Ресей үкіметі қосымша санкциялар тізімін әзірледі
2014 ж. 19 тамыз
1574
0
Ресей үкіметі қосымша санкциялар тізімін әзірледі. Егер АҚШ пен Еуроодақ қарсы санкцияларын күшейтетін болса, үнсіз қалмайтындарын айтқан.
Бұл жайында "Ведомости" газеті жария етті. Бұған дейін Ресей шикізат тауарының импортына шектеу қойғаны белгілі. Үкімет мүшелері: "Еуроодақ пен АҚШ сес көрсетуін қоймаса, өнеркәсіп импортына да тосқауыл қойған дұрыс", - деп шешті.
Бұл ұсынысты ел президенті Владимир Путинге де жолдапты.
"Еуроодақ пен АҚШ алғашқы санкцияларын енгізген бетте, біз де жедел жауапты санкциялар тізімін әзірледік. Алайда президент тек шикізат тауарларының импортына шектеу қоюға пәрмен берді", - дейді федералды шенділер.
Айтуларынша, бүгінде Ресей қосымша санкциялар енгізуі әбден мүмкін. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың пікірі де осыған саяды.
Өткен аптада премьер-министр Дмитрий Медведев қосымша санкциялар енгізілуі мүмкін екендігін айтқан еді. Ол қабылданатын шешімнің өзімізге кесірін тигізбеуі үшін, ойланып қабылдауымыз керек деп ексерткен болатын.
Ал федералды шенділер көлік импорты толықтай тоқтатылуы мүмкін деген болжам жасады.
Айта өтейік, "АСМ-холдингінің" мәліметі бойынша, 2014 жылы Ресейге АҚШ пен Еуропадан 27 пайыз жеңіл, 46 пайыз жүк және 13 пайыз қоғамдық көліктер енгізілген.