Абай мен Михаэлистің даулы ескерткіші Өскеменде қайта орнатылмақ
2014 ж. 28 тамыз
2797
1
Өскеменде талқыға түскен Абай мен Михаэлис ескерткіші халық наразылығына қарамастан орнатылатын болды деп хабарлайды 31 арна.
Абайдай алып тұлғаны ергежейлі етіп бейнелеп, орыс зерттеушісі Михаэлиспен "селфи" жасап тұрғандай көрсеткен тас мүсіндерді қаланың орталық көшелерінің біріне орнатып алған әкімдіктегілер, ақыры алып тынған болатын.
Халықтың қарсылығынан соң тура бір тәулік қана тұрып, ақыры алынған Өскемендегі Абай мен Михаэлиске арналған ескерткіштің орны бүгінде бос. Тіпті қос тұлғаның аты-жөндері мен өмір сүрген жылдары жазылған тақтайша да көзге түспейді.
Ұлы Абайды ергейжейлі етіп, қорлаған тас мүсінді көпшілік бірден қабылдамап еді. Тіпті Михаэлис екеуі өздерін суретке түсіріп тұрғандай әсер қалдыратын кейіп те тұрғындардың нарызылығын тудырған.
Ал бұқараның кейбірі Өскеменге орталық алаңда тұрған Абайдың бір ескерткіші жеткілікті, ал бұл туындыны керегі жоқ деп кесіп те айтқан болатын.
Бірақ о баста дау тудырған ескерткішті "қабылдаған жоқпыз" деп ақталған әкімдіктегілер бүгінде халық пікіріне құлақ аспаған сияқты. Өйткені Самойлов пен Непьянов есімді екі автордың бұл талғамсыз туындысы келесі жылы қайта орнатылмақ.
"Ескерткіш тұратын жердің құжаттары дайындалуда. Келешекте, осы жылы бұл ескерткіш орнатылатын болады", - дейді Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Азамат Мұхаммеджанов.
Ал халық шенеуіктердің орталық алаңда Абайдың қара сөздерін үш тілде жазып қойғанына қуанышты. Серуендеп жүріп те, ұрпаққа өнеге беретін өсиеттерді оқып жүресің дейді.