Жүз шақты адам Ұлттық банк алдына Келімбетовпен кездесу үшін келді
2014 ж. 08 тамыз
1669
0
Алматыдағы Ұлттық банк ғимаратының алдына ипотекалық несиесін өтей алмай жүрген наразы топ тағы жиналды. Бұл жолы жүзден астам адам бас көтерді.
Арасында Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларынан келген азаматтар да бар. Олар "банк алдындағы қарызымызды мемлекет жапсын" деген талап қойып отыр. Айтуларынша, бірнеше жыл бойы несиелерін өтеп келген. Алайда жаһандық дағдарыс пен елдегі девальвацияның салдарынан олар несиені ары қарай төлеуге қауқарсыз екенін айтады.
Жиналғандар Ұлттық банктің төрағасымен кездесуді қалаған. Бірақ Қайрат Келімбетов олармен бетпе-бет жүздескен жоқ, тіпті мекеменің ішіне де кіргізбеді.
Ал бас банк өкілдері таяуда бұл азаматтарды банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметовтің қабылдайтыны жайлы хабарлады.
Айта кетейік, азаматтардың банк алдындағы берешегін мемлекет өтеу керек деген мәселе Қазақстанның ешбір заңнамасында қарастырылмаған.
"Мұндағылардың басым бөлігі - мүгедектер, зейнеткерлер мен бір-ақ үйі бар азаматтар. Былайша айтқанда, әлеуметтің әлжуаз тобы. Бұл кісілер ипотекаларын 5-6 жыл төлеп келді. Несиенің негізгі бөлігін өтеді деуге болады. Қалғаны - қарыздың сыйақысы. Меніңше, мемлекет халыққа көмектесу керек. Өз халқыңды қиын жағдайдан құтқару қажет", - дейді топтың белсендісі Юлия Ширяева.
Ұлттық банктің департамент директоры Александр Терентьев: "Қандай да бір қиын жағдайға тап болып, өз несиелерін төлей алмаған азаматтарға Ұлттық банк қол ұшын созуға дайын. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, несие валютасының құнын өзгерту керек. Осы тапсырманы атқаратын арнайы жұмыс тобы бар", - деумен ғана шектелді.