ШИКІЗАТТАН «ШИКІЛІК» ШЫҒЫП ТҰР
2014 ж. 11 қыркүйек
1715
1
Батыс мемлекеттері мен Ресейдің кезек-кезек жариялаған санкциялары әлемдік экономикаға, соның ішінде Қазақстанға да әсер етпей қоймасы анық.
Өткен аптада отандық тамақ өнеркәсібінің өкілдері осы санкциялардың еліміздің тамақ индустриясына қалай әсер ететінін талқылады. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде сала өкілдері тамақ өнеркәсібінің түйкілдерін ортаға салды.
Қазіргі кезде Кедендік одақ елдерінің аргокешеніндегі Қазақстанның үлесі бар-жоғы 4 пайызды құраса, ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 11 пайыз ғана. Яғни көрсеткіштің өте төмен екені көзге ұрып тұр. Дегенмен бұл көрсеткішті жоғарылатып, одақ аясындағы ауыл шаруашылық өнімдерінің үлес-самағын арттыруға жақсы мүмкіндіктер бар. Мамандардың айтуынша, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және тамақ өндірісінің әлеуеті жоғары. Сондықтан халықаралық санкциялардың Қазақстан басымдық бере алатын салаларға қалай әсер етіп жатқанын талқыға салу заңды. Қалалық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Айтуар Қошмамбетов елімізде ауыл шаруашылық саласын, осы бағыттағы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті.
– Саяси кеңістіктегі соңғы жағдайларға байланысты азық-түлік қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығып тұр. Қазір біз кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қандай шаруа атқаратынымызды шешуге тиіспіз, – деді директордың орынбасары.
Дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлер бұндай ықпал шаралардың отандық өндіріске екі жақты әсер етіп жатқанына тоқталды. Мәселен, «Маслодел» компаниясының логистика және экспорт бойынша директоры Ольга Марцынкевичтің пікіріше, «санкциялар бізге жақсы әсер етуі мүмкін». Өйткені кәсіпкерлер ТМД елдеріне тауар шығарудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болып отыр. Алайда екінші жағынан отандық кәсіпкерлер жеркілікті тасымалдаушыларынан айырылып жатыр.
– Біз қазір өте үлкен мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл – біз үшін өте маңызды – жергілікті тасымалдаушылар. Мәселе мынада, біздің шикізатқа қызығушылық бірден өсіп, ресейліктер шикізатты жақсы сатып алып жатыр. Әсіресе, бұл қызанақ пастасына қатысты. Шикізат жеткізушілер төлем мен жеткізу шарттарын бірден өзгертіп жіберді. Бізге бұл жағдай тиімсіз болып тұр. Бұған дейін біз төлемдерді кейінге қалдырып, бөліп-бөліп төлесек, қазір алдын ала ақшасын беріп қана шикізат ала аласың. Өйткені ресейліктер бәрін бірден төлеп, тауарды алып кетіп жатыр. Соның кесірінен шикізат тапшылығы туындап, өнімнің жоспарланған көлемін шығара алмай жатырмыз,– дейді маман.
Сонымен қатар ТМД елдерінен келетін шикізатпен де проблема бірқатар туындаған. Соның ішінде шикізаттың құны да жоғарылап тұр. Өйткені ресейліктер өздеріне қор жинау мақсатында шикізатты жаппай алып жатыр. Сондықтан отандық кәсіпкерлер шикізатты шеттен іздеуге мәжбүр болып отыр. Тамақ кәсіпорындарының шикізатты шеттен іздеуіне тағы бір себеп – отандық ауыл шаруашылық өндірушілерді шикізатпен толық қамтамасыз ете алмауы. «Арома» ЖШС басшысы Райкова Елена отандық шикізаттың болмауы еліміздің экономикасы үшін өте үлкен мәселе деп тұжырымдайды.
– Отандық өндірушілер аяғынан тұрып алуы үшін өзгелерге қолдан тосқауыл жасау қажет деп жүргенімізге біраз болды. Өйткені өндірушілер ауыл шаруашылық саласын сүйреп келеді. Тауар өндірушілер шикізаттың жоқтығынан қиындық көріп, өзінің өндірістік мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр. Олар ауыл шаруашылық өнімін шығарушыларға, яғни фермерлерге толықтай тәуелді. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілері өте ұсақ болғандықтан, олар ешкімді қызықтырмайды. Оларды ірілендіру керек, –дейді компания өкілі.
Ал «Алматы өнімдері» компаниясының сатылым жөніндегі аймақтық менеджері Арман Медеулов шикізаттың жетіспеушілігі санкциялар басталмай жатып болғандығын айтып өтті. «Біз үшін басты мәселе – шикізаттың бағасына реттеу мен бақылау. Қазақстандағы қант пен ұнның бағасы өте қымбат. Мұның бәрі өзімізде өндірілсе де. Қалай дегенде, барлық кедендік төлемдерді төлеген күннің өзінде, шетелдік өндірушілер отандық нарыққа жергілікті өндірушілерден арзан тауар жеткізеді. Шикізаттың қымбаттығынан өндірушілер зардап шегіп, шетелдіктермен бәсекеге түсе алмай отыр» деп тұжырымдайды маман.
Үмітжан ЖАПАР,