Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады
2014 ж. 13 тамыз
2139
0
2014 жылғы шілде айында елімізде жұмыссыздар саны 463,4 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызға тең болды.
ҚР Статистика агенттігінің хабарлауынша, республика экономикасында 2014 жылғы шілдеде 8,7 млн. адам жұмыспен қамтылды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда жұмыспен қамтылғандар саны 87,0 мың адамға немесе 1,0 пайызға көбейді. Ал жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 6,1 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 69,8%) құраған. Сонымен қатар, 2014 жылғы II тоқсан бойынша өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан жұмыспен нәтижелі қамтылғандар үлесі 70,0 пайызды, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар - 30,0 пайызды құраған.
«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2014 жылғы шілде айының соңына 59,2 мың адам («Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысатындар құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,6 пайызын құрап отыр, бұл көрсеткіш өткен 2013 жылғы шілдемен бірдей болып табылады», - делінген баспасөз баянында.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы inform.kz