ЗАҢҒАР заңгер

1-d0bcd0b0d180d0b7d0b8d18f-d181d0b5d0b9d182d0bad0b0d0b7d18bd0bad18bd0b7d18b

Жүйрік уақыттың көшінде тізбектелген күндердің бірінде қазақстанға белгілі заңгер, кезінде заң саласында түрлі қызметтерді атқарған, бүгінде Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің (ХҚТУ) заң факультетінде ұстаз болып жүрген Мәрзия Сейтқазықызын кездестірдім. Дөңгелек жүзді бидай өңінен жастықтың нұрлы шуағы таймаған. Аясы кең, мейірімге толы ойлы жанары адамды өзіне тартып тұрады екен. Көптен бері кездеспей жүрген адаммен жолыққандай жылы шыраймен әңгімеге тартты. Қоғамдағы жиі кездесетін “маска” киген адамдардан жалыққанымызда, сирек ұшырасатын табиғи мінезді адамдар бірден жандүниемізге осылай әсер ететін болса керек...

Мәрзия апай мінезге бай әйел екен. Оның бойында аналық қасиеттермен бірге прокурордың, тергеушінің, адво­каттың және оқытушының мінез­дері әдемі үйлесім тапқан. 1971-ші жылы ҚазМҰУ-нің заң факультетін бі­тіргеннен бері, отыз тоғыз жыл бойы заң саласында қызмет істеп жүріп, көптеген адамдардың тағдырына араша болды, түрлі қылмыстарға әділетті үкім шығаруға жол ашты. Ана мен баланың құқын қорғауға, жастардың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіруге мол үлес қосты. Шындық іздеушілермен жақынындай әңгімелесу, достасу, өмірге дұрыс бағыттау, заңгер ретінде ресми әділ шешімдер шығару өмірінің мағынасына айналды. Ұлтына, еліне деген махаббат болашаққа үлкен сенім арқалатып, әйел заты болса да, құқық қорғау саласының ауыр жүгін көтерушілердің бірі болды. Мемлекеттің ісін жеке басынан жоғары қойып, күндіз-түні еңбек етті.

 Заң заң тілінде ғана сөйлеп, соған лайықты жұмыс жүргізілуі тиіс. Өте күрделі, әрі жауапты сала болғандықтан әр заңгерден терең білім, биік парасат, көкжиегі кең таным-түйсік, іскерлік, сонымен бірге жылы жүрек талап етілетіні сөзсіз. Тергеу, қорғау және прокурорлық қадағалау жұмыстары барысында қателікке ұрыну, жеке адамға ғана емес, мемлекетке де үлкен зиянын тигізуі мүмкін. Әр істің оқиғасын бес саусақтай білу, қылмыстың ізін суытпай ашу, сауатсыз шешімдерге дұрыс қадағалау жүргізу, ол үшін ең басты міндет, әрі парыз болатын.

 Маңғыстауда жеті жарым жылдай тергеуші қызметін атқарды. Тергеушілік заң саласындағы қиын жұмыстың бірі. Неше түрлі қылмыскермен бетпе-бет отырып, жасаған қылмысын мойындату жүйкеге жүк түсіретін ауыр жұмыс екені белгілі. Мұндай кезде тергеушінің де ар-ожданы таразыға түседі. Мәрзия сондай сәттерде мың ойланып, мың толғанып: “қателескен жоқпын ба?” деп ар сотының алдында өзіне -өзі қатаң талап қоя білетін. Іс қағаздарын бірнеше рет тексеріп, дәлелдермен қайта-қайта салыстыратын. Қауіпті қылмыскерлердің: “түрмеден шыққан соң сазайыңды берем”  деп қоқан-лоқы жасағанына қарамай, соттан әділетті үкім сұрайтын. Қажет болған жағдайда жәбірленушіге де, айыпталушыға да әйелдік мейіріммен моралдық-психологиялық көмек көрсетуге дайын тұратын. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білуінің, істі сауатты атқаруының арқасында сапалы жүргізілген тергеу жұмыстарының бірде-бірі сот орындарынан кері қайтарылмапты. Әділеттің жолындағы жемісті еңбегі әділ бағасын алып, 1982-ші жылы Мәскеуде өткен үздік тергеушілер конференциясында “КСРО прокуратурасының үздік тергеушісі” атанды. Ол сол кезде Орта Азияда және Қазақстанда осы атақты алған бірден-бір әйел болатын.

 Иірімі мол, тұңғиығы терең заң саласы ол үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Еліміздің әр қиырында - Астанада, Шымкентте, Ақмола және Алматы облыстарында, Түркістанда түрлі жауапты қызметтер атқарды. Сауатты, парасатты қызметі жоғары бағаланып, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі қызметіне дейін жоғарылады. Жоғары лауазымды қызметке үміткерлердің қатарында резервке де тіркелді. Алайда отбасының жағдайымен Түркістанға қайта оралды.

 Мәрзия апайдың прокурорлық қызметі де үлкен жетістіктерімен ерекшеленеді. Тарихи қала болғанымен, әлеуметтік жағдайы қайшылықтарға толы Түркістанға алғашқы прокурор әйел болып келуінің өзі, көптеген әріптестерінен кәсіби деңгейі жоғары екендігінің дәлелі еді. Оған дейін де прокуратурада орынбасар, басқарма бастығы сияқты түрлі қызметтерді атқарған оған, рухани қаладағы қызметте мойнына ауыр жүк артылды. Әрине, құқықтық сауатсыздық басым қоғамда адамдардың құқын қорғау, мол қиындықтарды кездестіретіні сөзсіз. Киелі Түркістандағы сауатты да, сапалы еңбегіне қанағаттанған жоғарыдағы басшылар, оны бес жылдан кейін екінші рет прокурор етіп осы қалаға қайта тағайындайды. Прокурорлық жұмыста талай сорақылыққа, қатігездікке, сұмдыққа толы істердің куәсі болды. Адам бойындағы мәңгі арпалысатын ізгілік пен зұлымдықтың күресі заң орындарында том-том іс болып тіркеліп, тау-тау архивтерді өмірге әкеледі. Тарихи қаладағы қиындыққа толы жылдары, адам өмірінің мағынасыз тартысқа толы түрлі оқиғаларын да көруге мәжбүрлейді. Соның бірін айта кетейік. Бірде бір ақсақал келіп, кешегі досы, бүгінгі қарсыласын “түрмеге отырғызып бер, ақысын жақсылап төлеймін”, деп өтініш айтады. Елге ұлағатты сөз айтып, тірек болатын жастағы ақсақалдан тұла бойды түршіктіретін сөз естігесін, заң талаптарын өте қатаң қадағалайды. Әрине, ақсақалдың тілегі орындалмайды. Сонан соң ол кісі прокурормен үнемі қырғи қабақ болып, үстінен арыздар да жазады. Бірақ уақытын алғаны болмаса, өтірік арыздардан түк шықпайды. Қылмыскермен де, жемқормен де, бәлеқормен де күресуде бойындағы күш-жігерін аямай жұмсайды. Сөйтіп түркістандықтарға іскерлігін, білік­тілігін, адалдығын мойындатады.

– Бүгінгі таңда адамдар өз құқығын заң жолымен емес, таныстықпен, парамен қорғауды дұрыс көреді. Көпшілігі заң орындарында әділетке жететіне сенбейді. Әр құбылыстың екі жағы бар ғой. Бұл құқық қорғау орындарында шикі мамандардың жеткілікті екенін көрсетеді, - дейді Мәрзия апай. Түркістандағы прокурор шеніндегі сегіз жылда маңдай терді сығып алғанымен, өмір жолына айшықты із қалдырды. Көптеген адамдардың тағдырына оң ықпал жасап қуантты, олармен достасты. Әділетті ісімен жұрттың жүрегінен орын алды. Халықпен тығыз байланыса жүріп, қарапайым адамдарға өз құқын қорғауда көп нәрсені үйретті. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, әйелдер құқын қорғауға күш-жігерін жұмсады. Мемлекеттік тілдің құқық қорғау орындарында қолдану аясын кеңейтуге ұйытқы болды. Халықтың құқықтық білімін көтеру мақсатында газет-журналдарда көптеген мақалалары жарық көрді. Маңғыстауда қызмет істеп жүргенде облыстық телеарнада “Адам, қоғам, заң” хабарын жүргізді. Қолына алған барлық істе адам құқын қорғаумен бірге, кейінгі ұрпаққа ұлттық тәрбие беруді, рухани құндылықтарды бағалауды басты назарда ұстады. Тек жұмыспен шектелмей, ұсыныс, талаптарын заң шығару орындарына жіберіп отырды. Ұсыныс, талаптары қаралып, заңға өзгерістер енгізілген кездер де болды. Прокурорлық еңбегі де жоғары бағаланып, “ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері” атанды. Бірнеше рет ҚР прокуратурасының мақтау қағаздарына, алғыс хаттарына ие болды. Суреті Бас прокуратураның құрмет тақтасына ілінді. 2001 жылы тәуелсіздігіміздің он жылдығында президенттің алғыс хатына ие болды. Мәрзия еліміздің әр түкпірінде қызмет істеп жүріп, екі ұлы Алмазы мен Айдынын тәрбиелі азамат етіп өсірді. Бүгінде балалары жоғары білім алып, отбасын құрған, немерелері өсіп келеді.

Ал бес жылдай атқарған қорғау­шылық қызметі, заң саласын жетік меңгеру жолындағы ұзақ жылғы еңбегін, ізденіске толы тәжірибемен тағы да толықтыра түсті. Кез-келген заңгердің маңдайына бұйырмайтын қызмет сатысынан сүрінбей өткен М.Сейтқазықызы үздік тергеуші, құрметті прокурор, тәжірибелі қорғаушы. Прокурордың жауапкершілігі ауыр болса, тергеушінің жұмысы тегеурінді. Ұтымды шешім қабылдауды, серіппедей күш-жігерді қажет етеді. Ал қорғаушының ісі тергеудің сапасына байланысты. Тергеу ісі бұлыңғыр болса, қорғаушыға көп тер төгуге тура келеді. Барлығының айналатын қазығы- адалдық. Өмір бойы адалдықтың алтын қазығын айналып жүру, екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиетті іс. Адал болу – ауыр жүк. Заң жолында қара қылды қақ жарып, шындықты айта білу, әділетті үкімді талап ету басты бәйгеге тіккенмен бірдей десек те болады. Қорғаушы қызметін атқарып жүргенде, Түркістанда жазықсыз бір жігітті адам өлтірді дегізіп, қорқытып мойындатып, заңсыз айыптаған. Тергеу ісі жабылып, іс сотқа өткен. Шындығында ол жігіт адам өлтірмеген. Мәрзия жазықсыз жігіттің ісін қайта қаратып, кінәсіз екенін дәлелдеп, сот залынан шығарып алған. Алматы қаласында да жазықсыз екі адамды пара алды деп қамаған. Қорғаушы ретінде олардың кінәсіз екенін дәлелдеп, жазадан босатып алған.

Қазақта “сегіз қырлы, бір сырлы” деген сөз бар. Осы сөзді Мәрзия сияқты майталмандардың тудырғаны анық. Бір кезде Семей қаласында педагогикалық училищеде оқып жүргенде Абай атындағы облыстық қазақ драма театрында театр студиясын тамамдаған болатын. Жансарайы өнерге жақын болғанымен, заң саласына құштарлығы басым түсті. Тағдыры биік белестерге жетеледі. Оның бір тағы бір қыры – оқытушылық. Жұбайы Төкіжан Ағдарбеков екеуі 2004 жылдан бері Түркістандағы ХҚТУ-нің шақыруымен заң факультетінде студенттерге дәріс береді. Өзі университеттің доценті, лицензиясы бар адвокат, Түркістан қаласының құрметті азаматы, ОҚО адвокаттар алқасының мүшесі, аға әділет кеңесшісі. Ал Т.Ағдарбеков ҚР заң ғылымдары академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор. ХҚТУ-нің негізін қалаушылардың бірі, қазір кафедра меңгерушісі. Ұзақ жылдар бойы еңбегін ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан зиялы азамат.

 Мәрзия апайдың сүйсіне айтатын тағы бір тамаша өнері - жазушылық. Оның 2001 жылы Астанадағы “Азамат” баспа үйінен шыққан, публицистикалық жанрдағы шығармалардан құралған, “Ізгілік жолында” деген өмірбаяндық кітабы, әсіресе болашақ заңгерлерге берер тәлімі мен тәрбиесі мол еңбек. Кітаптың тілі тартымды. Деректі әңгімелері өмірден көрген тәжірибесі мен көкейге түйген философиялық түйіндері мол екенін аңғартады. Талдап, таңдап оқитын оқырманның өзін жалықтырмайды. Сонымен қатар 2006-шы жылы ҚР Білім және ғылым министірлігінің нұсқауымен, Алматыда “Қазақстан Республикасындағы прокурорлық қадағалау курсы” деген студенттерге арналған оқу құралы жарық көрді. Оқу құралы студенттердің терең білім алуына лайықты ғылыми әдебиет.

Отбасындағы жеті баланың үлкені болғандықтан, аяулы әжесі Батиха еркелетіп өсіріпті. Он саусағынан өнері тамған әжесі киім тігіп, тері илеп, үй жиһаздарын жасап, елге танымал қолөнер шебері атаныпты. Әжесі ұлттық тағамдарды да шебер дайындайтын болған. Мол өнегені, ұлттық салт-дәстүрді сүйікті әжесінен үйренген Мәрзия еңбекқор болып өседі. Әкесі Сейтқазы мен анасы Кінәз да пенде атаулыға жамандығы жоқ, момын, адал жандар болатын. Бойжеткеннен кейін үлкен жүректі әжесінің тәрбиесі бүкіл өміріне сабақ болады. Еңбексүйгішпен, кішіпейілділікпен, биік адамгершілікпен ғұмыр бойы елге сыйлы боп өткен әжесінің асыл қасиеттері қиын кездерде бойынан табылып, өмірмен күресе білді. Ал енесі Түменбаева Зақиямен көзі тірісінде анасындай силасып, сырласты.

Мәрзия тергеуші болып екі оттың ортасында жүрді, адвокат болып адам тағдырына араша түсті, прокурор болып үлкен жауапкершілікті мойнымен көтере білді. Енді оқытушы болып ұрпақ санасына білім мен тәрбиені сіңіріп жүр. Көкейінде арман көп. Ойдағы жоспарларын іске асыруға уақыт жете бермейді. Жетім бала, жесір аналарға көмектесіп отыруды ешқашан ұмытқан емес. Өмір бойы жамандық атаулының жойылып, жақсылықтың үстем болуы үшін күресіп келеді. Содан да болар, тірлікте көрген қуаныштары да, реніштері де қызметіне байланысты екен.

Әйел заты үшін бір саланың әмбебап маманы болып қалыптасу тамаша жетістік. Жазушылық болса, ерен еңбектің жемісін көрсететін ғажап өнер. Осының бәрін тал бойына сидырып, әйелдік табанды күш-жігерімен халыққа қызмет етіп жүрген, Мәрзияның өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Өйткені ол парасатты еңбегімен бақытқа жеткен әйел.

 

Ділдәгүл    Нұрмаханбет