ҚАЖЫЛЫҚ САПАРЫНЫҢ қиындығы мол, халайық...

d0bcd0b5d0bad0bad0b522

Қараша айында өтетін үлкен қажылыққа дайындық көптеген мұсылман елінде көктемде-ақ аяқталса, бізде енді-енді қолға алынуда. 20 миллион мұсылманы бар Ресейде қажылықпен небәрі 2 фирма шұғылданса, бізде бұл көрсеткіш 34-ке жетті. Бір жылда екі есеге өсті. Ресейдегі екі фирма діни басқарманың қанаты астында қызмет етсе, біздегілер жеке-дара, қаржылық жағынан да дербес.

Оның бұлай болуының өзіндік себебі бар. 2000-шы жылдардың басына дейін бізде қажылыққа барушылар саны аз еді. Кейін әлдеқайда өсті. Қажылықпен діни басқарманың арнайы бір маманы ғана шұғылданатын. Оған көп ауырлық түсті, қажылыққа алғаш рет барушы кейбір отандастарымыз сабырсыздық танытты. Оның бір шеті жекелеген ақпарат құралдарында да байқалды. Қажылықпен шұғылданатын бірнеше штатты ұстауға діни басқарманың қаржылық мүмкіндігі жоқ-ты. Сол себепті бұл маңызды мәселе өзін-өзі қаржыландыратын жеке, дербес фирмаларға тапсырылды.

Бұл өзара бәсекелестік туғызды. Қажылыққа барушыларға қызмет көрсету дәрежесі көтерілді. Соған орай бағасының да әркелкілігі нарыққа тән заңдылық. Бағаның жоғарылауына Мекке мен Мединедегі қонақ үйлердің деңгейі мен олардың Қағба мен сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне қаншалық жақын орналасуы, неше мезгіл тамақтануы, қанша күн болуы, ұшақпен барып-қайтуы тікелей әсер етеді. Әр фирманың пайда табуды көздеген мүддесі де бар. Фирмалардың күрт өсуінде осы ниет басым екені айтпаса да түсінікті.

Фирма алдын-ала зиярат етушілердің санына орай қонақ үйден орынға келісіп, арлы-берлі қатынайтын автокөлік және ұшақ үшін өзге елдердің тиісті компанияларымен шарт жасасуы қажет. Осы қонақ үйден орын алу фирмаларымыз үшін түйткілді мәселеге айналды. Орынның біршама бөлігіне ақша төлеуді жекелеген фирмалар орындай бермейді. Адам санын келісілгеннен кем апарады да, қонақ үйді шығынға батырады. Өткен жылғы қажылықта осындай семіз сөйлеп арық шыққаны үшін «Асыл мақсат» пен «Ер-Си-тур и Ко» фирмаларына Сауд Арабиясы Корольдігі алдағы қажылыққа виза бермейтін болды. Сондықтан әрбір фирма діни басқармадан алдағы қажылыққа өз шама-шарқына қарай квота сұрағаны және оны мүмкіндігінше орындағаны абзал дер едік.

Биыл дінбасы бастаған Қазақстан делегациясы Сауд Арабиясы Корольдігінде қажылық министрі доктор Абд ас-Салам әл-Фарисидің шақыруымен болып қайтқан-ды. Бізге 4 мың орын бөлінді. Егер зиярат етушілер саны мұнан да асып жатса тағы да орын бөлінбек. Орындар 34 фирманың өтінішіне қарай бөлінуде. Саудия жағы біздегі фирмалар мүмкіндігінше 2-3-тен бірлесіп қонақ үйіне орналасуын және оның әрқайсысымен емес тек қажылық миссиясы арқылы ғана байланысып қызмет ететінін білдірді.. 2-3 фирма өзара келіскен жағдайда біреуі ғана жауапты болуға тиіс. Тәжірибеге ие фирмалар жаңаларға сенім арта алмауынан бұларды біріктіру қиынға соғуда. Осыған қатысты өз шама-шарқына сенбейтін жаңа фирмалардың тез арада өз қызметін жалғастыру не жалғастырмау туралы нақты бір шешімге келуі қажет.

Тағы бір ескерер жағдай, Саудия жағы зиярат етушілеріміздің Арафат пен Минадағы шатырларға қаламмен де, тіпті шегемен де тырналап жазу жазып (мысалы, өзінің аты-жөнін атап, қай күні, қай айда, қай жылы болғанын, қайдан келгенін) кеткендігі үшін өтемақы талап етіп, өндіруде. Кешегі кеңес тұсында сүйегімізге сіңген осынау жаман әдеттен әлі күнге арыла алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ! Бұл үшін фирмалардың күйгені өз алдына, ал еліміздің атына да елеулі сын айтылуы қайбір абырой дейсіз, мешкей деген жақсы ат па?!

Бұл мәселелер жуырда фирма жетекшілерінің қатысуымен өткен діни басқармадағы басқосуда жан-жақты талқыланды. Оған Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мен ҚР Мәдениет министрлігі Дін комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Мұхаммедқалиев пен тағы басқа да жауапты қызметкерлер қатысып, өз ойларыменен бөлісті.

Зиярат етушілер биыл да қажылыққа тек жолаушылар ұшағымен барып қайтпақ. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан зияратшылапры өз елінің ұшақтарымен барып-қайтады, біздің ел үшін бұл - қиын түйін! Фирмаларымыз шетелдік әуе компанияларының қызметін пайдалануға мәжбүр. Олардың кейбірі келісім-шартқа қарамастан көрсетілген уақытты сақтай бермеуінен Алматы әуежайында жолаушыларды иіріп қойса, ал Жидда әуежайында тағы күттіріп қоюы жиі ұшырасуда. Мәселенің байыбына бармаған кейбіреулер бұл үшін діни басқарманың атына сын айтып жатады. Діни басқарма қажылықтың шартына орай өтуі үшін зиярат етушілерді алдын ала мешіттерде дайындап, түрлі түсінік жұмыстарын жүргізеді. Ал қажылық кезінде әр фирмада білімді де білікті имамдардың болып бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беруін қамтамасыз етумен келеді. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ. Әр фирма өз зиярат етушілерін тауып, тарту үшін жаппай жарнама жасауға кірісті. Сонымен үлкен қажылық үшін дайындық қызу қолға алынды.

 

Оңғар Өмірбек,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы