ҚАНДАСТАРЫМЫЗ неге кейін қарай көшуде?

d0bed180d0b0d0bbd0bcd0b0d0bdd18b

Оралман ағайындардың  көңіл қуанышы деп – ұрпақтарын жат елдерде ассимилиятцияланып кету қатерінен құтқарғанын, балаларын жоғары оқу орындарына беріп, мамандық иеленуіне негіз қалағанын айтар едік. Бір өкініштісі сол – отанымызға қоныс аударған қандастарымыздың арасынан «беттің арын белбеуге түйіп» кері көшушілердің табылып отырғаны. Мұндай келеңсіз жағдайға мынадай үш түрлі себеп болуы бек мүмкін. Біріншіден, қандас-бауырластарымыздың нартәуекелге келе алмауынан. Екіншіден, олар қазақ елінің байырғы тұрғыны болмағандықтан да, орыс тілді терминдердің кесіріне ұшырайды. Қағазбастылықтан әбден титықтап, жігері құм болады. Мәселен: полиция, көші-қон, заң мекемелеріне өткізетін құжаттардың  қиындық тудыратыны сөзсіз. Үшіншіден, бүгінде елімізде келген қандас ағайындардың тыныс-тіршілігін дөп басып білетін бірде-бір мекеме немесе зерттеу органдары да жоқ. Осындай себептерге байланысты оларға өз бетімен қажетті құжаттарын түгендеу оңайға түспейді.

Тағы бір тоқтала кететін жағдай – елге  оралып жатқандарды және енді оралатындарды толғандырып, кейде қара көңіл етіп түңілдіретін жайттердің туындап отырғаны да жасырын емес.                               

Бұл мәселеге Қытай қазақтарының ескі жұрттан қозғалмағандары арасында қазақ елі турасындағы алып-қашпа әңгімелер мұрындық болғанға ұқсайды. Мұндайда анағұрлым кері түсінік қалыптастыруға белсенді әзәзілдер Қазақстанға бір жолата көшіп келгісі келетін қарапайым еңбек адамдарын азғыруды әдетке айналдырған. Олар – Қытай елінің қоғамдық дамуы үшін ұзақ жыл «еңбек сіңіріп», отаршылдық саясатқа жан-тәнімен берілген кейбір қазақ азаматтары (әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз) яғни ұлт сатқындары ғана.  Олар басына төнер қауіптен қорқады, әрі жұмсақ креслоны қимайды. Қысқасы, Қытайдағы қазақтардың қотарыла көшіп, жұртында қалдырып кетуінен алаңдайды. Бұл «Су ішкен құдыққа түкіргендік» немесе екі ел арасына араздық тудыру емес, қайта, бүгінгі өмір айнасы көрсетіп отырған ақиқат.

Мұндай керағар топтағылар – қазақ жұртына көшіп келіп, өзінің олақтығынан немесе аңғалдығынан алаяқ делдалдардың алдам қалтасына түсіп, сан соғып жатады. Сондай-ақ тірлік арбасын дөңгелете алмай, кері көшуге мәжбүр болған некен-саяқ адамдардың іс-әрекетін сылтау етіп, көлденең тартады. Ал, қайтып барғандардың жүзін жылыту үшін, қазақ елі жайлы өрбіткен теріс көзқарасы ұлт азғындарына таптырмас «олжа» болары анық. Соңғы кездері көш легінің саябырлай бастауына осындай кері түсініктердің себеп болуы бек мүмкін. 

Ал, кері көшушілердің айтар уәжіне келсек: мемлекеттік «нұрлы көш» бағдарламасын жаңадан қоныстанушылардың жағдайы мен қаржылық әл-ауқаты жететіндей етіп, қайта қарап кемелдендіре түсуді талап етіп отыр. Атажұртқа енді ғана оралған ағайындардың дені дәулетті өреге әлі толық жете қоймағандықтан, қаладан өте қымбат бағадағы баспана алуды қалтасы көтермейді. Үй алған күннің өзін де, несие сұрап, қарызданудан қоқады. Жаңа жұртқа келгенде, шаш-етектен қарызға батсам, ертеңім қалай болады? Айлық жалақымен өтей алам ба, жоқ па?,- деген түйткіл арқаларына аяздай батады.

«Ауылда ешқандай кәсіп түрі, күнкөріс үшін табыс көзі де жоқ. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей өзімізге тиесілі біраз жерге салған егіннен алған өнімді арзан бағамен сатуға мәжбүрміз.Мұндай пұшайман жағдай жыл сайын жалғаса берсе, көңілдан уайым арылмайтын сияқты», - дейді ШҚО Үржар ауданы, Көкөзек ауылындағы қандас ағайындар.

Халықаралық «Түркістан» газетінің белді журналистерінің бірі Есенгүл Кәпқызы «Кері көшудің сыры неде?» деген мақаласында мынадай азаматтық ой айтады:

«Әрине, «елім деп» келген қандастарымыз атажұрттан аса бір көңілі қалмаса, кері көшуді ойлайтын ба еді. Ал қандастарымызды ренжітіп кері қайтарғанда олардың бөтен елге – қазақ жұртына сын көзбен қарап отырған басқа бір мемлекетке баратынын ұмытпауымыз керек қой».    

Бүгінде желдей гулеген жаңсақ пікірлер Қытай елінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың азғындамай тұрып, тарихи отанына оралуына кедергі болумен қатар, қазақ мемлекетінің халықаралық беделіне нұқсан келтіруде. Сондықтан оралып жатқан қандас-ағайындардың ойдағыдай орналасып, аңсаған атамекенге тастай батып, судай сіңіуіне барлық мүмкіндіктерді қарастыруымыз қажет-ақ.

Қандас ағайындардың үкі­ле­ген үміті рухы асқақ, еңсесі биік қазақ елінен үзілмесін деп тілейік!

 

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ