ТӘЖІБАЕВ ТАҚЫРЫБЫ ТЕРЕҢ ЗЕРТТЕЛУДЕ
2010 ж. 23 шілде
3839
0
Жақында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде философия және саясаттану факультетіндегі социология, психология және педагогика ғылымдарының бірлескен ғылыми кеңесі өтті. Ғылыми кеңесте ізденуші Маржан Құбығылқызы Ахметованың «Академик Төлеген Тәжібаевтың (1910-1964) психологиялық мұрасы және қазіргі кездегі Қазақстанның психологиялық ғылымы» атты докторлық диссертациясы қорғалды. 1999 жылы «Т.Тәжібаевтың педагогикалық көзқарастары» атты кандидаттық диссертация қорғаған ғалымның Тәжібаевтың рухани мұрасын зерттеп келе жатқанына жиырма жылдан асып жығылады.
Аталған докторлық диисертацияда автор Қазақстандағы психология ғылымының іргетасын қалаған қазақтың біртуар азаматының психология саласындағы күні бүгінге дейін маңызын жоймаған аса өзекті мәселелерін тұңғыш рет тұтастай ғылыми жұртшылықтың назарына ұсынып отыр. Зерттеуде Т.Тәжібаевтың күні бүгінге дейін қазақ психологтарының назарына ілікпеген батыстың классикалық психологиясының өкілдері мен бірқатар кеңес психолгтарының мұраларын қалай зерттегені және қазақтың тұғыры биік тұлғалары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлихановтардың психологиялық мұраларын қазақ топырағында тұңғыш рет жария еткенін ашып көрсетеді. Ізденуші қазақтың ұлы ойшылы Абайдың ұлтымыздың психологиялық желісін қалай жасағандығын өз еңбегінде кеңірек баяндайды. «Т.Тәжібаев ұлттық психология, қазақтың ұлттық мінезі, этнопсихология мәселелерін сонау тотолитарлық жүйе кезінде ешкімнен жасқанбай мәселе етіп көтеру арқылы тың тақырыпқа түрен салып, салиқалы ой түйе білді. Оның еңбектері бүгінде еліміздің психология ғылымына үлкен ықпал етіп ғана қоймай, алтын діңгегіне айналуы керек», - дейді Маржан Ахметова. Қазіргі жаһандану заманында психология саласындағы кесек туындының елімізде әлде де кенжелеп дами алмай келе жатқан ұлт психологиясының кейбір өзекті мәселелерінің шешілуіне жол көрсетері анық. Еңбекте ізденуші ауыл халқының психологиялық жағдайлары, тұрмыс-салты, ауыл мектебінің жай-күйі, шалғайдағы мал жайылымдары, пансионат, интернат оқушылары психологиясының әлі күнге дейін психологиялық тұрғыдан зерттелмегеніне назар аудару керектігін алға тартады. Кеңесте көптеген психология ғылымдарының докторларының жағымды пікірелері, зерттеуді қуаттағандығының айқын белгісі.
Жиын барысында диссертантқа бір аузыдан психология ғылымдарының докторы атағын беру туралы шешім қабылданды. Осындай терең зерттеулерден кейін Тәжібаев мұраларының сабақтастығы, өміршеңдігі, алдағы уақытта да еліміздегі психология ғылымына шамшырақ болатыны анық.
Гүлмира САДЫҚОВА