Сұлтанмахмұт ШОҚБЫТОВ, 2011 жылғы қысқы Азия ойындары дирекциясының директоры: ҚАЗАҚ ҚЫСҚЫ СПОРТЫНЫҢ БАҒЫН АШАР «АЗИАДА»

foto

— Сұлтанмахмұт Ноқатұлы, Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары наурыз айында Алматыға келіп, жағдаймен танысқан еді. Спортшылар қай жерде тұрады, спорттық сайыстардың барысы дегендей мәселер төңірегінде әңгіме қозғалған болар. Еліміздің дайындығына, жасап отырған қызметіне олардың көңілі толды ма?

— Азия ойындарының ие­гері және барлық жерде ұйымдастырушы - Азиялық олим­пиадалық кеңес. Оның штаб-пәтері Кувейт елінде ор­наласқан. Азиялық олимпиа­далық кеңестің президенті Шейх Ахмад аль-Фахад аль-Сабах. Астана және Алматы қалаларында өтетін 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының бағ­дарламасы осы жоғарыда аталған кеңесте бекітілді.

2011 жылғы қысқы Азия ойындарына қатысушы елдердің Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары біздің елімізге наурыздың 27 мен 31 аралығында келіп, үлкен жиын өткіздік. Сол басқосуда Астана және Алматы қалаларында бір мезетте «кері есептеу» таблосын аштық. Қысқы Азия ойындарының бағдарламасымен таныстырдық. Олар дайындық барысы жайлы толық мағлұмат алды. Көлікпен, медициналық қызметпен қамтамасыз ету, күтіп алу, шығарып салу және қауіпсіздік мәселелері қалай жүзеге асады, оны кімдер атқарады деген сауалдарға жауап берілді. Жалпы айтқанда олар біздің есебімізді мұқият тыңдап, көңілдері толатындығын білдірді. Сонымен бірге Азиялық олимпиадалық кеңестің белгілеген комиссия мүшелері келіп, тексеріп, өздерінің оң бағасын беріп кетті. Азия ойындарын өткізген басқа елдермен салыстырғанда біздің бір ерекшелігіміз - жарыс өтетін нысандар бір-біріне жақын орналасқан. Дегенмен де Алматы мен Астананың арақашықтығы алыс болғандықтан бір қаладан екіншісіне жеткізу мәселесін де қарастырып жатырмыз. «Air Astana» әуе компаниясымен келісім шарт жасалуда. Адамдар күніне бір рет екі қаланың арасына ұшақпен қатынай алады. Сонымен бірге «Air Astana» компаниясының кейбір қызмет түрлерін тегін көрсетуін де көздеп отырмыз. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» компаниясына да жанкүйлерлер мен қонақтарды, өз отандастарымызды екі қаланың арасында тасымалдауға қосымша рейстер шығару туралы талабымызды қоюдамыз.

Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов әрбір өткен жиналыста тиісті органдарға тапсырма беріп, барлық істі өзі жіті қадағалап отыр.

 — Азиаданы асыға күтіп жүрген жұртшылық жарыстардың билеті қанша тұратындығын білгісі келеді.

— Билет бағасы 200 теңгеден 1500 теңге аралығында болады. Тамыз айынан бастап билеттер сатылым­ға шы­ғады. Сондықтан отандық көрермендер мен жанкүйерлер­дің ертеден қамдануына мүмкін­дігі бар. Мұндай бағаны бар­лық қазақстандықтардың қалтасы кө­тереді деп ойлаймын. Бағаның қолжетімді болуының бір себебі, Азия ойындарын елімізде өткізудегі басты мақсат пайда - табу емес, Қазақстанның имиджін әлемдік деңгейге көтеру, еліміздің даңқы мен беделін дүние жүзіне паш ету. Отандастарымызды, өскелең ұрпақты спортқа жұмылдыруды, қысқы спорт түрлерін дамытуды көздеп отырмыз.

Халықаралық дәрежедегі осы шараны өткізу барысында 20 жыл бойы көңіл бөлінбеген спорттық нысандар күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта қалпына келтірілді. Қыстық спорттық сауықтыру кешендері жаңадан бой түзеді. Сондай-ақ, еліміздің көркіне көз тоймас әсем жерлері мен табиғат сыйлаған мол байлықты шетелдік қонақтарға көрсету арқылы туризмді дамытуға да көңіл бөліп отырмыз. Мәселен, әлемдік рекордтарды неше дүркін жаңғыртқан «Медеу» мұз айдынын әспеттеудің сәті түсіп тұр.

 Шетелден келген спортшылар қайда тұратын болды? Қонақ үйлермен сөйлестіңіздер ме? Бір адамға бағасы қанша болмақ? Шетелдік қонақтар мен жанкүйлерлерге қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

— Біз Алматыдағы жиырмадан астам үш, төрт және бес жұлдызды жоғары сапалы қонақүйлерді таңдап қойдық. Спортшыларды сол жерлерге жайғастырамыз. Азия ойындарының бір ерекшелігі Азиялық олимпиадалық кеңес­тің президенті Шейх Ахмад аль-Фахад аль-Сабах Азиаданы ұйымдастырушы елдерге спортшылардың қонақүйлерде тұру құны мен тамағы 50 доллардан аспауы тиіс деген талап қояды. Бұл сомадан асқан шығынды ұйымдастырушы ел өзі көтеріп алуы тиіс. «Алматы» қонақ үйі спортшыларды 50 долларға тұрғызуға келісім бергенімен, тамағына қосымша ақша төлеуімізді сұрап отыр. Спортшылардың бір күндік тамағы шамамен 5-6 мың теңге тұрады. Оның үстіне спортшылардың тамақ рационы көпшілікке арналғандай емес ерекше екенін ескерсек, аспаздарға арнайы дастархан мәзірін дайындауға тура келеді.

 Азиаданы өткізуге арнайы олимпиадалық ауыл салынбайды. Себебі, қысқы Азиада ойындарына шетелден келетін спортшылар мен бапкерлердің жалпы саны — 1500. Осыдан төрт жыл бұрын 2007 жылғы Қытайда өткен Азиадаға 800 спортшы қатысқан болатын. Яғни, біздің елге келуге ниет білдірушілердің артқанынан жас мемлекетімізге деген ерекше қызығушылықтың лебі байқалады. Азия құрлығындағы 45 ел мүшелікке енгенімен, 2011 жылғы Астана және Алматы қалаларында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысуға 30 ел ниет білдіріп отыр.

 Қысқы Азиадаға Жапония, Қытай, Оңтүстік және Солтүстік Корея, Араб елдері, Кувейт, Въетнам, Индонезия, Малайзия, Индия бастаған 28 елдің спортшылары келеді деп күтіп отырмыз. Ал Орталық Азиядан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркі­менстан қатысады.

— Жарысқа баратын отандастарымыз бен жанкүйерлер қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіле ме?

 — Алматы қаласының көлік басқармасы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесімен айналысып жатыр. Жол кептелісі мен жол апаттарының алдын алу үшін жеңіл көліктерді жібермеуге тырысамыз. Оның үстіне таудың саф таза ауасын ластайтындықтан көлікке шектеу қойылады. Бұл мәселе қазірдің өзінде Шымбұлақ тау-шаңғы комплексінде өз шешімін тауып отыр. Былтыр күзде аспалы жол ашылғанын білесіздер. Осыған орай серуендеушілер мініп келген көліктерін «Медеу» мұз айдынындағы автотұ­раққа қойып, ары қарай арнайы жасақталған кабинамен Шымбұлаққа 15 минутта жетуіне толық жағдай жасалған.

Алматы қаласының көлік басқармасы жарысты тамаша­лауға барушыларды көлікпен қамтамасыз ету мәселесімен қазірдің өзінде айналысып жатыр. Арнайы таулы аймақта жүруге машықталған көліктер шығарылады. «Медеу» мұз айдынына 8 мың көрермен сыйатынын ескерсек, осыншама адамның аман-есен барып қайтуын қамтамасыз етуіміз қажет. Сондай-ақ, Алматының орталық көшелерінде жол кептелісін болдырмау үшін жұп және тақ нөмірлі жеке меншік көлік иелері кезектесіп жолға шығатындай әдісті енгізуді де ойластырып жатырмыз. Қаңтардың ортасынан бастап ақпанның ортасына дейін Алматы облысынан келетін көліктерге де қалаға кіруге шектеу қоямыз.

— Сұлтанмахмұт Ноқатұлы, қысқы Азиадаға арнайы мәдени шаралар ұйымдастырып жатыр екенсіздер, таныстырып өтсеңіз...

— «Мәдени Азиаданың» аясында фестивальдар өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, «Жібек жолы» атты фестиваль арқылы шетелдік қонақтарға ұлттық салт-дәстүрлерімізді кеңірек насихаттамақпыз. Қол өнер туындыларының, ұлттық тағамдардың көрмесі ұйым­дастырылады. Азия елдерінің кинофильмдері көрсетіледі. Көрсетілімге экран арқылы миллиондардың жүрегін жау­лаған кино жұлдыздарын шақыр­мақпыз. Осыған орай ірі компаниялармен сөйлесіп, олардың ұсыныстарын күтіп отырмыз. Отандық эстрада жұлдыздары мен дәстүрлі әншілер концерт береді. Қонақтардың елімізді мейілінше жақын танып, есте қаларлықтай жағымды әсермен елдеріне оралғанын қалаймыз.

— Спорттық жарыстар өтетін Шымбұлақ тау-шаңғы кешені, «Медеу» мұз айдыны, Балуан Шолақ атындағы спорт кешені, «Табаған» спорт комплексі, Талғардағы жаңадан салынып жатқан шаңғы-биатлон стадионы қазір сақадай сай тұрған болар. Жоғарыда аталған нысандарда спорттың қандай түрлерінен жарыстар өтеді?

— «Медеу» мұз айдыны 95 пайызға дайын тұр. Жоғары сапалы мұз төселді. Көрермендер отыратын зал, мінбердің астындағы бөлмелер жөнделді. Қонақ үй жаңартылды. Баспасөз қызметі отыратын арнайы бөлме бар. Мұражайға да арнайы бөлме жасақталды. Ал тамыз айының ортасында барлық нысандарды қабылдап аламыз. Нысандардың барлығы ғаламтормен және телекоммуникациялық құрал­дар­­мен жабдықталады.

Жаңадан салынған және жөндеуден өткен спорттық нысандарда халықаралық деңгейдегі додалар өтпес бұрын тестілеу жарыстары өтуі тиіс. Осыған орай жаңадан тұрғызылып жатқан трамплин спорт кешені тамыз айында пайдалануға беріледі. Ал қыркүйек айының соңында трамплиннен секірудің халықаралық федерациясының ұсынысы бойынша жарыс өткізіледі. Оған Еуропаның әйгілі спортшылары қатысады. Ал Балуан Шолақ спорт кешенінде қазір волейболдан жарыс өтіп жатыр. Сосын күзде шайбалы хоккейден жарыс өткіземіз.

Енді нысандарда өтетін жарыстарға келсек, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде тау шаңғысынан, «Медеу» мұз айдынында бендиден (допты хоккей), Трамплин спорт кешенінде шаңғымен тұғырдан секіруден, Балуан Шолақ спорт кешенінде әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден, «Табаған» спорт кешенінде фристайлдан, Талғардағы шаңғы-биатлон стадионында шаңғымен жүгіруден, биатлоннан және шаңғымен бағдарлаудан сайыстар өтеді. Әйелдер арасындағы шайбалы хоккей Алматыда өтсе, ерлер арасындағы шайбалы хоккей Астанада болмақ. Сондай-ақ, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек тәрізді спорт түрлері де Бас қаламыздың еншісінде.

 — VII қысқы Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаты Астанада өте ме? Ашылу салтанатына ерекше бір бағдарлама әзірлеп жатқан шығарсыздар. Егер құпия болмаса, халықты құлағдар етсеңіз. Ару Астана мен әсем Алматы мәшһүр елге тағы бір жаңа қырынан танылып, әлем спортының тарихынан өз орнын алатын күн де алыс емес сияқты.

 — Азиаданың ашылу салтанаты 30 қаңтарда ару Астанамызда 30 мың адамдық орны бар футбол алаңында өтеді. Бұл футбол алаңы халықаралық стандарттарға сай қазіргі заманауи құралдармен жабдықталып салынған.

Жабылу салтанаты 6 ақпанда Алматыдағы Б. Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 13 шілдеде Алматыға келген сапарында жөндеуден өткен спорт кешеніне арнайы барып, бәрін өз көзімен көріп, ризашылығын білдірді. Азиаданың ашылу салтанатына Астана қаласының әкімдігі тарапынан дайындық қарқынды жүріп жатыр. Жақында болған жиналыста олар ашылу салтанатының өте жоғары деңгейде өтетіндігін мәлімдеді. Керемет таңқаларлық көрсетілімдер болатындығын айтқанымен, әзірге оны құпия сақтайтындықтарын жеткізді. Шараны өткізуге алыс және жақын шет елдердің белгілі режиссерлері мен жоғары білікті кәсіби мамандары тартылуда.

— Қысқы Азия ойындарына бюджеттен қанша қаржы бөлініп отыр?

— Сенімді ақпарат көздеріне сенсек, Азия ойындары екі бағыт бойынша қаржыландырылып отыр. Атап айтсақ, Астана және Алматы қалаларында құрылыс нысандарын салуға орташа есеппен 95 млрд. теңге, ал ұйымдастыру жұмыстарына 20 млрд. жуық ақша бөлінді. Қазір Азиаданы насихаттау, жарнамалау жұмыстары қызу жүргізілуде.

— Жалпы командалық есепте Қазақстан бас жүлдені ала ма? Азияның бетке ұстар командалары Қытай, Корея, Жапониямен үзеңгі қағыстырар қайрат бар ма?

— Мен өзімнің жеке пікірімді білдірсем, бірінші орын үшін күресу оңайға соқпайды. Біздің белді қарсыласымыздың бірі Қытай жазғы және қысқы олимпиадаларды өткізуде мол тәжірибе жинақтаған ел. 2007 жылы Чанчуда қысқы олимпиаданы, 2008 жылы Бейжің олимпиадасын, 2009 жылы универсиаданы өткізсе, 2010 жылы Азия ойындарына қамдануда. Дегенмен де біздің спорт саласындағы басшылар Қазақстанның құрама командасына екінші немесе үшінші орынды иелену туралы міндеттеме артып отыр. Осының алдында өткен Азиада ойындарында Қазақстан төртінші орынға табан тіреген болатын. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, ел үмітін ақтар спортшыларымыз да баршылық. Атап айтсақ, мәнерлеп сырғанаудан алматылық Абзал Рақымғалиев және әлем чемпионатында үздік ондыққа кірген Денис Тен, ал биатлоннан Ванкувердегі олимпиаданың күміс жүлдегері Елена Хрусталева қанжығамызға бір-бірден алтын медаль саларына сенімдіміз. Фристайлдан Шығыс Қазақстан облысының тумасы Дмитрий Рейхерд алтыннан алқа тағар құлшыныс танытып отыр. Канадада өткен олимпиадада жіберген есесін Рейхерд өз Отанында қайтаруға күш салуда. Биатлон және шаңғы спортынан да чемпиондық тұғырға көтерілер мүмкіндігіміз зор.

— Азия ойындарының бағдарла­масына Қазақстан тарапынан қандай спорт түрін енгізіп жатырсыздар?

— Еліміздің тарапынан енгізіп отырған спорт түрлері бенди және шаңғымен бағдарлау. Шаңғымен бағдарлау спортын алған себебіміз, спортшылар компас пен картаның көмегімен арнайы маршрутпен белгілі бір уақытта бастапқы нүктеден келесі нүктеге жетулері тиіс. Туған жердің ой-шұңқыры отандық спортшыларға жақсы таныс болғандықтан шаңғымен бағдарлаудан жоғары нәтижеге жетуге болады.

Негізін «Айсұлу» хоккей клубының қыздары құрайтын Қазақстанның хоккейден қыздар құрама командасы Азия ойындарында қоржынымызға алтын медаль салады деген нық сенім бар. Біздің командаға қай елдің қомандасы қарсы тұра алады деп ойлайсыз?

— Шайбалы хоккейден қыздар құрамасы қарсыласын тұқыртып жіберер айбыны бар мықты команда. Мақтауға тұрарлық чемпион қыздарымыз 2003 жылғы және 2007 жылғы бәсекеде алтыннан алқа таққан болатын. Қазір де үміт үдесінен шығар деңгейде. Қысқы Азиядада қыздарымыздың басты қарсыласы Қытай құрамасы болмақ.

Қазақстанның шайбалы хоккейден ерлер командасы биылғы 2010 жылғы Әлем чемпионатында элиталық дивизионнан бірінші дивизионға түскенін білесіз. Осы олқылықтың қарымтасын Азия ойындарында қайтара аламыз ба?

— Халықаралық сайыс алтын бесік атамекенімізде өтетіндіктен және де рух беріп жебейтін жанкүйерлері де жанында болатындықтан, әрі спортшыға қажетті барлық жағдай толығымен жасалғандықтан олардың жеңіс тұғырынан көрінбеске амалдары жоқ. Оның үстіне мемлекетіміз де олардан тек алтын жүлдені талап етіп отыр. Олардың осы ұстанымнан төмендеуге, намысты қолдан беруге құқы жоқ. Осы додада сайыпқыран жігіттеріміздің басты қарсыласы Жапон құрамасы болмақ.

— Бендиден (допты хоккей) Оралдың «Ақ жайық» командасының базасында құралған құрама жүлделі орынды иемденуі мүмкін бе?

 — Бендиден қанжығамызға олжа салар белді де белсенді құрама командамыздың әлем чемпионаттарында мықтылармен иық тіресіп жүрген жайы бар. Допты хоккейдің жаппай елде емес тек бір аймақта ғана дамып жатқаны өкінішті-ақ. Осындай іргесі берік команданың негізін қалап, оны «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар етіп отырған» Оралдағы спорт басқармасының басшыларына айтар алғысым зор.

Алдағы Азия ойындары осы күнге дейін кенже қалып келген Қазақстанның қысқы спорт түрлеріне серпін беріп, болашақта ерекше қарқынмен дамыр деген ойдамын. Талай қара домалақтың жүрегінде: «Даңқты спортшы боламын» — деген арман оты тұтанып, әлі талай мықты командалар дүниеге келер күннің ауылы алыс емес сияқты.

—Азия ойындарын өткізуге ұйым­дастырушалар мен волонтерлерді қос­қанда қанша адам жұмылдырылып отыр?

— Азияданың қалалық ұйым­дастыру комитеті Алматыда 2008 жылы құрылды. Оның басшысы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов. Апта сайын ұйымдастыруға байланысты жиналыстар өтіп тұрады. Комитеттің құрамына қаладағы барлық мемлекеттік органдар кіреді. Олардың саны отыздан астам. Әр басқармада он адам Азиадамен айналысады. Солардың бәрін қосқанда күнделікті төрт жүздей адам жұмылдырылып отыр. Сонымен бірге қонақтарды әуежайдан күтіп алу, жарыстарға алып жүру, жайғастыру, тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты істермен айналысатын он беске жуық сала тартылған.

 Екі мың бес жүзге жуық волонтер шақыруды жоспарлап отырмыз. Олардың басым бөлігі студенттер болмақ. Волонтерлерді шағын курстардан өткізіп оқытамыз, арнайы киімдермен киіндіреміз. Қазір киімдерге тапсырыс беріліп қойды, желтоқсан айында дайын болады. Қорыта айтқанда, Азияданы жоғары деңгейде өткізуге бар күш жігерімізді салудамыз.

— Әңгімеңізге рақмет. «Азиада-2011-де» қанжығамыз майланып, чемпион тұғырын қазақстандық сайыпқырандар молынан еншілесін.

 

Сұхбаттасқан

Сандуғаш Серікқали,

Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері,

Қазақстан журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» дипломының иегері