Аштық құрбандарына қойылған ескерткіш қоқысқа тасталмақ

Алматыдағы 30-шы жылдардағы аштық құрбандарына арнап ескерткіш орнатылады деген тас белгі,  ескерткіш орнатылмаған күйі енді қала сыртына шығарылып тасталмақшы. Қала орталығындағы саябақтардың бірінде орналасқан тарихи нысанға тұрғындар қарсылық танытыпты деп хабарлайды 31 арна.

Алматыда аштық құрбандарына қойылған ескерткіш қоқысқа тасталмақ
Фото: azattyq.org

Дәл осы жерге нәубет жылдарында құрбан болғандарға арнап ескерткіш орнату ұсынысы қоғам өкілдері тарапынан жыл сайын жоғарыға жол тартады. Билік тарапынан ескерусіз қалып келген ескерткіш орнын енді мүлдем алып тастау туралы бастама көтерілді.

Тұрғындар тарапынан түскен шағымның мазмұны бойынша саябақта тұрған тарихи нысан демалушыларға жағымсыз әсер етіп, жастардың бойын үрей билейді екен. Бірақ, бойын үрей билегіштердің кімдер екенін әкімдік жария етпей отыр.

"Мынаны қайта білу керек. Осы жерге келіп, ұрпақты осы арқылы тәрбиелеу керек. Мұның астарында не жатқанын айту керек. Өздерінің істерін жүзеге асыру үшін, мына тасты алып тастау үшін әкімшіліктің айтып отырған сылтауы деп білемін өз басым. Бұл тарихты әрқайсысымыз білуіміз керек. Балалар шошиды екен деген ешқандай ақылға сыймайтын әңгіме",- дейді саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Әшуұлы.

Жеті-сегіз тұрғынның шағымын негізге алған қала басшылығы ұзақ жылдан бері ескерткіштің орнатылмауын жыл сайын жоспарға кірмей қалуымен түсіндірді. Арнайы құрылған топ мақұлдап, бюджеттік жоспарлау басқармасы жоспарына енгізу керек екен.

"Бізде қалада комиссия бар ескерткіштер жөнінде. Сол комиссия негізінде тек ашаршылық құрбандарына ғана емес, бірнеше ескерткіш бар. Қалада бюджеттік жоспарлау басқармасы бар, сол басқарманың жоспарына сәйкес әр жылда ескерткіш орнатылып отырады. Ескерткіштің орнатылу-орнатылмауын да сол комиссия шешеді", - дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бас маманы Данияр Әлиев.

30 жылдардағы зұлмат құрбандарына арнап ескерткіш орнатылады деген қара тас осыдан 22 жыл бұрын қойылған еді. Жас ұрпаққа теріс әсер етуде деген тұрғындар уәжі,  қала әкімшілігінде қаралуда.