Путин: Украина сценариінің Қазақстанда қайталануы екіталай
2014 ж. 31 тамыз
2239
3
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда украиналық жағдайдың қайталануы екіталай деп есептейді. Бұл туралы ол бүгін "Селигер" жастар форумында мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат.
"Қазақстан - біздің ең жақын стратегиялық одақтасымыз, әрі серіктесіміз. Президент Назарбаев тәжірибелі және данышпан басшы ретінде өз елінің болашағын ойлайды. Интернеттегі жеке сөздерге, Қазақстан азаматтарымен пікірталастарға келетін болсақ, бұл қалыпты жағдай, адамдар түрлі пікір айтады. Бірақ, мен Қазақстан халқының басым бөлігі Ресеймен қарым-қатынасты ары қарай дамытуды қолдайтындығына сенімдімін. Біз оны көріп отырмыз және білеміз", - деп атап өтті Владимир Путин.
Украинадағы жағдай Қазақстанда орын алуы мүмкін бе, деген сауалға Путин Қазақстан Президентінің данагөй саясатына иек артатындығын айтты.
"Назарбаев - өте сауатты басшы. Менің ойымша, ол посткеңестік кеңістікте ең сауатты президент. Ол өз халқының қалауына қарсы келмес еді. Ол халық не күтіп отырғанын жақсы сезінеді және соңғы уақыттарда оның саяси тәжірибесінің, ұйымдастырушылық өнерінің арқасында жасалған барлық істер - Қазақстан мүддесінің аясында жасады. Посткеңестік аумақта, Қазақстан үшін де Назарбаев бірегей тұлға", - деді Ресей басшысы.
Сонымен қатар Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақты құрған Қазақстан Президенті екендігін тағы бір еске салып өтті.
"Қазір біз Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Еуразиялық одақ бойынша жасап жатқанымыздың барлығы - Назарбаевтың идеясы", - деп түйді ойын Путин.