Судья мырза өз «дәлеліне» өзі күмәнді

0
768

Осы күндері әйел баласына әлімжеттік жасау өршіп тұрған қылмыстың бірі екендігі жасырын емес. Ал мұның соңы кейде қылмыскердің ізін жасырумен аяқталып жатса, кейде ақ-қарасын анықтамай-ақ өзгелерге қара күйе болып жабысып кете барады. Яғни, көбінесе тергеу орындары адам тағдырына салғырт қарап, бұрмалаушылыққа барып жатады ма деп ойлайсың. Астаналық Еділхан Аймаханның «…кәмелетке толмаған қызды зорлады» деп еріксіз жеті жылға сотталғандығы жөнінде «Жас Алаш» (қыркүйек айы, 2009ж.) және «Жас қазақ үні» (қазанның 14-і,2009ж, және22.05.2010ж) және «Қазақстан ZAMAN» (№16, 2010ж.) басылымдарында жариялаған болатын.

«Қылмыскердің» жазықты-жазықсыз екендігін және сотталушы Еділхан Аймаханның наразылығы жөнінде оған үкім шығарушы судья Рамазан Әлтаев мырзаға телефон арқылы хабарласқанымызда былай дейді:

 —«Соттың жеке бастың мәселесіне орай жабық түрде өткізілгені рас. «ҚазақстанZAMAN», «Жас қазақ үні» газеттеріндегі мақалада көрсетілгендей кейбір кемшілік жасаған заңгерлердің кінәсі дәлелденіп, қазір ол өз қызметінен аластатылды. Мысалы, сол кездегі тергеуші Б.Жарасов Еділханды «ақша алып» уақытша тергеу орнынан қашырып жіберген. Бірақ бұған нақты дәлелім жоқ(!). Еділхан өз фактісінде де айтқан ғой, «мені тергеген тергеуші қалтамдағы бар ақшамды сыпырып алды, тек құжатымды қайтарды» деп. Бәлкім солай ақшаға келіскен болар(?). Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын айтар болсам, анау киімдерін сол тергеуші жоқ етіп жіберген. Біз тергеуді обьективті түрде жүргіздік. Екі жақтың да мүддесін ескергенбіз. Ол тергеуші бұрын да талай осы секілді қылмыскерлерді ақшаға келісіп қашырып отырған. Ал жәбірленуші Е.Елюбаева Еділханды танып отырғаны шындық. Төмендегілер бәрін анықтаған соң солай шешім шығардым».

Өзін жиырма жылдан бері судья қызметкерімін деп таныстырған Р.Әлтаев мырза неліктен кей сөзінде «дәлелім жоқ» дегенді қосып айтады? Біздің білуімізше сот орнындағылар ешқашан күмәнді тергеуге үкім шығармауы тиіс. Ал тергеуші Б.Жарасовты Еділханнан «ақша алып босатып жіберді» деп тағы бір дәлелсіз күдігін айтады. Анықтамадағы фактілерде көрсетілгендей .Жарасов сол қызметіне тек 2007 жылы қыркүйек айында ғана келген. Бұл судья Р.Әлтаевтың бізге жіберген үкімінде де көрсетілген. Сонда Б.Жарасов Еділхан Аймаханды қайсы тергеу орнында кездестіріп қалай ақша алып жүр? Өйткені Еділхан Аймахан 2006 жылы тамыз айында күдікті ретінде ұсталған болатын.

Еділхан Аймаханға тағылған айыптың шикілігін мойындамасқа амал жоқ. Басқасын былай қойғанда білдей судья мырза Рамазан Әлтаевтың өзінен «нақты дәлелім жоқ, солай болған шығар…» деген қисынсыз жауабына қарағанда, әу баста тергеуші Б.Жарасовты да осы секілді дәлелсіз пікірлермен әбден қақтап-қақтап барып қызметтен қуды ма деген ой келді бізге.

Қазақта: «Табан астында келген жалаңнан сақта, пәлеңнен сақта» деп осындайда айтады екен ғой. Осыған байланысты Қазақстан Жоғарғы Соты тергеудегі мұндай келеңсіздікті аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз.

 

 Шара ҚҰРБАНОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз