Шортанбай жыраудан Шешенстанның президенті артық па?!.
2014 ж. 25 шілде
2103
1
Қарағанды қаласында көше атауларын ауыстыруды талап еткен коммунистер жанжал шығарды деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қалада осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар басталған еді. Онда шаһар іргесінде орналасқан жаңа ықшам аудандағы 12 көшеге ат беру туралы ұсыныс жасалған.
Қарағандыда көше аттары өзгереді деген әңгіме шыққалы бері өздерін коммунистпіз деп жүргендерден ұйқы қашқан. Ленин көшесіне хан мен бидің немесе көсем мен шешеннің аты беріліп кетуден қорқса керек.
Бірақ бұл жолы жаңа бой көтерген "Күнгей" ықшамауданындағы атауы жоқ көшелерге қатысты мәселе қаралған еді.
Келмеске кеткен Кеңес заманын аңсап жүргендер жаңа ауданға да жаңа есімдер беруге үзілді-кесілді қарсы шықты. Тіпті ұйымдастырушылар қарт коммунистерді басу үшін полиция шақыруға мәжбүр болды.
"Күнгейдегі" 12 көшеге жұрттан түскен арыздар бойынша елдің елеулі деген азаматтарының аттарын беру туралы ұсыныс дауысқа салынды. Нәтижесінде 10 көшеге ұсынылған есімдер бірауыздан мақұлданды. Ішінде Қарағанды өңірінде туып өсіп, Шешенстан президенті болған Ахмат Қадыровтың есімі бар. Ал Шортанбай жырауға көше сұрағандар жаңа ықшам ауданды місе тұтпады.
"Шортанбай жырау Жамбылда емес, Қарағанды облысы Шет ауданы Жалпақсаз деген жерде туған. Шортанбай жыраудың жәй адам емес, ол өткен ғасырдың өзінде үлкен зерттеулерде болған адам. Біз Шортанбай жыраудың архивтен бүкіл отбасымен түскен фотосуретін таптық. 19-шы ғасырда кез келген адамды фотосуретке түсірмеген",- дейді жазушы Кәміл Жүнісов.
Орталықтан алыс орналасқан көшеден соғыс ардагері Мұташ Сүлейменовтың туысқандары да бас тартты.
"Мартбек Мамыраев сияқты батырларды қаланың жетім бұрышындағы қалтарыстарға атын береді де, Шәкіров сияқты партократтар қаланың қақ ортасынан орын алады екен. Бұл не деген әділетсіздік! Сондықтан мен әкемнің атына басқа жерден көше беруін талап етемін",- дейді Мұташ Сүлейменовтың қызы Жұбан Сүлейменова.
Мартбек Мамыраев сияқты батырларды қаланың жетім бұрышындағы қалтарыстарға атын береді де, Шәкіров сияқты партократтар қаланың қақ ортасынан орын алады екен. Бұл не деген әділетсіздік?!
Атауларды өзгертуге жарияланған мораторий мерзімі аяқтала сала, қала көшелеріне белгілі бір тұлғаның есімін сұраған өтініштер қарша бораған. Қалалық комиссия қазір 72 өтінішті қарап жатыр. Қоғамдық тыңдаулар атсыз көшелерді атаудан басталғанымен, ескі көшелердің атын өзгерту сияқты даулы мәселе де алдан шығары анық. Өйткені ескіні аңсаушылар бекер өңеш жыртқан жоқ. Сондықтан даулы мәселеге қатысты оң шешім қабылдау үшін комиссиядағылардың әлі де талай кеңесетін түрі бар.