Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты: МАҚСАТ –ТАРИХ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕУ

0
2265

d0bad0bed0b9d188d18bd0b1d0b0d0b5d0b2

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы биыл, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамырда) қарсаңында дінбасыларға, барлық үкіметтік емес ұйымдар мүшелеріне, жұртшылыққа ашық хат жариялап, өткен ғасырдағы ұлттық апатты арнайы еске алуға шақырған еді. Қазақстан мұсылмандарының жетекшісі шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл ұсынысты бірден қабыл алды. Қазақ радиосы жұма намаз уағызын муфтидің өзі жүргізетінін хабарлады. Сол күні еліміздегі діни орындардың баршасында ашаршылық құрбандарына бағыштап дұға оқылды. Қалада арнайы митинг те өтті. Сөйтіп, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың көптен көтеріп жүрген идеясы жүзеге асты.

 

 

 

           Жанр – түр ғана. Түр – мазмұнды ашу тәсілі ғана. Мазмұн – көрсетілуі тиіс ойға алған тұтастықты айқындаушы жәйт, тұтастың бөліктерінің жиынтығы. Тұтастың бөліктері сан түрмен ашылуы мүмкін. Яғни, мен қолға алған тұтас әлемді бейнелеу үшін неше-алуан жанр пайдаланылуда. Ендеше, оларды жіктеп қажеті қанша? Бәрін бір ортақ атпен атай берсем де болмай ма? Көркемдік түр әдебиеттің өзіндік анықтауышы іспетті болғанмен, көркем тұ­тас­тықтың жүгін көтере алмайды. Мен жасамақ көркем тұтастықты тану үшін бір түрге, яғни бір жанрға иек арту жеткіліксіз, менде олар аралас қолданылады.

– Ашаршылық құрбан­дарын осылай еске алып тұру мәселесі тұңғыш рет 2002 жылы «Талтүске дейін» атты жинағыңыздағы академик Кеңес Нұрпейіспен бірігіп жазған ғылыми-пуб­лицистикалық мақалаңызда ұсынылған екен. Ұзаққа созылған мерзімнен соң ұсы­нысыңыз жүзеге асты. Бұл үшін, қоғамдық ой-пікір қалыптастыру үшін талай жұмыс жүргізілгені белгілі. Оған жазушының шығар­машылыққа арналуы тиіс алтын уақыты кеткендігі анық.

Сұхбатымызды осы түйінді тарқатудан бастасақ…

– Иә, қоғамдық жұмыстың көп уақыт алатыны рас. Бірақ оған көңіл бөлмей тағы болмайды. Жұртшылық назарынан қағыс жатқан, қолға алуға сұранып тұрған мәселелерді көргенде, қалайша қарап қаласың. Қоғам алдындағы азаматтық парыз, халқыңның тағдырына перзенті ретінде жаныңның ашуы осыған итермелейді. Мен «Әділет» қоғамын құруды көздеген қозғалыс алғаш туған сонау 1988 жылдан бері сталинизм қылмыстарының бірі – жасанды аштық құпияларын ашу қажеттігін көтергендердің қатарында жүрдім. Биыл бұл мәселеге қоғам да, билік те ерекше назар аударды, иншалла. Көздеген мақсатымыз көпке белгілі – еске алуларды дәстүрге айналдыру, арнайы ескерткіштер тұрғызу, мұражайларда естелік бұрыштар ашу, шежірешілерді жұмылдырып, нақты құрбандар есімдерін анықтау, еврейлердің «Яд ва Шем» (Жад пен Есім) мұражайы іспетті азалы орын ашу, тағысын-тағылар. Шүкір, бұлар да, қолға алынған өзге де істер жалғастырылып, орындалып қалар. Сең қозғалды, бұдан әрі «Әділет» көтерген көп мәселені жеріне жеткізе жүзеге асыратын азаматтар табылады деп сенемін. Ұлт патриоттары қозғалысында атқарған және белгілеген жұмыстарымыз да жалғасын таба береріне күмән жоқ. Демек, шығармашылыққа көбірек ден қоюға енді әбден болады. Маған солай ету керек те, өйткені бастап қойып, түрлі қоғамдық жұмыс мұқтаждықтары салдарынан жалғастыра алмай жүрген бірер көркем жобаларым өзімді күтіп тұрғалы қашан…

– Онда әңгімені шығар­машылығыңызға қарай бұ­райық…

Шындап келгенде, шығарма туралы әңгіме қоз­ғалғанда, қоғам өмірі де сөз болады. Өйткені қаламгер айналадағы тіршіліктің квинтэссенциясын қағаз бетіндегі көркем әлемінде бейнелейді. Сондықтан шығармашылық ту­ралы пікірлесу дегеніңіз – әдебиеттің мақсат-мұраты, оның қоғамға әсер-ықпалы, жа­зушының қаламгер және азамат ретіндегі ұстанымы жайындағы әңгіме-дүкен болса керек.

– Беке, сіз творчествоңызды жастар, жасөспірімдер, жет­кін­шектер тақырыбына ар­нал­ған көркем шығармалар жазудан бастадыңыз. Олар өз алдына бір төбе. Бұл ретте өзіндік жазу мәнеріңіз, қолтаңбаңыз қалыптасты. Туын­дыла­ры­ңыз­дың мағынасы терең екені дау туғызбайды. Өйткені оларда негізгі сюжетпен астасып жүретін елеулі қатпар бар. Ең алдымен, олар, әрине, кім-кімге де жақын, ыстық, қымбат есептелетін мәңгілік тақырыпты – махаббатты әспеттеуімен бағалы. Асыл сезім жайында көркем де әсерлі сыр шерту баршаға, әсіресе жастарға ұнайды. Зерделі оқушы сонымен қатар нәзік сырлар астарындағы әлеуметтік жәйттерді де түйсініп, ой түйеді. Мәселен, «Сен ғана» романындағы кеңес дәуірі шындығының бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде де күн тәртібінен түсе қоймаған мәселелермен үндестігі анық байқалады. Олар қилы көркемдік әдістермен тартымды берілген. Құмартып оқисың. Тоталитарлық дәуір жонып-тегістеп, орнықтырған стандартты ойлау жүйесінің шектеулі шегінен шығуды көздейтін өзгеше пайымның емеурінмен жеткізілгенін көресің. Ондағы түрлі аңыз сюжеттерін пайдалана отырып, ұлттық мүддені көтеру әрекеттері сырт көзге елеусіз болғанымен, зер сала оқығанға сайрап тұр. Соншалықты табиғи көрінетін пайымдар оқырман ойын оқиға астарындағы идеяға еріксіз жетелеп кетеді. Сөйтіп, адами сезімдерді жырлайтын шығарма азаматтық көзқарастарды баулуға, шыңдауға бастайды. Бұл миссия көзге көрінбей, көркем тұспал арқылы жүзеге асырылады. Ал бұл, меніңше, көп адам дөп басып таба қоймаған шеберліктен туса керек. Романның алғашқы бөліміне шығарманың өз ішіндегі аңыздан алынып, эпигроф етілген отанның шын берілген ұлы болу шарты туралы сөздер, келесі бөлімге эпигроф болған махаббатқа адалдық хақындағы байлам шамшырақ қызметін атқарып, шығармадағы өзекті ойды ашып тұрғандай әсер береді. Осы жерде мынандай сауал қойғым келеді: жастардың жүрек қылын қозғайтын, жастық сезім мен қоғамдық белсенділіктің өзара үндесуін соншалықты бір жылылықпен жырлайтын, қазіргі заманғы қыз-жігіттің рухани әжетіне сұранып тұрған туындылар неге жалғасын таппады? Тарихқа ауысып кеткеніңіз қалай?

– Шынында, сырт көзге солай көрінетін шығар, бірақ біржола ат құйрығын үзісіп кеттім дей алмаймын. Менің жастар жайында жазған көр­кем шығармаларымда та­рихтың мәні және азаматтарды тарих арқылы тәрбиелеудің маңыздылығы түрлі ретпен шығарма өзегіне тоқылып жататын. Бірақ «ақтаңдақтарды» қарастырумен көбірек шұ­ғыл­данғандықтан, тарихи та­қырыпты қаузап кеткенім рас та сияқты. Мен мұны да жастар тәрбиесі үшін керек деп санағандықтан қолға алдым. Олардың рухани бітімі мен азаматтығы үйлесе дамығанда ғана жеке тұлға ретіндегі қадір-қасиеті беки түседі. Жалпы, жастардың тарихи санасы, ұлттық болмысы, тиісінше, рухани тәрбиесі шыншыл тарихты білуіне байланысты екені анық. Сондықтан осы тақырыпқа көбірек бұрылған болармын. Көзім жетіп айтатыным – туындыларымдағы кейіпкерлер арасында кеңестік шындық тарихи санасын түрлі дәрежеде қалыптастырған адам тұрпаттары бар. Олардың бірі өмірге то­ғы­шарлықпен, екіншісі – жаңалыққа құштарлықпен, тағы бірі – сыншылдықпен қа­райды. Оқырман солардың бейнелерінен, өзара қарым-қатынастарынан өз замандастарын, қоғам келбетін көріп, салыстырмалы түрде ой түюге тиіс деп ойлаймын.

– Оқырманға сіздің тарихи туындылар топтамасындағы ұстанымыңыз таныс, оны сіз «Рух-Сарай» тізбегі­нің алғашқы томында жария­лағансыз. Жобаңыз ауқымды. Cіз «жас оқырманға сіңімді, құнарлы рухани азық… нәр» ұсынудың шарты – «дерек пен көркемсөз кестесі» үй­лесіміне қол жеткізу деп ұйғарыпсыз. Сөйтіп, сомдамақ рухи ғимаратыңыздың «кір­піштері» қандай болатынына меңзепсіз…

 – Иә.

– Бұл – тарихи деректерді көркем тілмен әңгімелеу деген сөз емес пе…

– Солай.

– Ал қандай деректерден құнарлы, санаға азық бо­ларлық рухани нәр алуға болады деп ойлайсыз?

– Мен бұл үшін, қазақтың мыңдаған жылдық тарихының шешуші үзіктерінің бірі ретінде, ХХ ғасырды таңдап алдым. Өйткені қазақ ұлты ғұмырындағы күллі тағдырлы бетбұрыстардың бәрі сол жүзжылдықта жасалған-ды.

– Атап айтқанда?

– Олардың негізгілерін мен мынандай жүйемен айтулы кезеңдерге бөлем: халқымызға елдігін қалпына келтірудің соны бағытын нұсқаған бесінші жыл, бұл бір. Сосын – «қара Ресейдің» бұлқыныс күшін көрсеткен он алтыншы жыл. Екі. «Халықтар түрмесінің» бас қожайыны мен күзетшісі тақтан құлаған он жетінші жыл. Үш. Одан кейін – қазақ халқын жаңа империя құрамында жер-суының негізгі аумағымен кеңестік автономия деп аталатын бір шаңырақ астына біріктіруге тұңғыш рет тарихи мүмкіндік берген жиырма төртінші жыл. Төрт. Бергі заманда тек қазақ намысын жыртып қана қоймай, жер-жаһанды тітіреткен «зұлымдық империясының» көбесін сөгіп, империя тұн­шықтырған барлық одақтас республикалардың еңсе көтеруіне, сөйтіп олар­дың баршасының ұлттық мем­лекеттік тәуелсіздігіне жол сал­ған сексен алтыншы жыл…

– Иә, мұның бәрі хал­қымыздың тарихындағы елеу­лі кезеңдер, дегенмен, сіз­дің әр кезде жариялаған жұ­мыс­тарыңызда қамты­ла­тын уақыттық кеңістіктер одан да ауқымды емес пе…

– Шынында солай. Бұлар негізгілері. Олармен сабақтас сан белес, тағылымды, ма­ңыз­ды кезеңдер бар. Со­лардың баршасы менің топтамамда әртүрлі жолмен қарастырылады. Осы кезең-белестердегі күрделі оқиғалар жөнінде ой қорытылады. Туған халқымыздың саяси ояну жолындағы алғашқы қадамдары мен тәуелсіздікке жеткенге дейінгі шежіресінен жекелеген суреттер көркем зерттеуіме түсті. Сөйтіп, ғасырға ұласқан ұзақ жолдың тарихи тағылымды тұстарынан сомдалып, ғимараттың сүйегін құрап-тұтастырған туындылар тізбегі нобайланды. Сол тізбек жас азаматтарға рухани нәр берерлік танымды шығармалар шоғырын құрайтын болады.

– Сіз бұл рухи-ғима­ра­тыңыз әлденеше сериямен өріледі деп жазған едіңіз…

– Менің ғимаратым – ұлттық рухты ұлықтайтын рухани үй сынды әлем. Оның іргетасы, еңсе көтерер негізі – туған топырақ болмақ. Сол себепті де «Рух-Сарай» әлемінің іргетасы іспетті алғашқы туындылар шоғырын біріктіретін желі жәй ғана «Топырақ» деп аталады. Бұл сериядан қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруді тұңғыш рет озық өркениеттік саяси ой деңгейінде пайымдай бастаған кез – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілік көріністерін бейнелейтін этюдтер орын алады. Ал іргетас үстіне қабырға өрілетіні белгілі, мен оны құрайтын туындыларды «Кереге» деп аталатын серияға топтастырмақпын. Оған уақыт жағынан ХХ ғасырдың алғашқы үштен бірінде орын алған бетбұрысты өзгерістер жайындағы этюдтер кіреді. Ол жекелеген ұлт қайраткерлерінің ғұмыры мен қызметін арқау ету арқылы бейнеленеді. Керегеге уық бекітіледі, уық шаңырақты көтеріп тұрады. Топтамада бұл қызметті «Уық» сериясы атқарады. Осы сериямен тоталитаризм дәуірлеген ке­зеңнен қазіргі тәуелсіздік баспалдақтарына дейінгі ара­лықты жалғастыратын шежі­ре түзіледі. Ал ғимараттың шатыры – тәуелсіздік бе­ле­сіндегі рухани күмбез тәрізді серия – «Тәж» деген атаумен бедерленеді. Оған тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарындағы ізденіс­терді, тәуелсіз ел азамат­та­рының көзқарасын, ұста­нымын көрсететін, оның қалыптасуына арқау болатын этюдтер кіреді. Бұл алдыңғы үш топтаманың қорытындысы іспетті. Өстіп, тәуелсіздік азаматы көзқарасының тұғырын қалауға септесуге тиіс «Рух-Сарай», төрт серияға жүйеленген, тұтастай бір ғасырды қамтитын этюдтер дестесі, рухи-ғимарат ретінде бой түзейді.

– Этюд деп қалдыңыз, бұл жанрлық анықтамаңыз соншалықты дәл емес-ау. Мәселен, алғашқы «Топырақ» сериясына кірген «Аңсау», меніңше, барлық белгілері бойынша кәдімгі роман, «Айбат», «Тамыр», «Ақ бата», «Мұнара» да сондай. Оларға тек деректі деген анықтама қосу сұранып тұрған сияқты…

– Шынтуайтына келгенде, әдебиеттанушының топ­тамадағы әр туындыны белгілі бір жанрға жатқызуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Мәселе менің үлкен уақыттық кесінді ішіндегі бетбұрысты белестерді, елеулі оқиғаларды бейнелегім келгенінде жатса керек. Ал оны жасау жолында менің қолға алған көркемдік құралым сан түрлі болды. Сондықтан да осынау рухдестеге кіретін туындыларды әдеттегі әдеби жанрлар бойынша топтастыруды қош көрмедім. Маған бұл ретте, өзімнің жас кезімдегі елти қараған, орны ерекше ұстаздарымның бірі, мәңгі өлмес ұлы Бальзактың өзінің эпопеясын нобайлауда қолданған тәсілі көңіліме қонды. Ол суреткерлігінің шыңы ретінде танылған үлкен және шағын романдарын да, сыни көзге журналистік жұмыс іспетті әсер қалдыратын үлкенді-кішілі барша тамаша шығармаларын да жанрға жіктемей, ортақ атаумен этюдтер деп атаған болатын. Бұл жерде ертеде сөз өнері зергерлерінің әдеби де, ғылыми да, философиялық та очерктерді бір сөзбен этюд деп таңбалай бергенін есте ұстаған жөн. Осы атау маған да ұнайды. Сондықтан, «Рух-Сарайдың» көркемдік тұтастығын сақтау үшін, туындыларды жанрға бөліп-жармай-ақ, – өзінше жеке этюдтер ретінде беруді жөн санадым.

– Яғни, жарыққа шыққан туындылардан байқаға­ны­мыз­дай, ешқандай жанр атауын көрсетпейсіз…

– Иә. «Рух-Сараймен» та­нысқанда, жас оқырман романдар мен әңгімелерге, зерттеулер мен көсемсөз үл­гілеріне, ғылыми монографиялар мен анықтамалықтар сипатты шығармаларға кезігеді. Бірақ, менің өз иланымымша, олардың мәні түрінде емес, бәрін біріктіретін өзегінде, мазмұнында. Олардың әрқай­сысы – тарихтың бір кішкене пұшпағы, тарихи миниатюра, халқымыз бастан кешкен белгілі бір кезеңнен елес беретін өзінше бір көркем полотно. Сондықтан да олардың қайсысының қай жанрға жататыны мен үшін соншалықты маңызды емес.

– Әйтсе де, дәстүрлі жанр атауларынан қашқақтауыңыз оқырманға ұнай қояр ма екен… Сөз өнерінің қай салада жасалатынын көрсету – талап етілетін қарапайым шарттардың бірі емес пе?

– Жанр – түр ғана. Түр – мазмұнды ашу тәсілі ғана. Мазмұн – көрсетілуі тиіс ойға алған тұтастықты айқындаушы жәйт, тұтастың бөліктерінің жиынтығы. Тұтастың бөліктері сан түрмен ашылуы мүмкін. Яғни, мен қолға алған тұтас әлемді бейнелеу үшін неше-алуан жанр пайдаланылуда. Ендеше, оларды жіктеп қажеті қанша? Бәрін бір ортақ атпен атай берсем де болмай ма? Көркемдік түр әдебиеттің өзіндік анықтауышы іспетті болғанмен, көркем тұ­тас­тықтың жүгін көтере алмайды. Мен жасамақ көркем тұтастықты тану үшін бір түрге, яғни бір жанрға иек арту жеткіліксіз, менде олар аралас қолданылады. Сондықтан да мен байырғы түрлік атауды қару еттім. Маған сол қолайлы…

– Жақсы. Шынында, мәселе тек түрде емес шығар. Өнерді биік өнер дәрежесіне кө­терудегі ізденісте шек болмаса керек…

– Бірақ өнеріңді сол биік өнерге жеткізудегі мақсат не, міне, бұл ойландыратын мәселе…

Сіздің жобаңыз тұр­ғысынан қарағанда…

– Менің көздегенім барлық жағынан мүлтіксіз туынды жасау емес, мен қарапайым ғана мұрат ұстанудамын… Бірақ оған жетуді армандамаймын десем, шындыққа жанаспас еді. Алайда бұл арман ғана, шығармашыны мәңгі ұмтылысқа жетелейтін биік меже… Рас, өзінің шығармашылығына «өнер – өнер үшін» ұранын негіз еткен, мінсіздікті көксейтін шеберлер бар, олар құрмет тұтуға әбден лайық. Солармен қатар, өнерді өнер үшін жасаймыз деп, ел мүддесін көзге ілмейтіндер де бар. Тек мен солардың бәрін, он жерден халықаралық жүлдеге, үлде мен бүлдеге оранса да, жалпыадамзаттық деген алдамшы ұранның жетегінде кетіп, өздерінің ұлттық-тектік сипатын жоғалтқандары үшін жоғары бағалай алмаймын. Маған ғасырлар бойы тарихи құқтары шектеліп, кемсітіліп келген, күллі тұрмыс салты өзгерген, қазір де шынайы ұлттық мүддесі тиісті дәрежеде қорғалмай келе жатқан халқымыздың атын ғана қалдырып, затын «жалпыадамзаттық» кейіпке түсіруді көздеген бағыт ұнамайды. Мен қазақ өзінің таза ұлттық сипатын жалпақ әлемге терең таныту арқылы жалпыадамзаттық деңгейді игереді, солай етуге тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да өзімнің рухи-ғимаратымды тұрғызуда осынау «өнер – өнер үшін» делінетін аспани-көркем ережеге емес, «өнер – өмір үшін» деген жасампаздық қағидасына сүйенгенді мақұл көрем. Менің қолға алған жобам бүгінгі таң сұранысына қызмет ететін, оқырманын баянды болашаққа жаңа сезіммен апармақ ерекше жәдігерлік болып шығуға тиіс. «Рух-Сарай» оқушысын тарихпен тәрбиелеуді мұрат етеді.

– Топтаманың бұған дейін жарық көрген туындыларында алғашқы орыс революциясы кезеңіндегі қазақ тарихы қарастырылады. Сіз «Рух-Сарай» жүз жылды қамтиды дейсіз, егер әңгіме етілетін адамдар тағдырын, тарихи оқиғаларды есепке алсақ, цикл бірнеше ғасыр бойғы қазақ өмірін, қазақтың қоғамдық-саяси ойы тарихын көрсетеді. Және туындыларыңыз та­рихқа белгілі бір дәрежеде жаңаша көзқарасымен ерек­шеленеді. Айталық, сіздің үш тағаннан тұратын «Айбат» атты этюдіңіз бірінші революция жылдарындағы саяси партия, орыс-қазақ одағы, республика құру сынды мәселелерді қазақ қоғамдық өмірі мысалында суреттейді. Бақытжан Қаратаев, Нілді жұмысшылары, Жақып Ақ­баев, Әлихан Бөкейханов, Көлбай Тоғысов, тағы басқа да тарихи тұлғалар оқырманға сан қырларынан танылады. Ал ресми тарих беттерінде бұлар біржақты қарастырылады. Мен арнайы қарап шықтым, «Қазақстан тарихының» 3-томында сіздің этюдтеріңіз­ге арқау болған ХХ ғасыр­дың басындағы оқиғалар­дан келтірілген деректер тым сараң екен. Қарқаралы петициясы, бүкілресейлік мұ­сылман съездері, генерал Ғұбайдолла Жәңгірханов жа­йындағы этюдтерге байланысты да осыны айтуға болады. Мемлекеттік Дума туралы этюдтердің мазмұнында тілге тиек болатын жәйттер де, саяси ойды дамытушылардың тартыстары туралы деректер де ресми тарихта кездесе бермейді. Мұсылман қозғалысы мен оның Исмайыл Гаспралы, Рашид қази Ибрагимов, Әлимарданбек Топшыбашев, Серәлі Лапин, т.б. ірі қайраткерлері жөніндегі этюдтерді де сондай жаңалығы бар шығармалар қатарына қосар едік. Сөз жоқ, айтары мол танымды туындылар. Қызығы және құндылығы – бұларда тарихи қаһармандардың өзара қарым-қатынасы нақты мысалдармен беріледі, әрі олар этюдтен этюдке көшіп, сол заманның саяси күреске толы күрделі болмысын көрсетеді. Бастапқы әсердің өзі осындай. Топтама туындылары бәрі түгел жазылып болып, оқырман қолына жеткенде, шынында да тоқсан толғаулы дастан, эпопея сынды дәрежеде танылып қалуы ықтимал ма деймін. Сіз «Топырақ» деп аталған бірінші серияңызды аяқтадыңыз, қазір екінші серия шығармаларын баспаға әзірлеудесіз. Шамалауымша, оған бұдан бұрын жарияланған «Әлихан Бөкейханов», «Ба­қыт­жан Қаратаев», «Ұлт театры шаңырағын көтеруші», «Сұлтанбек Қожанов» секілді ғұмырнамалық туынды­лары­ңыз енетін болар?

– Солай да, олай емес те. Топтаманы дайындауға дендеп енген сайын, сонау бұрын баспа бетін көрген жұмыстарымды сол қалпында емес, жаңаша пайымдап, толықтырып, түзеп пайдалануым керек екенін сезінудемін. Мәселен, мен әлгінде он жетінші жылды өмірге күрт бетбұрыс әкелген кезең ретінде атадым. Екінші серияға енетін шығармалар тізбегінде соны арнайы пайымға салып, жеке бағамдау қажеттігін ұқтым. Сөйтіп, сол жыл оқиғалары «Мәңгі бастау» этюдіне кірді. Осындай ой дамытуларының бола беруі мүмкін. Сол себепті, «Рух-Сарайдың» алғашқы томында жария еткен жоспарыма жұмыс істеу барысында тиісінше өзгерістер енгізіліп жатқанын жасырмаймын. Алла қаласа, ондай түзетулер цикл аяқталғанша жүргізіле бермек.

– Қашан аяқтамақ ойыңыз бар?

– «Көңілдегі парықты ба­зардағы нарық шешеді» деген… Егер Жаратқан иеміз қуат беріп, қолдап жатса, сонымен қатар, жобаның мақсаты мен мәнін шығарушыларым бағалай біліп, уақтылы жариялануына жәрдемін тигізіп тұрса, онда – көпке созбаспыз…

Осындай ауқымды жобамен жұмыс істей жүріп, балалар әдебиетіне атсалысуға да уақыт таба білуіңіз таңғалдырады екен…

– Уақыттың өте тығыз­дығын ескерсек, бұдан тар­ты­нуым керек-ақ тұғын. Алайда «Шикула» баспа­сының директоры Людмила Кирилинскаяның бүлдір­шіндерге арналған үлкен жо­басы еліміздің келешегі үшін қажет, маңызы зор жұмыс болғандықтан, ұсыныс жасалып тұрғанда, қатыспаймын деп бас тарта алмадым. Біздің жас ұрпақ ана тілімен қатар орыс тілін де меңгеруі керек. Кезінде ұлы Абай оны империяның озбырлығынан қорғану үшін қажет десе, бүгінде ол өз ұлттық мүддемізді басқаларға мойындата білуге, сөйтіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге өзге ұлт өкілдерінің де мүдделі болуына қызмет етуі тиіс. «Шикуланың» балдырғандарға кітаптарын бірден екі тілде тартуы осындай мақсатты көздейтіндіктен, оған аудармашы ретінде атсалысуды қош көрдім.

Балаларға арналған «Жақсы көрем» атты әңгі­мелер мен повестер жина­ғыңызды оқығанда, мен сіздің бұл жобаға неліктен бел­сене атсалысқаныңызды ұқтым. Баршамызға таныс та қымбат мектеп өмірінен алып жазылған «Есейгіміз келеді» деген повесіңіздің өте жеңіл, юморлы тілі баурап алды. Жинақпен аттас, жеткіншектер тыныс-тір­шілігін арқау еткен, ере­сек­тердің өзіне ой салатын по­весіңіз де қызғылықты. Сіздің балалар тілін тамаша меңгергеніңіз көрініп тұр, сондықтан да, «Шикула» баспасына жасаған аудар­ма­ларыңыздың бірқатарына ре­дактор болғанымда, мен аса қинала қойған жоқпын…

– Автор үшін редактор пікірі өте бағалы, өйткені ол кітаптың алғашқы оқырманы ғой. Мен мұны бірінші рет баспаның үйлестірушілік жұ­мыстарын атқарып жүрген Лилия Катковадан естідім. Ол кісі маған бірде: «Сіздің аудармаңызды кітап редакторы сапалы деп, өте жоғары бағалады» деді. Сонда мен де елең етіп, қарапайым жұ­мысыма жақсы баға бе­рушімен тікелей танысуға құмарттым. Өзімнің жіберіп алған олқылықтарымды, тәр­жімамның «әттеген-ай» де­гізетін жерлерін жіті аңға­рып, тиісті редакторлық түзетулер мен орынды ескертпелер жасағаныңа шын қуандым… Шынымды айтайын, әуелде жазушы Ольга Гумировамен бірге балалар журналын екі тілде шығару шаруасымен біраз шұғылданып, ақыры осы баспаның жобасына қа­тысқанымда, тұрақты аудармашы болармын деп ойлай қоймаған едім. Осы орайда қызметтес болған жоғарыда аталған кісілермен қатар Виталий Земляницын, Мадина Абаева, т.б. мені өздерінің жұмыс істеу мәдениетімен баурап алды…

Әңгімеңізге рахмет! Шы­ғармашылығыңыздың же­­міс­ті болуына тілектестік біл­діреміз.

 

Ол кісі маған бірде: «Сіздің аудармаңызды кітап редакторы сапалы деп, өте жоғары бағалады» деді. Сонда мен де елең етіп, қарапайым жұ­мысыма жақсы баға бе­рушімен тікелей танысуға құмарттым. Өзімнің жіберіп алған олқылықтарымды, тәр­жімамның «әттеген-ай» де­гізетін жерлерін жіті аңға­рып, тиісті редакторлық түзетулер мен орынды ескертпелер жасағаныңа шын қуандым… Шынымды айтайын, әуелде жазушы Ольга Гумировамен бірге балалар журналын екі тілде шығару шаруасымен біраз шұғылданып, ақыры осы баспаның жобасына қа­тысқанымда, тұрақты аудармашы болармын деп ойлай қоймаған едім.

 

 

 Әңгімелескен

Балжан ХАБДИНА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз