты қызметтерде мығым отыр. Бұл мұндай топтарға, шешуші мекемелерде өз адамдары отырғандықтан жауапкершіліктен сескенбей, өз пиғылдарын еркін іске асыруға мүмкіндік беруде. Егер бұл үрдіс сақтала беретін болса, мемлекеттік органдарды сұңғылалардан да өткен спруттар билемек.

Сол себепті де мемлекеттік басқару, әсіресе құқық қорғау жүйесінде қызметке “тұқым қуалау” принципімен қабылдап, тағайындауды доғару қажет. Құқық қорғау жүйесінің кадрларының басым көпшілігі қарадан шыққан, қарапайым халықтың өмірін түсінетін жастардан іріктеліп алынуы тиіс.

Менің байқағаным, Оңтүс­тік Қазақстан облысында тек Ішкі істер департаментінде ғана жұмыс әжептеуір заң, заман талабына сай ұйымдастырылып, қаржы полициясында осындай ұмтылыс бар. Егер олар да сұңғыла қазылардың жолына түссе, облыстың қоғамдық тұрақтылықтың быт-шыт болуы ғажап емес.

Сіздер халықтан жасыра алмайсыздар, басты үкім халықтың қолында. Оның үстіне басқа мекемеден таяныш тапқыңыз келсе, ол заң бойынша арызданушыға бір ай ішінде жауап береді. Ал судья сол жауапқа сай өзгеруі мүмкін екенін сезіп тұрса да, сіздің ай түгіл сағатыңызға да қарамай, мәселені білгенінше шешіп жібереді.        

Судья Дүрия Амантайқызы осы іске байланысты біздің қарсы талап арызымызды қабылдамау жөнінде шешім қабылдап, оны пошта арқылы жіберіпті. Алайда бұл хат бізге әлі күнге дейін келген жоқ. Судьяның осындай шешім шығарғанын кеш білдік, сөйтіп оған тиісті жолмен қарсылық көрсете алмадық. Ал сот мәжілісінде түзетіп берген қарсы талабымызды қабылдамай, прокурордың қарсылығына сай оқиға қайта тексеріле бастағанына қарамай белден басып жөнсіз шешім шығарып жіберді.

 

Ерментай

СҰЛТАНМҰРАТ,

Академик