Ағылшындар Борат пен Шыңғысханды ең танымал қазақтар деп атады

Танымал The Guardian британ басылымы "Посткеңестік әлем: 15 мемлекет жайында не білу қажет" деген мақаласында Борат пен Шыңғысханды ең танымал қазақтар деп көрсеткен деп хабарлайды Bnews.kz.

Ағылшындар Борат пен Шыңғысханды ең танымал қазақтар деп атады

Мақаланың алғы сөзінде "Армениядан Өзбекстанға дейін – Кеңес Одағының күлінен құрылған елдерге сапарда қажет жолсерік" деп жазылған екен.

Бұл анықтамалықтың авторлары КСРО-ның боданынан босаған 15 тәуелсіз мемлекеттің саяси және экономикалық ахуалына қысқаша шолу жасауға тырысқан. Мәселен, Беларус Кремльдің мұрындық болуымен құрылған ЕО-ның баламасы – Кеден одағының мүшесі деп көрсетіліпті, ал оның келесі мүшесі Қазақстан екені жайында ешнәрсе айтылмаған.

Сондай-ақ Армения мен Әзірбайжанның таулы Қарабақ айналасындағы дауы да көрініс тауыпты материалда. Молдавия Еуропаның ең кедей мемлекеті деп көрсетілсе, Эстония үшін халық санының азаюы Ресеймен арадағы қырғи-қабақ қарым-қатынастан да маңызды.

"Орыс ұлты көп тұратын Қазақстан Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен тығыз байланыс орнатуда. Сонымен қатар Қазақстан посткеңестік елдер арасында мұнай қоры жағынан Ресейден кейін екінші орында. Қашаған кен орнының арқасында Қазақстанның мұнай қоры әлі де артуы мүмкін", - деп көрсетілген мақалада.

Осы мәліметтерден бөлек, британ журналистері елдердің астаналарының атауы, тәуелсіздік алғалы бері неше рет президент сайланғаны, жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі мен елдің атақты тұлғалары туралы да бір-екі ауыз айтып өткен.

Британдықтар үшін, беларустар атақты суретші Марк Шагалмен және голливуд жұлдызы Скарлет Йохансонның этникалық түп тамырымен мақтана алса, Украина тікұшақ ойлап тапқан Игорь Сикорскиймен танымал. Грузия атақты жазушысы Борис Акунинмен (Григорий Чхартишвили) белгілі болса, орыстардың – Антон Чехові, қырғыздардың Шыңғыс Айтматовы бар. Өзбектерден президенттің қызы Гүлнара Кәрімованы мысалға келтіріпті.

Осы жерде "қазақтардан кімді таниды?" деген орынды сұрақ туындайды. Ең өкініштісі, британдықтар осыдан бірнеше жыл бұрын абыройымызды айрандай төккен Боратты ұмыта қоймаған екен. Қазақстанның ең танымал тұлғалары ретінде Борат пен Шыңғысханды көрсеткен.

"Борат – ойдан шығарылған персонаж, Шыңғысхан – шыққан тегі әлі күнге нақтыланбаған император", - деп нақтылай кеткен The Guardian басылымы.