Путинге қарсы әндер хитке айналды
2014 ж. 12 қыркүйек
1862
0
Украинада музыкант болып жүрген жерінен АҚШ-қа көшіп, жүк көлігінің жүргізушісіне айналған Вадим Дубовскийдің Путинге қарсы саяси әндері халық арасына кең тарап барады. Жақында ол жаңа «клип» шығарды.
Донецкіде туған Вадим Дубовский осыдан 10 жыл бұрын Америкаға қоныс аударған. Ол Ресейдің, әсіресе, президент Путиннің, өз отаны – Украинаға жасап отырған әлімжеттік саясатына наразы.
Рөлде келе жатып қоңыр даусымен салған әндерінен Ресейдің саясатына деген өкпе-ренішті байқау қиын емес. «Тозақ оты сөнген жоқ» деген жаңа әнінде ол Ресейді «қырғиқабақ соғыс кезіндегі ескі әуеніне қайта басып, барлық проблемалары үшін Батысты кінәлауға көшкені» үшін сынайды.
«Путин, күтпе қайырым,
Гаага соты - тағдырың.
«Боинг», Қырым, Донбасты,
Кешірмейміз барлығын»
Осылай деп ән салған ол «Путин кейін тозаққа түсіп, жын-шайтандардың «ұстазы» болады» деген «болжам» жасайды.
«ПУТЛЕР КАПУТ»
Дубовский YouTube желісінде украин және орыс тілдеріндегі саяси әндерімен қазір жұртқа біршама танылып қалған. Оның «Орыстардың аңсағаны соғыс па?», «Путин – ху...ло» деген әндері жазылған видеоклиптерін жұрт 200 мың рет қараған. Оның «Конвойға қарсы марш», «Путин, қайырым күтпе» деген әндері де ел арасына тарап кетті.
Ол Ресей президентін кейде «Ху...ло» деп әжуаласа, кейде Гитлерге ұқсастырып «Путлер» деп кекетеді, әрі оның жуықта «капут» болатынын да ескертеді.
Оның әндері совет әндерінің әуеніне жазылған, тіпті кей әндерінен Ресейдің ұлттық гимнінің ырғағы байқалады. Өзінің айтуынша, ол алдымен өлеңін жазып алып, артынан соған музыка таңдайды. Кезінде кәсіби музыкант болған ол өлең және оған ән жазу, оны дыбыстау, таспаға түсіру сияқты шаруалардың бәрін өзі атқарады.
Осыдан 10 жыл бұрын АҚШ-қа гастрольдік сапармен келген Дубовский Америкада қалып қойған. Чикаго қаласына қоныс аударған ол мамандығын өзгертіп, алыс сапарға жүк таситын көліктің жүргізушісі болып алған.
«УКРАИНА ЕУРОПА МЕМЛЕКЕТІНЕ АЙНАЛАДЫ»
Басқа эммигранттар сияқты ол да Ресей мен Украинадағы жағдайды жіті бақылап келеді. Дубовскийдің айтуынша, оның туған қаласындағы соғыс - Ресейдің тыңғылықты ұйымдастырған қитұрқы жоспарының кесірі. Вадим Дубовский Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында:
- Қырымды басып алғандары мені қатты ашуландырды. Ресей барлық халықаралық нормалар мен келісімдерді бұзып, Украина жерін күшпен тартып алды, - дейді.
Ол YouTube желісінде «жұлдызға» айналғанына қуанып жүр, оған тіпті сын пікірлер де, қоқан-лоқы жасаған комментарийлер де ұнаған.
- Мұның барлығы виртуалдық әлемде болып жатыр, ал менің шынайы өмірімде ештеңе өзгерген жоқ, - дейді Вадим Дубовский.
Ол «Егер Украина азаматы болса, Петр Порошенкоға дауыс беретінін» айтты.
Оның ойынша, Украинада болып жатқан оқиғалардың барлығы жақсылықпен аяқталады, Украина нағыз Еуропа мемлекетіне айналады.
«Ал Ресейде таяуда Путиннің билігі құлайды. Ресей нағыз демократиялық елге айналған күнге де жетерміз» дейді украиналық эммигрант.
(Дмитрий Волчек пен Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды)
http://www.azattyq.org/content/us_russia_ukraine_trucker_singing_about_putin/26579356.html