АҚШ Қытаймен одақтасуы мүмкін
2014 ж. 10 қыркүйек
1708
0
АҚШ Қытаймен тіл табысуға тырыспақ. Барак Обаманың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райс Бейжіңге барды.
Сапардың басты мақсаты - екі алып ел басшыларының қараша айында өтетін кездесуіне тыңғылықты дайындық жасау.
Жоғарғы деңгейдегі бұл саммит қос мемлекеттің байланысына жаңа серпіліс беруі тиіс. Қытай Мемлекеттік Кеңес мүшесі Ян Цзечимен басқосуында Сьюзан Райс осындай сенімділік танытты.
АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райс: "Құрама Штаттар үшін Қытаймен достық қарым-қатынас орнату маңызды. Екі жақ та бір-бірінің мүдделерін ескеруі тиіс. Сол кезде ғана арадағы қарама-қайшылықтарды шешуге болады", - дейді
"Мұнда айтылып отырған қарама-қайшылықтар - Бейжің Вашингтонның дегеніне иліге бермейді. Мәселен, таяуда Украина проблемасы көтерілгенде Қытай Ресеймен одақтаса кетті. Ал, олардың мүддесі бір нүктеде тоғысуы АҚШ үшін тиімсіз", - дейді Қиыр Шығыс институтының қызметкері Александр Ломанов Коммерсантъ басылымына берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, Ресейге қарсы санкциялар тізімін кеңейту үшін АҚШ Қытайды өз жағына тартпақ. Сондықтан, Вашингтон Бейжіңге байланысты қатаң саясатынан бас тартып, барынша ортақ тіл табысуға ұмтылып отыр.
АҚШ Грузияның қорғанысын күшейтпек. Сонымен қатар, тиісерге қара таппай жүрген Америка Грузиямен шекарадан Ресей әскерін әкетуді талап етті.
Пентагон басшысы Чак Хейгел грузиялық әріптесі Ираклий Аласаниямен кездесуіннен соң Мәскеуге қатқыл үнмен осылай деп тіл қатқан. Мұнымен қоса, АҚШ Тбилисимен берік әскери байланыс орнатпақ екенін мәлімдеді.
Вашингтон Грузияның НАТО-ға кіруін тездетуге қолғабыс жасамақ.
"Біз екі ел арасындағы әскери қарым-қатынасты нығайтуды талқыладық. Сөйтіп, Грузияны америкалық әскери тікұшақтармен жабдықтау мәселесін қарастырдық. Бірақ, Батыстың бұл тірліктері Ресейдің ашуын шақырған көрінеді", - дейді АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел.
Премьер-министр Дмитрий Медведевтің айтуынша, АҚШ пен Еуропа жаңа санкциялар салса, Мәскеу қарап отырмақ емес. Қарымтасын қайтарады. Нақтырақ айтсақ, Кремль Батыс әуе компанияларына әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салмақ.