«ҚАРАЛЫ КӨШТІҢ» ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

dsc003642

Жуырда Алматы қаласындағы Түркістан ислам мәдениет орталығында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының, Евразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының «Тұран» баспасынан жарық көрген «Қаралы көш» атты кітабының салтанатты тұсаукесері болып өтті.

Айтулы шараға ф.ғ.д. профессор, әдебиетші ғалым Тұрсынбек Кәкішев, ғалымдар, т.ғ.д. Зардықан Қинаят,  ф.ғ.д. профессор, Бекен Елубайұлы, Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегерлері Серік Қапшықбайұлы, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы, Ж.Ахмади, У. Қыдырхан, А. Алтай, И.Жеменей, К.Шалқар, А. Бәген, М. Бұлұтай, М.Исахан, Яхуда Амандық, Ы. Файзолла, Б. Бәмішұлы, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Иса, «ҚазақстанZaman» газетінің бас директоры А.Аляз, Халықаралық «Түркістан» газеті журналистер тобының жетекшісі Е.Кәпқызы сынды БАҚ өкілдері қатысты.          Бұл шараның ерекшелігі сол – сонау Түркі қағанатынан бергі ел мен жер үшін жанын шүберекке түйіп күрескен күллі шәйіттердің, соның ішінде «Қаралы көш» романының бас кейіпкері болған Елісхан Әліпұлындай тарихи тұлғаға дұға бағыштауы еді. Тұсаукесердің беташар сөзін алған Тұрсынбек Кәкішев, Жәди Шәкенұлының 2008 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бір уыс сәуле» атты прозалық кітабына алғы сөз жазғанын тілге тиек ете келе, жас жазушыға шығармашылық табыс тілеп, алғашқы романының тұсауын кесті. Т. Рыскелдиев Ж. Шәкенұлының «Ертіс қызы» атты әңгімесін жан-жақты талдап, «Әдебиет теориясы» оқулығына енгізілгенін жеткізді. Бұған қоса өзінің де «Ұлы көш» атты үлкен еңбек жазып жариялағанын, бұдан бұрын Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділовтың «Соңғы көш» атты романының дүниеге келгенін, аталмыш кітаптың қазақ көші туралы үшінші кесек туынды екеніне айрықша тоқталды.

Шараға қатысушылар Ж.Шәкенұлының «Қаралы көш» тарихи романын бүгінгі қазақ әдебиетіне қосылған елеулі еңбек деп бағалады. Әдебиет айдынында өзіндік өрнегін қалыптастырып үлгерген қаламгерден туған халқы өміршең туындылар күтеді. Қаламыңыз қарымды, еңбегіңіз жемісті болғай!

 

Әбу Жарқынұлы