ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

d188d18bd293d18bd181-d182d2afd180d0bad196d181d182d0b0d0bd3

Кеңес одағының Шынжаң өлкелік үкіметіне әскери көмек көрсетіп, оңтүстік Шынжаңдағы ұлт азаттық қозғалыстарын бастықтыруы міне осындай ішкі мүдделер таласынан туған еді. Шың Сысайдың билік басына келуімен Кеңестер одағының онымен достық орнатып, оны өзі бағынышты болған гоминдаңдықтардан дербес күш ретінде ұстай білуінің ар жағында да құрық бойламайтын қулықтар жатты. Алғашқы кезеңде айқанына көніп, айдағанына жүре білген Шың Сысайда олардың көңілін қалдыра қойған жоқ. Әсіресе басқа шетелдердің ықпалындағы Шынжаңды дербестендіру идеясын көтерген мұсылмандар мен түркілерді қырғындауда кеңестіктердің тапсырмасын артығымен орындап отырды.

 

Шығыс Түркістан Ислам Республикасының соңғы күндері

 

1934 жылдың бас шенінде Кеңес одағы Шың Сысай басшылығындағы қытай билігінің үстемдігін нығайту жолында қарсы келген топтар мен оңтүстік Шынжаңдағы ұлт азаттық күресін жаныштау қимылын батыл қолдады. Үрімжіден аттанған қалың қол (әрине кеңес армиясын құрамына алып) Оңтүстік Шынжаңның кірер қақпасы болған Құмылды бетке алды.

Бұл жерде кеңестіктердің Жа­пония­ның Қытайдың шығысын иелеп, өздеріне қатер төндіруінен сақтану, коммунистік қытайды қолдап, гоминдаң қытайларын тізгіндеу, Шың Сысайды қолдау арқылы гоминдаңшыларға қарсы қою немесе Шынжаңдағы өз ықпалын нығайту секілді көптеген ішкі мүддесі бар еді.

Ал Шың Сысайдың дара билігі мен кеңестіктерге сүйеніп үстемдігін нығайтуына қарсы Нанжиң үкіметі де қарап жатпаған болатын. Сол себепті де Жияң Жеші 1933 жылы қыркүйекте заң министрі Ло Вынгаңды Шынжаңға жіберіп, дүнген милитарист Ма Жұңиың мен Іледегі әскери мансапты Жаң Пи-юанды қолдап, Шың Сысайға қарсы одақ құруды ұйымдастырмақ болады.

Шың Сысай қолы Үрімжіге шабуыл ұйымдастырған дүңген генаралы Ма Жұңиың (1911-?) мен Қожанияздың(1887-1938) қолына бетпе-бет келіп, оларды торғайдай тоздырды. Қосақ арасындағы қазақтардың қырғыны да аз болған жоқ. Қазақтардың шығысқа босып, бүгінгі Еуропа қазақтарының қалыптасуына себеп болған қанды көш осы кезден бастау алған еді.

  Өлкелік үкімет пен Кеңес одағы қызыл армиясының бірлескен шабуылына ұшыраған Ма Жұңиыңның қосыны оңтүстік Шынжаңға қарай шегіне соғыс жасады. Ақсудан Қашқарға шегініп бара жатқан Ма Фуюанның алдынғы шолғыншылары Қашқар Жаңашәрі ауданын қорғап тұрған Ма Жиянсаң, Ма Шауу қосындарымен қосылды.

Шығыс Түркістан Ислам Республикасының ажалы өзінің жауы болған қытайлардан емес, діндес бауырласы дүңгендерден келді. Қытайлардан қашқан дүңген қолы жаңа мемлекеттің астанасы болып тұрған Қашқар қаласын басып алып, өзіне қарсы келгендерді табанымен таптап өте шықты. Шығыс түркістандықтардың қарсыласуға шамасы келмей қалды. Сәбит Дамолда қатарлы жетекшілері мен Қашқарға қашып барған Қожанияздар қашып кетті. Көктен найзағай түскендей Қашқар қаласы былыққан күйге тап болды. Шығыс Түркістан Ислам Республикасы дәрменсіздік танытты. 6 ақпанда олардың әлсіз қарсылығын елемеген Ма Фуюандар қаланы қайта тартып алып, жаңа орданы түбегейлі талқандады. Қашқарда құрылған Ислам Республикасы үш айға жетпейтін уақыт өмір сүріп, осылайша құлады. Дүңгендердің бұлайша тап беруінің бір себебі: «біз қытайларға қарсы оқ атқанда сендер көмектеспей қашып кеттіңдер» дейтін ұйғырларға деген ішкі іренішінің жаулыққа айналуы болатын. Және де өздерінсіз бой көтерген жаңа Ислам мемлекетін мойындағысы келмейтін ұлттық қайшылық та бар еді.

Шығыс Түркістан Ислам Республикасы үкіметінің қалған адамдары Сәбит Дамолданың бастауында батыстағы Иіңсарға барып бас сауғалады. Ал, басшылыққа тағайындалған Қожанияз шығыстағы Қытай мен Кеңес одағының шекарасындағы Еркеш көліне қашып барды. Әрі ол жерде Кеңес одағының өкілдерімен келіссөз өткізуге мәжбүр болды. Ауқымды бірден болжай алмаған олар Кеңес одағы көмек береді деп дәмеленген еді. Алайда көктен сұрағанын жерден тапқан кеңестіктер Қожанияз тобының райынан қайтып, Шығыс Түркістан Ислам Республикасын таратуына жұмыс істеді. Бір жағынан қытайдың, бір жағынан дүңгеннің, енді бір жағынан Кеңес Одағының  қысымына ұшыраған Қожанияз тобының басқаша шығар жолы да жоқ еді. Ал енді бір тараптан кеңестіктер Қожаниязға Шығыс Түркістан Ислам Республикасын таратып, жетекшісін ұстап берсе өлкелік өкіметтің орынбасар төрағалығына отырғызамыз деген уәдесін де берді. Солай етті де. Сөйтіп бағынуға өз келісімін берген Қожанияз Сәбит Дамолдаға хат жазып президенттің “Шығыс Түркістан Ислам Республикасын” таратуына өтініш білдірді. Екінші наурызда Сәбит Дамолда Иіңсарда “Ішкі кеңестің ерекше мәжілісін” ашып, Республиканы тарату бұйрығынан бас тартатынын жарялады әрі Қожанияздың сатқындығына наразылық білдірді. Яркенге барып “Хотан Ислам Үкіметінің” жетекшісі Мұхамет Еменмен ақылдасып, тығырықтан шығатын жол іздеді.

Сәуірдің орта шенінде кеңестіктер және оның ықпалындағы Шың Сысайды сүйеніш еткен Қожанияз Ма Фуюаннан бұрын Яркенді басып алып, Сәбит Дамолданы және “Ішкі кеңес” бастығын қолға алып, кісендеп қинап, Мекіт арқылы Ақсуға айдап апарып, Өлкелік үкіметке тапсырып берді. Шілдеде Сәбиттер дарға асылды. Мұхамет Емен бағына жарай қашып құтылып, Яркен арқылы Хотанға қайтып кетті.

Мұхамет Емен қатарлылыр бірқанша түйеге алтын артып, үш мың адамды бастап, Кашмирге қашып барды. Онда барған соң күресті жалғастыруды мақсат етіп, Ауылдастар одағын құрды(«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 263-264 бет).

Мұхамет Емен шетелге барғасын аты-жөнін өзгертіп, орынын ауыстырып, алдымен Ауғанстан патшасына барып, ай сайын он мың теңге көлемінде жалақы алып, онан соң Жапониямен істестік орнатып, Жапонияның Кабулдағы елшісі арқылы олардың Шығыс Түркістанның тәуелсіздік алуына көмектесуіне өтініш білдірді. Өздерінің де жапон армиясына көмектесе алатындығына сендіріп, жол-жорықтар көрсетті. Жапонияның көмегінде Шынжаңның дербестігі жүзеге асса Шығыс Түркістан мемлекетінің Жапонияға ерекше экономикалық, саяси құқықтық-мүдде жеткізетін білдірді. Мұхамет Емен кейіннен «Шығыс Түркістан тарихы» атты кітап жазды. 1943 жылы отанына қайта оралып, 1949 жылы өлкелік өкіметтің орынбасар төрағалық мәртебесіне дейін көтерілді. Қытай қызылдарының Шынжаңға кіруімен Үндістан арқылы шетелге қашып кетті.

Шын мәнінде жоғарыдағы оқиғалар Шығыс Түркістан Ислам Республикасының соңғы күндеріндегі арпалыстары ғана еді.

 

(Жалғасы бар)

 

Жәди ШӘКЕН