ӨКІМЕТ – БАР, НИЕТ – ЖОҚ...

img_2971

«Күретамыр» қоғамдық қорының басшысы, белгілі қоғам қайраткері, «Барып қайт, балам, ауылға!» атты әйгілі әннің сөзін жазған халқымыздың қадірлі ақыны Айсұлу Қадырбаева елімізде болып жатқан әр қилы проблемалық жағдайларға белсене араласып, көпшілікке ой тастап, қозғау салатындай біраз мәселе көтеріп жүр.

Сонау 1990 жылдардың басынан бермен қарай, бүгінгі күнге дейін, қазақ жерін жекеменшікке өткізіп, шетелдік инвесторлардың құзырына беруге түбегейлі қарсылық көрсетіп келе жатқан оның

«Жер – киелі!

Жер – алтын бесігіміз!

Құдай берген

ақ-адал несібіміз!-

Несібінен айырып, бесігінен, -

О, жиылған жамағат,

байқаймысың,-

тигелі тұр ұрпаққа кесіріміз.

Тигеннен соң ұрпаққа кесіріміз, -

Келе жатқан ғасырдың маңдайына

Кім деп, қалай жазылмақ есіміміз?!» - деп шырқыраған жан дауысы кімнің болса да, көкірегін тіліп өтері сөзсіз.

Айсұлу ханымның бүгінгі көтеріп отырған мәселесі – қып-қызыл жер дауының ортасында шоқтай жанып, тағдыр тауқіметіменен тікелей арпалысып жатқан оралмандарымыздың тағдырына байланысты. Ол өзінің Астана қаласының іргесіндегі Қоянды ауылында өткізген кезекті бір кездесуінде мына бір әңгімені таспаға жазып алған екен. Біз сіздердің назарларыңызды енді соған аударамыз.

Қояндыда қазір, тір­келгені бар, тір­келмегені бар, бес жүздей отбасы тұрады. Ал, жергілікті халықпен қоса есептесек үш мыңға дейін барар. Бастарында баспаналары жоқтығынан, бір үйде бірнеше отбасы тұрып жатқан да жағдайлар бар.

Жер мәселесіне келсек, оның билігі – жоғары жақтағыларда. Заң шығарылып, тәртіп беріліп жатыр дегенмен, ол көпшіліктің қолына оңайлықпен тие қоймасы белгілі. Құдайдың қара жерін де базардағы пұл секілді тап-таза сауда-саттыққа салып жіберген, бизнестің көзі.

Айталық, менің өзімнің де заңда көрсетілген-ақ жолмен құжат тапсырып, жер ала алмай, сандалып жүргеніме, жеті-сегіз жылдың жүзі болды.

Жарлықтарда Астана төңірегіндегі жерлерді жекелеген адамдарға сатуға тыйым салынған. Оған да қарап жатқан ешкім жоқ. ТОО дегендерді құрып-құрып, маңайдағы жерлердің біразын жекешелендіріп алған. Енді сол жерлерді он-он соттықтан айнала сатып, ақша жасап жатыр. «Заңды шығарып едік, енді оның орындалуы қалай екен», - дейтін бір басшыны көрмейміз. Осыдан келіп, ой туады: «Әй, бұлардың бәрі – бір мафия-ау» деген.

Қарапайым халықтың қолында ақша жоқ, сондықтан да олар әлгі алып сатарлардың қолынан жер сатып ала алмайды. Үкіметтің халыққа үй салып беріп жатпағаны екі бастан белгілі. Осындай жағдайда өмір сүріп отырған бұқарада не береке болсын. Біз де – соның біріміз.

О замандары тағдырдың жазуымен, ұрпағын сақтау үшін, аталарымыз өтсе өткен шығар шетелге. Ол кезеңдерде де асыра сілтеушіліктің кесірінен, үй, орманымен жоқ болып кеткендер болды ғой, айдалғаны бар, атылғаны бар. Не жасыратыны бар, біз – солардан қалған тұяқпыз. Бала кезімізден әке-шешелеріміз қайдан шығып, қайдан келгенімізді құлағымызға құйып тастаған. Туған жерімізді көргіміз келетін, зарығатынбыз, сағынатынбыз. Сол сағынышпен «Отаным!» деп жеттік Қазақстанға. Өз басымыздың арманымыз жоқ, туған топыраққа табанымыз тійді.

Бірақ, мәселе бізде ғана емес қой. Әр үйдің бауырында тәрбиелеп өсіріп жатқан балалары бар. Олар оқып, білім алуы керек. Азамат боп, ер жетіп, ел игілігіне қызмет етуі керек. Бала бақша жоқ, мектеп жоқ, ойын-сауық, спорттық кешен дегендерді жөніне қалдыралық. Анау зәулім-зәулім үйлердегі тіршілік – басқа, үйсіз-күйсіз сенделіп күй кешіп жатқан біздің тіршілік – басқа. Осындай жер мен көктей айырмашылықта өмір сүріп жатқан қазақ деген халықтың кімнің алдында қадыры болмақ?

Біріміз бірімізді қанау, біріміз бірімізді тонау, езу, жаншу, тұншықтыру – мұның соңы қайда апарып соқтыруы мүмкін деп ойлайсыз? Және мұны көріп отырған ұрпақ бұдан қандай үлгі алмақ?

     Жалпыға ортақ Конституциялық құқымыз бар дейміз, - бірақ онымызды кім қорғайды? Билікке барамыз – билікте әділдік жоқ, - сотқа барамыз – сотта әділдік жоқ. Сонда біз ақиқатты қайдан іздеуге тиіспіз? Ал, енді, «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішіндемен» бар кемшілікті жаба тоқи берсек, халықтық қасиетімізден не қалады? Былыққа әбден батып, тұралайтын жеріміз осы емес пе?! Ондай жағдайда бізді бұл апаттан кім құтқарады? Өзіңнің ақ-қарадан хабарың болмаса, балаң ақ-қараны білмей өссе, келешегіміздің тамырына балта шабылды деген сөз емес пе?

Тастай талап, темірдей тәртіп болмай, ел еңсесі қалай көтеріледі? Шаруа күйді, - тіршілікті қалай түзетеміз? Біздің жанымызды күйзелтетін, міне, – осы.

Ауырдың үсті, жеңілдің астымен күн көргісі келген өңшең алаяқтар бірі бірімен жең ұшынан жалғасып, ауылдағы ауыз суға дейін жекешелендіріп алған, оны айтасыз, жарыққа дейін солардың меншігінде. Соны беттері бүлк етпей, мынау ауыр тұрмыстан сіңірі созылып, әзер күнін көріп отырған қара халыққа бәленбай теңгеден үстемелеп сатады. Сатып ала алмағандарды сусыз, жарықсыз қалдырады. Осы ма біздің біріміздің бірімізге деген бауырмашылығымыз?

Құдайдың бетін көремін дегеннің ісі ме бұл?

Ал, енді, бұлардың үсті­нен шағымданып көріңіз жоғарыға - шоқпары әзір тұрады. Біреудің терезесін сындырады, біреудің басын жарады - ойына келгенін істейді. Дәл осындай қорлықты ауылымыздың басын қосып, жоғын жоқтап жүрген азаматымыз Бақыт Алуайға да жасады бұлар. Бұларды көріп өсіп келе жатқан балалардың арасында ынтымақтықты қалай қалыптастырамыз?!

Осыны бүгінгі басшылық, үлкені бар, кішісі бар, түбі бір ойлай алар ма екен? Ай, қайдам, бауырым! Көзді дүниенің шелі, кеудені менмендіктің желі кеулеген бұл сорлыларыңнан енді үміт болмас!

Өзіңіз ойлап қараңызшы, қай елдің тарихынан көрдіңіз - жарықтың әр киловатын 14 теңгеге шағып, оның үстіне электриктің 450 теңге жалақысын қосып төлеткенді?

Міне, Қояндының жағдайы осындай.

Мәселені ауыл болып, дүрліге жүріп көтеріп, жоғары жаққа да шықтық. Сөйтіп, тарифті 8 теңге 80 тиыннан есептетіп әкелдік. Амал не, бұл 2015 жылдың бюджетінде қаралатын бопты. Қабылданбаса, онымыз да далада қалмақ.

Жоғарыда айтып кеткен, су мәселесі де осындай. Халықтың қымбат суды сатып ішуге қалтасы көтермеген соң, 2-3 метр жерді қазып, содан шыққан лай судан ішіп жатыр. Бәрін көріп-біліп отырып: «Ойпырмау, сен не ішіп отырсың, у ма, су ма? Қане тексерелік», - деп жатқан жауапты жақтың адамдарынан біреу болсашы.

«Егеменді ел болдық. Отанға оралыңдар!», - деп ұрандатпаса, орныққан жерден қозғалар ма едік, жоқ па? Біз мұнда тіліміздің қаймағын бұзбай, ежелгі ғұрып, ұлттық дәстүрімізді тұтастай ала келдік. Он саусағынан өнері тамған керемет шеберлеріміз бар. Әнші де – бізде, күйші, биші де – бізде. Осының бәрінің басын біріктірсе, Қоянды ауылы мәдениеттің қайнаған қазанына айналар еді. Білгенімізді үйретіп, білмегенімізді үйренер едік. Ел болып тұтасып жүре берер едік. Әттең, не керек! Осыған шын ниетті болып отырған өкіметіміз қане?!

 

Әріге бармай-ақ, бір өзімнің басыма-ақ тоқталайыншы. Мен Моңғолиядан 1991 жылы келдім. Содан бермен қарай еш те бір кәсіп жасауға мүмкіншілік таппадым. «Өнер!» - десем, өнерім қабылданбады, «Кәсіп!» - десем, кәсібім қабылданбады. Біздің қазынада халықтың қырық күйі бар, - Қазақстан мәдениеті оған да қызықпады. Оны жаздырып, елге тарату, ұрпаққа үйрету қаперлеріне кірмеді. Оны олар шығын деп есептейтін болса керек. Ал, мен «Өнер!» деп, лапылдап тұрған шағымда келген едім Қазақстаныма, жас өткесін жалын да сөніп барады.

Жалғыз мен емес, күндердің күнінде талай өнерпаздың осылай қоламтаға айналып өшіп кетері сөзсіз.

Ал, кәсіптік жағын қозғасам, артық айтқандығым емес, қолы­мыздан келмейтіні жоқ. Ағаш жонудан бастап, теміріңізге дейін терідей илейміз. Ұлттық әшекей бұйымдар деймісіз, әлде, күнделікті тұрмыстық дүниеліктер – осының бәрі біздің қолымызда ұршықтай үйіріледі.

Моңғолияда тұрғанымызда әр түрлі жарыстарға қатысатынбыз. Онда жұмыс еркіндігі бар еді. Ойымыз да еркін-ді. Ешкім де бетімізден қақпайтын. Көп нәрсеге талап қылдық, көп нәрсені үйрендік, қолымыз ұстарды. Сол кәсіп менің Отаныма керек болмай отыр. Біз секілді жекелеген шеберлердің саусағынан өрілген өнер селт еткізбеді менің бауырларымды. Осыған жаным күйзеліп, өзегім өртенеді.

       Ауыр да болса, мо­йындауға тура келеді, - мендегі ой-өріс осымен тынды. Өзіңіз ой­лап көріңізші, жиырма жыл еш те бір кәсіппен айналысуға мүм­кіншілік таппай пұшайман болған кәсіпкерге бүгін не істе деп талап қоюға болады?..

Жас кезімде жұмыс істеген өндірістерім мен заводтарым көзімнің ұшында елес беріп әлі тұр. Өнеріміз өркендеп, өзіміз өсіп келе жатырған едік. Ал, қазіргі күйіміз қандай: «Қайран! Екі қолым екі иығымда салақтап жиырма жылы Қазақстанда босқа өткен есіл өмірім-ай!» деймін... Күлерсіз! Бәлкім, менімен қосылып жыларсыз! Қалай дегенде де, Қояндыдағы оралман бауырларыңыздың қазіргі жағдайы – осы.

Әрине, қаншама қинал­ғанымызбен, артымызда өк­шелеп келе жатқан іні-қа­рындастарымыз, балаларымыз бар, - ендігі жерде солардың үлесіне қалдырып кетер жәдігерлік үшін, әлі де болса, қимылдауға әзірміз. Тек, сол қимыл мен келелі ойларымыз кешенді-кешенді бағдар­ла­малармен қабысып, халықтық сипатқа ие болып жатса.

Аяқтан тұсап, еш мүмкін­шілік туғызбай отырған бү­гінгі күннің өзінде біз, қоян­дылықтар, бірігіп жіберіп, пластикалық есік-терезе жасайтын, мебельдер жасайтын, тігін тігетін кішігірім цехтарды іске қосып, тіршілік етіп жатырмыз. Алайда, Үкіметтің қолдауынсыз жеке тірліктен көп нәрсеге қол жеткіземіз деу қиын.

Мен бұл әңгімені сізге біздің бүгінгі тұрмыс жағ­дайымызды тиісті орындарға құлағдар етер, немесе, ұлттық намыс, халықтық мүдде дегеннен саңылауы бар, бүгінгі тұрмыс-тіршіліктің тұтқасы қолына іліккен қай­сыбір белсенді азаматтарымыз болса - соларға жеткізер деген сеніммен айтып отырмын.

Былай қарасаңыз, Астанадан таяқ-тастам-ақ жерде, яғни, одан он сегіз-ақ шақырым қашықтықта орналасқан ауылмыз. Астананың сәні мен салтанатына сәулеті жарасып, жайнап-ақ тұруға тиістіміз. Әттең, не керек!.. Мен мұны айтамын-ау, бізге, әбден орнығып қалғанда: «Бұл аймақтың иесі бар. Сендердің үйлеріңді жығамыз, көшіреміз. Қайда кетсеңдер, онда кетіңдер!» деп, қоқан-лоққы көрсеткен жағдайлар да болды. Ел іші дүрлігіп, ызы-қиқы болғанымызда бұрынғы парламент депутаты Зәуреш Батталова деген қарындасымыз осы жағдайға тікелей араласып, араша түскен-ді. Мұндай қауіпті әлі де жоқ деп айту қиын. Қысқасы, біз үрей мен қорқыныштың үстінде өмір сүріп жатырмыз...

 

Мамырбай    Орысұлы