Мамандық таңдауда не маңызды?

d182d0b0d0bbd0b0d0bfd0bad0b5d180

Әр ауылдан түлеп, жүректері алып-ұшып, Алматыға асыға да, аптыға келіп жеттіңіз. Сәулетті ғимараттарымен өзіне көрік қосқан әсем Алматы, жаныңызға жайлы әсер қалдырары анық. Біріңіз ата-анаңызбен, екіншіңіз-өзіңіз, оқу орнына құжат тапсырып жүрген жайыңыз тағы бар. Айтпағым, бұл емес.

 

 Ең қажеттісі - мамандығыңызды таңдадыңыз ба? ... Дәл қазір қолыңызда үлкен күш бар. Қара күш емес, алдағы өміріңізбен байланысты күш. Адам баласы дүниеде екі нәрседе жаңылыспауы қажет екен: бірі-мамандық, екіншісі-жар таңдауда.

 Ал мамандық таңдауда қателесіп кетсем ше? Онда сіз - сұраныссыз мамансыз. Мамандық таңдауда ұстанатын екі қағида бар: олар -жүрек қалауы және мүмкіндік қалауы. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан қай салаға грант көп бөлінсе, сол салаға талапкерлер өз құжаттарын тықпыштауда. Ешқайсымыз, таңдаған мамандықтың қыр-сырын игеру қаншалықты қиын немесе баланың жан дүниесі сол саланы үйренудегі сәйкессіздіктерге жол берілуі мүмкін екенін елемеудеміз. Кейбір ата-ана өз баласы үшін қай салада оқып, қайда жұмыс істеудегі мәселелерін шешіп қояды екен. Бұл-талапкердің талабын, таңдауын таптаумен тең. Осы орайда, шет елдердің озық тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн болар. Біз салыстырмақ болып отырған мемлекетпен, біздің еліміздің діні, салт-дәстүрі сәйкес келмесе де салыстырып көрелік. Мәселен, АҚШ-та перзент қалай кәмелеттік жасқа толады, солай бала үйінен, ата-анасының көмегінсіз оқуға түсіп, жұмыс істеп, өз арбасын өзі сүйреп кете береді екен. Бұл-шет елдің біз үйренетін жақсы тұстары. Өзіміздің қазағымызға келетін болсақ, кейбір ата-ана баласының өз қолы өз аузына жететін уақытынан асып кетсе де, өз зейнетақысын беріп баласын әлі күнге дейін бағуда. Бұл мысал, қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамымыздың ащы болса да – шындығы.

 Айтпақ ойымызды ары қарай өрбіткеніміз жөн болар. Талапкер қай саланы таңдамасың, ол өз қалауы болуы шарт. Сонда ғана бүгінгі талапкерден, ертеңгі білікті маман шығары сөзсіз. Оқу мерзімі де, ұзақ уақыт оқуды талап етеді. Төрт, бес жыл. Тіптен медицина саласын таңдаған күнде, кем дегенде жеті жыл оқуы керек. Бұл аралықта талапкер өз мамандығын жан-тәнімен сүймесе, оқуының орта жолына келіп, тастап кетуі әбден мүмкін. Мұндай жайттар оқу орындарында жиі орын алатынын тілге тиек ете кетейін. Мысалы, Кореяда мектепте баланың қабілетіне қарай оқытады екен. Жас жеткіншек жоғарғы оқу орнында да сол мамандықты оқып, уақыт өте келе тек бір саланың сапалы маманын дайындап шығарады екен.

Ал егерде, жас талапкер өзі қалаған мамандыққа оқуға түсетін болса, оқу үрдісінде кездесетін қандай да болмасын қиындықтарға төзе біледі. Оқуға, ізденуге деген қызығушылық арта түседі. Өйткені ол-жүрек қалауы.

Қаншалықты сізге ой салғанымыз, тек қана сіздің ойыңыздың еншісінде. Ең бастысы дұрыс шешім қабылдау қажет екенін естен шығара көрмеңіз! Іске сәт, жас түлек!

 

Рабиға Жүнісова