Ораза айт - мұсылмандардың ұлық мерекесі

Айт Кеше, яғни, шілде айының 28-і күні, сағат таңғы 06:30-да Алматы жұртшылығы ораза айт намазын оқыды. Мешітке жиналған мұсылман қауымның көптігі сонша мешіт сыртына дейін айт намазына келген адамдарға толып кетті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы жұртшылығымен бірге намаз оқып, шаһар тұрғындарын қасиетті айт мерекесімен құттықтады. Бас мүфти: «Айт - мұсылмандардың ұлық мерекесі. Сондай-ақ бұл күні мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөлісе отырып, кембағал, жетім-жесір, мүгедек жандарға қолынан келгенше сыйлықтар тартып, ауру-сырқаулардың халін біліп, оларға Алладан шипа тілейді, туыстарына кіріп, құттықтау ізгі дәстүріміз» - деді. Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек Есмағанбет ораза айт мерекесінің қадір-қасиеті жайлы уағыз айтып, жамағатты осы қуанышты күнде мұқтаждарды қуантуды ұмытпауға шақырды. Айт намазынан кейін айт мерекесі басталып, барлық мұсылман қауым бір-бірін шын ниетімен құттықтасып, елге, халыққа амандық саулық тілесті. Намаздан соң жамағат мешіт ауласындағы жайылған айттық дастарханға шақырылды. Айт мерекесіне орай, Алматы Орталық мешітінде «Рамазан тілеулері» атты ісшара өтті. Онда тұрмысы төмен, денсаулығы нашар және жетім 23 балаға қалауы бойынша сыйлықтар тарту етілді. Артынан балаларға арнап дәмді дастархан әзірленді. Айт күндері мейірім-шапағат, рақымшылық, достық сезімдерін тудыратын уақыт. Айт күндері адамдардың рухы шаттанады, күнделікті күйбең тіршіліктен жабырқау тартқан көңілдері жадырап, бір сергіп қалады. Айт күндері өзара кездескен мұсылмандар бірін-біріне: «Айт құтты болсын!», «Айтсын!», «Жақсылығы бірге болсын!», «Айтыңыз қабыл болсын, ақ мол болсын!», «Айтың амандық әкелсін, ісіңді оңдасын, өзіңді қолдасын!» деп, құттықтап, оған жылы жауап қайтаруы тиіс. Бұл мейрамның исі мұсылман баласы үшін басқа мейрамдардан артық екенін көрсетіп, өзімізден кейінгілерге мұра болып қалуы үшін балаларға сый-сыяпат жасап, әдемі киімдер кигізіп, туған-туысқа бірге алып барып, мерекені сезіндірген абзал. Айт күнінің әдептері: көп зікір айту, сауапты істермен  айналысу, ғұсыл құйыну, иіссу себу, әдемі және таза киімдерді кию.

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Айт құтты болсын, ақ мол болсын!

Көзді ашып-жұмғанша, міне, рамазан айы да өтті. Еліміздегі барша мұсылман шілде айының ыстығына қарамастан, бұл айды жақсы ниетпен, тақуалықпен өткізді. Күллі мұсылман қауымы отыз күн оразадан кейін шәууәл айының үш күнінде ораза айт мерекесін тойлайды. Айлардың төресі, барша мұсылман баласы үшін қасиетті  Рамазан айы қайырымдылық, құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, ораза айт осы айдың шүкіршілігі ретінде өткізілетін, екі ұлық мерекенің бірі. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у) алғашқы оқыған айт намазы һижреттің екінші жылындағы Ораза айт намазы. Мәдинаға қоныс аударып келген кезде, Мәдинадағы бір ансар-сахаба Исламнан бұрын тойланатын екі күннің болғаны туралы пайғамбарымызға (с.а.у.) айтқанда, пайғамбарымыз (с.а.у.) екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар «Ислам келгенге дейінгі дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп атап өтетін едік» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Ораза айт». Осылайша Аллаһ елшісі (с.а.у.) мәдиналықтардың мейрамдарын екі ұлық мерекемен ауыстырған болатын. Айттың мән-мағынасын айтатын болсақ, Айт – арапшадан аударғанда «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Демек ол қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаға келеді. Алла Тағала айт күнінде адам баласына әртүрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамының қадір қасиеті ерекше. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Бұл күн - Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, құлшылық ететін күн. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Айт күні оқылған намаз да, жасалған дұға да ерекше. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет. Сонымен қатар, Жәбир былай деген: “Айт күні Пайғамбар (с.а.у) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын”. Әл-Бухари 986. Ғалымдар Пайғамбардың (с.а.у) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Бұл пікірлердің арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалағаны, немесе екіжүзділерге Исламның күші мен ұлылығын көрсеткісі келгені немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалағаны деген пікірлер бар.  Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында түрлі тағамдар пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәнді ерекше мерекелік дастархан жайылып, қонақтар шақырылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, бір-біріне деген бауырмалдықты, кішіпейілдікті, сүйіспеншілікті, кешірімділікті арттырады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерінебарып татуласу да ерекше маңызды. Бұл мейрамның негізгі ерекшелігіде осы. Осы күні балаларға жаңа киім, тәттілер мен сыйлықтар сыйлаумен қуантатын болсақ, балалар да бұл мейрамды жылда асыға күтетін болады. Жалпы ораза айт мейрамындағы қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Құрметті мұсылман қауым! Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтап, Аллаһ Тағаладан баршаңызға қуаныш, отбасыларыңызға береке-бірлік, сүйікті отанымызға гүлдену мен өркендеу, дінімізге қуат, барша мұсылмандарға тыныштық пен шаттық тілеймін! Әмин!  

Алматы орталық мешітінің

Бас имамы Н.Есмағанбет