ПУТИНШЕ ПАЙЫМДАСАҚ, ОРЫСТАРДА ДА МЕМЛЕКЕТТІЛІК БОЛМАҒАН

Путин Құдамыздай сыйлап, алдында құрақ ұшып жүрген солтүстік көршілеріміздің көсемі Владимир Путин Тверь қаласында өткен бүкілресейлік «Селигер-2014» жастар форумында тарихты төңкеріп, жұмыр жер бетінен жаңа бір Америка ашып бергендей болды. Тәжірибелі саясаткер «Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған» деп жастардың алдында сылап-сипап айтқанда, өз білімсіздігін көрсетіп алды. Аталмыш жастар жиынында Украинадағы ушыққан саяси жағдайды алға тартқандар Қазақстанда да ұлтшылдық көңіл-күйдің барлығын, оны Назарбаев тежеп отырғанын, ол кетсе екінші Украинаға айнала ма деген ойларын ортаға салған екен. Владимир Путин Қазақстан Ресейдің жақын стратегиялық одақтасы және әріптесі екенін, Назарбаевтың дені сау, әзірше ешқайда кетпейтінін айтып, біздің президенттің атына «постсоветтік аумақтағы ең сауатты басшы», «ешқашан халқының қалауына қарсы шықпайды, халықтың не күтіп отырғанын жіті байқайды» деген сияқты біраз мақтауларын да аяп қалмапты. «Ол ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған» – деді Ресей президенті «мемлекет» деген сөздің мәні мен мағынасы жағынан мүлт кетіп. Жақсы сөз – жарым ырыс, Елбасымыздың атына мадақ­тау айтқанына ешкім қарсы емес, керісінше еңсеміз көтері­ліп қалды. Оның азды-көпті еңбегін ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ. Құдайға шүкір, қолпаштау мен қолдау жағынан көшбас­шымыз кенде қалып жатқан жоқ, жағымпаздар мен жандайшаптар өзімізде де жетіп артылады. Кейде соған Елбасымыздың өзі «Жағымпаздықты қайдан үйреніп жүрсіңдер?» - деп таң қалатыны бар. Алдымен ресейлік саясаткер­дің ойына орай «мемлекет» сөзінің түп-төркініне тоқталайық. Біріншіден, біз де «Ресейде мемлекеттілік атымен болмаған» деп айтуға толық құқымыз бар. «В некотором царстве, в некотором государстве...» деп әдеттегідей басталатын ертегілерін есі дұрыс орыс балаларының бәрі естіп өскені анық. Айтайын дегеніміз, осы екі сөз синонимдер. Царьді (патшаны) олар «государь» деп те атаған. Оған мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Яғни, оларша мемлекет деген ұғым, патшалық дегенмен үндесіп жатыр. Сондықтан да олардың тарихында «русское царьство, русское княжество» деген сөз тіркесі жиі кездеседі. Сол сияқты қазақтарда да «хан ием», «бәленбай хандығында», «қаған», «қағанат» деген сөз тіркестері атамзаманнан айтылып келгені белгілі. Олай болса «царьство» деген сияқты «хандық» та мемлекет деген ұғымды тікелей білдіреді. Ал, қазақ жерінде хандық болмады деп кім айта алады? Енді шекараға байланысты ойымызды да білдіре кетейік. Рас, ата-бабаларымыз сым темір тартып, жерін ешқашан қоршаған емес. Ондай мүмкіндік орыс патшасында да болмаған. Есесіне иелігіндегі жердің жарты сүйемін жат жұртқа бастырмаған. Өрісіне өзгенің тышқақ лағын да маңайлатпаған, өзен, суын да лайлатпаған. Оған бабаларымыздың осыншама кең-байтақ жерді ұрпағына аманат етіп кеткені нақты дәлел. Қысқасы, тарих кім көрінген­нің өзінше өзгерте беретін шимай-шатпақ шығармасы емес. Ол нақтылықты, дәлдікті талап етеді. Оны бұрмалау - қылмыс. Қазіргі таяз білімді тарихшы­ларымыз бен сауатсыз саясаткерлеріміздің осындай қарапайым ғана сыннан сүрініп жататыны қайран қалдырады. Ал, Жириновский сияқтылар ақиқаттан әдейі ауытқып арандатуға бейім тұратынын жақсы білеміз. Алпауыт мемлекет басшысы лауазымына дейін көтерілген адамдардың өз ана тілін, өз елінің тарихын білмеуі білімсіздіктің бірінші белгісі. Сөз салмағын сезбегеннен без деген, айтар ойын саралай алмаса, амал не? Өкініштісі, бұндай білгірлер өздері ғана сүрініп қоймай өзгелерді де адастырады. Сондықтан, кейбір саясаткерлердің сандырағы үшін жүйкемізді жұқартып, сабырымызды сарқудың түк те қажеті жоқ. Бар-жоғы олар өздерін әлем алдында сауатсыз, білімсіз етіп көрсетіп отыр емес пе?.. Зейнолла Абажан, «Қазақ үні» газеті