Ерекше емші өмірден өтті...

Шілде айының 19-ына қараған түнде қазақтың халық емшісі Әбдірейім Қайымұлы БОЗАНОВ өмір­ден өтті.

Азамат ұйқыдан оянбаған... 33 жасында, мектеп директоры болып істеп жүрген шағында емшілік қасиет қонған еді оған. Және оның қонуы да оңай болмаған, өтемі үлкен болған, табаны күректей үш жыл төсек тартып жатқан, жаны да, тәні де қатты қиналған. Бозан атасының жолын ол осындай қиналыстан кейін барып қуып еді... Халқының дертіне дауа іздеген Әбдірейім Түркияда, Иранда, Германияда, тіпті сонау Тибетке де барып айлап-жылдап оқып келген еді. «Кемеліме келгеніме үш-төрт жыл болды» дейтін өзі. Құран-Кәрімнің үштен бірін, сахих хадистердің 30 мыңын жатқа білетін, бірнеше хадисшілер жарысында жеңімпаз атан­ған білімпаз, біліміне қоса көргені, бәрінен бұрын сол білгені мен көргенінен түйген тәлімдік түйіні көп ғұлама еді-ау. «Емшінің ғұмыры ұзақ болмайды» дейтін тағы да. «Білгенімді немерем Елжүрекке үйретіп кетсем болды» деуші еді... «Қазақ халық медицинасы орталығы» деген мекеме ашып, оның құжат-куәлігі осы аптада қолына тиюі тиіс еді. Артында 20 жылда жинаған 15 мыңдай қазақтың халық рецепті қалды...

Алла-Тағала алдыңнан жарылқасын, бауырым! Мың­даған адамға істеген ем-шипаң жаныңды жәннатқа апарар көпір болғай!

                                                                                                                                                      

Досың

Өмірзақ