Қайрат Мусин, кәсіпкер: ӘР ҚАЗАҚ НАМЫСТЫ БОЛСА, ҰЛТТЫҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ!

d184d0bed182d0be-d0bcd183d181d0b8d0bd

– Қайрат аға, ердің жасы елуге келіп қалған екенсіз. Әрине, елу жас аз уақыт емес. Бір сәт елу жастың биігінен қарағанда не бітірдім, неге үлгере алмадым деп ойлайсыз?

– Саналы өмірдің өзі отыздан кейін бастала ма деп ойлаймын. 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін алғы шепте жүріп кәсіпкерлікпен айналыстық. Сол арқылы отанымыздың аяғынан нық тұруына, жетілуіне, көгеріп-көркеюіне аз да болса үлес қосып, еңбегімізді сіңірдік. Соның нәтижесі ретінде сол кездері қалада ашылған бірнеше жекеменшік кәсіпорындарының жұмысы жанданғанын айтуға болады. Ол кезді еске алмай өтуге болмас. 90-шы жылдары Өскеменде ешқандай өндіріс орындары жұмыс істемей тұрған. Сол кезде, шынын айтқанда, өндірістің көзі базар болды. Жұрт  нәпәқасын базардан тауып, бала-шағасын асырады. Бүкіл халық – мұғалімдер, дәрігерлер өз жұмысын тастап, алып-сатумен шұғылданды, базармен күнін көрді. Қорегін айырды. Біз де өз кәсібімізді сондай бір алмағайып, дүрбелең тұста бастадық. Сөйтіп, ақырын-ақырын жұмысымыз алға басып, базардың бастығының орынбасары, бастығы секілді қызметтер атқардық. Анығын айтқанда, 1995 жылдан 2000 жылға дейін базарда жұмыс істедім. Сол кезде басқа да жұмыстармен айналыстық. Сауда үйін аштық. Қалалық санэпидемистанцияның жұмысын жетілдірдік. «Шығыс-Баспа» деп аталатын ғимаратты сатып алып, баспалық жұмыспен шұғылданған кезіміз де болды. Бүгінгі таңда 29 газет басамыз. 71 мың данамен жарық көретін өзіміздің жекеменшік «Жарнама» деген газетіміз бар. Ол жерде 150 адам жұмыс істейді. Мұның бәрі сол кезде дұрыс бағыт алып, дұрыс жолда еңбек еткеніміздің жемісі деп білемін.

– Былайша айтқанда, сіз құралпы кәсіпкерлер сол кездері Өскеменде базар нарқының, кәсіпорындардың қалыптасуына, аяғынан тік тұруына үлес қосты ғой.

– Жоғарыда айттым ғой, ол кезде өндірістің көзі тек базар болды. Бүгіндері азуын айға білеп тұрған «Қазцинк», УМЗ секілді алпауыт кәсіпорындардың ол кезде бірі де істемейтін. Бәрі тоқтап тұрды. Халықтың бәрі базарда болды. Сөйтіп жаңадан тағы бір орын аштық. 2007 жылы жеміс-жидек сататын «Дина» толайым базарын іске қостық.

Базарды әркім әрқалай түсінеді. Базарды оңай нәрсе деп түсінетіндер көп. Аласың да төбесіне шатыр қойып, сауда жасай бересің деп ойлайтындар да бар. Егер бұлай ойлайтындар болса, қателеседі. Ал шын мәнінде базардың не екендігін базарда қызмет істеп, соның отымен кіріп, күлімен шыққан, суығына тоңып, ыстығына күйген адамдар ғана білсе керек. Талай адам базар ашып, қалтасын қампайтып, бүйірін томпайтып, қызылды-жасыл ақшаны судай сапырып, сайран салғысы келген. Талай жігіт жеке кәсіппен айналысып, биікке ұмтылып, асқар шыңды бағындырғысы келген. Бірақ, бұл - барлық адамның қолынан келе беретін кәсіп емес. Бір сөзбен айтқанда, базар оңай шағылатын жаңғақ емес. Базар инемен құдық қазғандай ауырлығы көп жұмыс. Сондықтан оған екінің бірі, егіздің сыңары шыдай бермейді. Мақтанды демеңіз, басынан бастағаннан болар, бұл жұмыс біздің қолымыздан келді. Біз ол жұмыстан пайда көрмесек, зиян шеккен жоқпыз.

Реті келгенде айта кетейік. Өскемендегі құрылысшылардың Мәдениет сарайын (ДКС) да қалпына келтіріп, ел игілігіне жаратуға үлес қостық. Сарайды өз қолымызға алып, соның ішіне үлкен спорт кешенін салдырдық. Біз алған кезде ғимараттың жағдайы нашар болатын. Ыстық су үш жыл қатарынан берілмеген екен. Кішкене тұрып қалған жағдайы болған. Соны алып, ретке келтірдік. Қазір бұл жер жұрт келетін, салауатты өмір салтын насихаттайтын бір тамаша мекенге айналды.

Алдыңғы жылы Финляндиямен келісімшартқа отырып, сол жақтан мал соятын үлкен цех алып келгенбіз. Өте қымбатқа түсті. Бірақ өте сапалы, барлық стандарттарға лайық. Қозғалып жұмыс істейтін мал соятын орын. Соны сатып алғанымызға үш жылдан асты. Біраз қиыншылықтар да бар. Әсіресе біздің қырық жамау жолдарымыз шетелдік техникаларға үлкен қиыншылық тудырады. Осы уақыт аралығында бірнеше ауылдарға барып, мал сойып, екі жыл жұмыс істедік. Бұл енді өте керемет техника. Оған қоса Германиядан 350 тонналық үлкен тоңазытқыш сатып алдық. Қазір ол жұмыс істеп жатыр. Биыл үш елдің қатысумен Кедендік одақтың іске қосылғаны белгілі. Сондықтан жақсы жұмыстар істейтін уақыт енді келді ғой деп ойлаймын. Соның уақыты, кезі енді келген секілді. Өйткені қазір біздің алдымызда Ресейге тауар экспорттау міндеті тұр. Сол міндетті атқаруда жаңағыдай кәсіпорындар мен цехтардың маңызы үлкен деп ойлаймын. 

Елбасының салиқалы саясатының арқасында бәріміздің ісіміз ілгері басып келе жатыр деуімізге болады. Әлі де болса, ара-тұра шенеуніктер тарапынан кедергілер болып тұрады. Бірақ бұрынғыдай емес, шенеуніктердің кәсіпкерлерге деген көзқарасы түзу. Мұның бәрі Елбасының дұрыс саясатының арқасы.

  Биылғы қыс Шығыста өте қиын болды. Көктем де осал болған жоқ. «Мұндай қыс соңғы отыз жылда болған жоқ» дейді көнекөз қариялар. Әсіресе Тарбағатай, Зайсан, Ұлан, Абай аудандарының жұрты әбігерге түсті. Сол кезде өзіңіз секілді кәсіпкер азаматтардың да қол ұшын созғанын білеміз...

– Расында, биылғы қыс бәріміз үшін ауыр қыс болды. Ұлан ауданының бірнеше ауылы судың астында қала жаздады.  Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Бас аман, бауыр бүтін. Елбасының қамқорлығы мен облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тынымсыз еңбегінің арқасында бәрі қалпына келді.  Елдің елдігі, ердің ерлігі осындай ел басына күн туған қиын шақта көрінсе керек. Сондықтан біз де азаматтық танытып, қолдан келгенше тасқыннан зардап шеккен тарбағатайлық ағайындарға көмектестік. «Парыз» қорына қаржы аудардық. Тамақ, киім жөнелттік. Бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, бір атаның баласындай, қос қолдың саласындай болып қолдау көрсеттік. Біз қандай жағдайда болсын бір-бірімізге көмектесуіміз қажет. Біз бұған әрқашан әзірміз.

2009 жылы «Ең үздік әлеуметтік жоба» атты номинациясы бойынша шағын кәсіпкерліктің арасында елімізде бірінші орынды жеңіп алдық. Президенттің өз қолынан сыйлық алдық. Мұны мен мемлекет басшысысының біздің халыққа істеген жақсылығымызды көріп, еңбегімізді бағалағаны деп түсінемін.

Айта берсек, атқарылып жатқан, келешекте атқарылуға тиіс жұмыс көп. Қазір Ұлан ауданының орталығы «Молодежное» кентінде 450 адамдық мешіт салып жатырмыз. Астында 200 адам тамақтанатын орын бар. 2 адамдық тоңазытқышы бар. Құрылысын 2 жыл бұрын бастаған болатынбыз. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осы ретте облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа көрсетіп жатқан көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді.

– Бұл енді сіздің туған жерге деген сыйлығыңыз ғой...

– Қазір халықта бәрі бар. Аш жүрген адам жоқ деп айтуға болады. Қазіргі қоғамға қажет дүние - имандылық. Бізге жетпей жатқаны осы. Адамдар имандылыққа бас ұрса, қоғамда жаманшылық азайып, иманды ұл мен ибалы қыздарымыздың қатары арта түсер еді деп ойлаймын. Иманды адамдар бір-біріне қиянат жасамайды.

Мешіт не үшін қажет? Иманды адам тәрбиелеу үшін. Ең болмаса, бір жастың осы мешітке келіп, сәждеге бас қоюына себепші болып жатсақ мен үшін бұдан үлкен қуаныш жоқ. Мешіт тұрғызудағы негізгі мұратым сонда ғана орындалады деп білемін.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Туған жерге – тағзым» акциясы бойынша ауданда жиын өткен-ді. Сол кезде бірнеше кәсіпкер азаматтардың басы қосылып, әркім шамасы келгенше туған жеріне көмек қролын созамыз деп уәде берген. Сол кезде мен мешіт салдырам дегенмін.

Тағы бір үлкен жобамыз бар. Ол – Қабанбай атамызға ескерткіш қою. Бәріміз қазақ болғаннан кейін, оның үстіне ұлы бабамыз осы өңірден шыққаннан кейін атамыздың орталықта қасқайып ескерткіші тұрса, елге рух беріп, желеп-жебеп тұрар еді деп ойлаймыз. Осы ретте әуелі аймақ басшысына алғысымызды білдіргім келеді. Ол кісі қаладан арнайы жер берді. Қазір тиісті жер бөлініп, мүсін комиссиядан өткізілді.

Байқасақ, соңғы кездері облыс орталығы Өскеменде атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Оның бәрі әрине көңілге қуаныш ұялатады. Бір ғана мысал ретінде шаһардағы үлкен мешіт құрылысын айтуға болады. Бұл мешіт халықтың қаржысына салынғалы жатыр. Арнайы қоғамдық қор құрылған. Қазір ақырындап ақша жиналып жатыр. Бірақ менің ойымша, қандай да бір жақсы іс қиын уақытта іске асады. Бұл сонысымен де қызық. Өйткені ертең есте қалады. Осындайда атам қазақтың «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген сөзі еске түседі. Сол секілді ескерткіш күні ертең бой көтеріп жатса «сондай бір кезде бәріміз жабыла жүріп салып едік» деп еске алып жүреміз. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, кешегі ұрпағы үшін, елі үшін, атамекен жер үшін қан кешіп, күлдір-күлдір де кісінетіп күреңді мінген батыр да батыл баба рухы алдындағы өтелген парыз болар еді деп ойлаймын. Осындай жұмыстардың басы-қасында жүргеніме өзім қуанамын.

– Облыстағы жасалып жатқан жұмыстарға қандай баға бересіз?

– Бердібек Сапарбаев облысқа басшы болып келгеннен бері кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оны енді күнделікті газет-теледидардан көріп-біліп отырмыз. Бұл кісі бармаған ауыл, араламаған аудан жоқ. Ол кісінің басқа шенеуніктерден, өзге атқамінерлерден ерекшелігі – халықтан қорықпайтындығы. Халықтың арасына өзі барады. Халық оны емес, ол халықты іздейді. Ол неге халықтан қорықпайды? Өйткені, ол – халқына адал қызмет жасап келеді. Беті ашық, жүзі жарқын. Шенеуніктер халық алдына шығуға неге қорқады? Өйткені олар берген уәдесін орындамаған. Кейбір шенеуніктер халықтың сұрағынан қорқады. Ондай адам халық арасына бармайды. Бердібек Мәшбекұлы он жыл бойы облыс әкімдері бармаған алыс аудандардың барлығына барды. Елдің мұң-мұқтажымен жақын танысты. Өз көзімен көріп, көңілге түйді. Қазір соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Уәде орындалуда. Әкімнің барлығы осындай болса, халықтың жағдайы әлдеқашан жақсы болар еді деп ойлаймын.

Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевтің де жақсы жұмыс істеп жатқанын айта кеткен орынды. Қаламыздың дәл ортасына «Бәйтеректі» орнатты. Бұл да біздің жетістігіміздің белгісі.

«Бәрін айт та бірін айт» демекші, қаланың қақ ортасына ұлы Абай ескерткішінің қойылуы үлкен жаңалық. Оның қойылуына қарсы азаматтар да болды. Соның ішінде өзіміздің қазақтардың да бой көрсеткені, әрине, өкінішті. «Абай бізге не істеді?» деп сұрақ қойғандар да болды. Жасыратыны жоқ, ескеркіш қоюда біраз қиыншылықтар болды. Бірақ соған қарамастан Бекең үлкен азаматтық, қайраткерлік қасиет танытып ұлы ақын ескерткішін Өскеменнің төріне орнатты.

– Шынын айтайық, Өскемен туралы айта бастасаң: «Ой, Өскемен орыстың қаласы. Сендер орыстанып кеткенсіңдер» деп теріс айналатын қандастарымыз аз емес. Еліміз Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылға жуықтаса да шаһардағы көше атауларының дені (90 пайызы – А.Ә) әлі де орысша атауға ие. Дегенмен соңғы жылдары Өскеменнің аздап болса да қазаққылыққа бет алғанын байқаймыз. Сіздіңше, қаланы қазақыландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуы керек?

– Атын ауыстыруға болады, заты ауыспай қалуы мүмкін. Осыны естен шығармаған дұрыс. Бұрындары Өскеменде қазақтардың үлесі үш пайыз болған кездер де болды. Қазір, Құдайға шүкір, қаладағы қаракөздеріміздің қатары күннен күнге артып келеді. Әрине, бұл ретте тіл мәселесін де ұмытпаған жөн. Тіл үйрену адамның өзіне байланысты. Ең бастысы, ниетте. Ниет болса алынбайтын асу, бағынбайтын қамал жоқ.

- Қайрат аға, өзіңізді 1992 жылы Өскеменде болған қазақтар мен шешендер арасындағы қақтығыста бас кейіпкерлердің бірі болды деп естиміз...

- Құдайға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері қазақтың қамқорлығы мен аялы алақаны астында емін-еркін, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл әуелі Елбасының салиқалы саясатының арқасы деп білуіміз керек. Қазақ ешқашан өзге ұлтсың ешкімді өзекке тепкен емес. Керісінше қонағын құдайындай сыйлайтын дархан қазақ астындағы жалғыз атын да қонағына сыйлап, жүген ұстап қалатын мінезінен танған емес. Өкінішке қарай ақкөңіл қазақтың осы бір даладай дархан мінезін дұрыс түсінбейтіндер де бар. Көп созбай нақты әңгімеге көшейін. 1992 жылы Өскемен қаласында қайғылы жағдай орын алды. Қазақтың төрт баласын кавказ халқының өкілдері 114 жерінен пышақ салып, қатігездікпен өлтірді деген хабар естідік. Оның төртеуі аузынан ақ сүті кетпеген ауылдан келген балалар екен. Сол кезде жүрегінде намысы бар, елім деген, жерім деген жігіттер бас қостық. Біздің жігіттерге өлім құштырған шешен ұлтының өкілдері тұратын ауылға бардық. Бас жарып, көз шығармасақ та бәрін салиқалы түрде шештік. Қайғылы жағдайға жол берген жоқпыз. Ешкім ешкімге пышақ  салған жоқ. Бірақ біздің бауырларымызға қанжар жұмсаған қатігез азаматтар лайықты жазасын алды. Шешен ұлтының төрт жігіті ұсталынып, түрмеге жабылды деп естідік. Бірақ қашан сот болғаны, олардың қанша жылға сотталғанын бейхабармыз. Сол кезде біздің жүргеніміз рас. Қазақтың балаларының басын кесіп жатқан кезде шықпағанда қай кезде шығамыз? Бұл оқиғаның у-шуы енді басыла берген кезде тағы бір жайсыз оқиға орын алды. Шешен ұлтының өкілдерінің біреуі “оқиғаның басы-қасында осы жүрді, осы бастады” деп мені көрсеткен болу керек, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мені қамауға алып, бір айдай СИЗО-да ұстады. Бұл жерде, шынын айтқанда, менің ешқандай жазығым болған жоқ. Бұл жағдай белгілі біреулердің көрсетуімен орын алды деп ойлаймын өз басым. Еліміздің түкпір-түкпірінен, Семейден, Ақтаудан, Жамбылдан жан-жақтан қазақтың жігіттері келді сол кезде. Бұл, әрине, өткен шақ. Дегенмен елімізді мекен еткен әрбір ұлт бір нәрсені түсіну керек. Оларға дәл қазақ ұлтындай қамқорлық танытқан, жанашыр, пана болған ешқандай ұлт жоқ. Олар сол үшін қазақ халқын, елін, жерін құрмет тұтуы, сыйлауы керек. Ел - қазақтікі, жер - қазақтікі екенін түсіну керек. Сонау 1992 жылы қазақтың төрт баласы қанға боялып жатқанда бізді орнымызда байыз таптырмай алып шыққан да осы. Бір сөзбен айтқанда, намыс. Әр қазақ намысты болса, ұлттың ұпайы түгел болатынына еш күмән жоқ.

– Ауған соғысына байланысты әртүрлі пікірлер айтылады. Ауған соғысы ардагерлерін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіреміз деді. Қалай ойлайсыз, Ауған соғысы өзінің әділ тарихи бағасын алды ма?

– Рас, Ауған соғысына байланысты көп әңгіме айтылды. Айтылып та келеді. Біреу «Ол – Үкіметтің қателігінен болды» деді, біреу басқа деді. Бірақ, бір нәрсе анық. Ол – соғыстың болғаны. Соғыс болды, қаншама азамат қаза тапты. Біздің елімізден қаншама мың азамат Ауған жерінде ажал құшты. Оны Үкіметке жабудың еш қажеті жоқ. Соғыс болды, біз интернационалдық міндетімізді орындадық. Үкімет жіберді, бардық. Ауғанда болған азаматтар – соғыс көрген азаматтар. Олар – батырлар. Сондықтан Ауған соғысына қатысқандарды батырлар ретінде халыққа паш етуміз керек.

Ауған соғысы кезінде мен Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаевтың батальионында болдым. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бір-екі жыл бұрын ол кісі халық алдындағы қызметі үшін «Халық қаһарманы» деген еліміздегі ең жоғарғы атақты алды. «Бұл – Елбасының бүкіл ауған жауынгерлеріне деген ілтипаты» деген-ді сол кезде Б.Ертаев. Сондықтан бізге бұдан артық бағаның, бұдан артық құрметтің қажеті жоқ. Мен Ауған соғысына қатысқаным үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым. Ұлан ауданының құрметті азаматымын. Халық бізді ұмытып жатқан жоқ. Халқыма разымын. Қай жерге барсақ та құрметтеп, қадірлеп жатады. Бүгінгі күнге осындай нәтижемен жеткеніме Аллаға шүкіршілік айтамын. Алдағы уақытта да елге жатпай-тұрмай қызмет етерміз деген ойдамыз. Алда атқаратын жұмыс көп.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз… Өзіңіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Үш балам бар. Үлкен балам жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Өскемендегі Қазақстан-Америка еркін универстетін бітірген. Екінші балам Астанада. Қызым мектепте оқиды.

- Кәсіпкерліктің арқасында нәсібіңізді тауып жүрген азаматсыз. Біраз биіктерді бағындырып, алысқа құлаш сермегеніңіз де осы кәсіпкерліктің арқасы. Кәсіпкер болғаныңызға өкінбейтін шығарсыз..

- Негізі менің бітірген оқуым Өскемендегі құрылыс жол институты. Оны 1986 жылы инженер-жолшы мамандығы бойынша бітірдім. Оқу орнын тәмәмдаған кезде МАИ қызметкері болсам деген ой болған. Бірақ ол ойым белгілі-белгісіз себептермен жүзеге аспады. Бір жағы сол кездері ел арасында милицияның беделі кете бастады. Әсіресе Желтоқсан оқиғасынан кейін. Сөйтіп ол жолды таңдауға мүмкіндік болмады. Кәсіпкерлікті таңдадық. Кәсіпкер болдық. Аллаға шүкір, ешкімнен кем емеспіз. Сондықтан кәсіпкерлікті таңдағаныма әрқашан қуанамын. Осы кәсіпкерліктің арқасында ел-жұртыма азда да болса пайдамды тигізіп жатырмын. Қазір менің қарамағымда мыңдаған адам қызмет етеді. Солар жұмыс тауып беріп, ел қатарлы өмір сүруіне жағдай жасап отырғаныма өз басым қуанамын. Келешекте де осы бағытта еңбек ете беремін деген ойдамын.                       

- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.        

 

Әңгімелескен

Азамат Әбілұлы