АСАУ ШАБЫТ – төкпе жыр

0
2496

Қазақтың Құрманбегі

 

Өр Алтайда туып, сол даланың тәкаппар тауларына қарап бой түзеп өскен Құрманбекті тарғалаң тағдыр мен тас өткелді күндер қажыта алған жоқ. Әсет пен Біржанның арда күреңіне жабысқан шабытты жас өлең өлкесіне қарай дүркірей шапқан арғымақтар шоғырына қосылып, тұлпар мінез танытты. Ендігі жерде ол жәй ғана Құрманбек емес, «Қазақтың Құрманбегі» болды. Милиардттар елінде отырып:

…Туған ел таптым сенен не іздесем,

Артық кетпес пейілің теңіз десем.

Ақ дәміңнің киесі атар мені,

Қазақтың Құрманбегі дегізбесем, – деп тебіренді ақын. Өнерді өзінен жоғары бағалаған ол енді бірде:

Кейігенде шағамын жырыма мұң,

Маздаған ошағыма жылынамын.

Жырдан бұрын мен өлсем бақыттымын,

Менен бұрын жыр өлсе құрығаным.- деп толғайды. Осы екі шумақ-ақ оның туған халқына, өнерге деген өзек жарды сырын, кіршіксіз сезімін бүкпесіз ақтарып тұрған жоқ па!?

1980 жылдардан кейін ес-ақылын жиған қытай зиялылары қатарында қазақтың ұл-қыздарының да кеткені келіп, кемтігі толды. Әдебиет пен мәдениеттің беті бері қарап, қаламгерлердің де күні туды. Сол қатарда қырандай сілкініп орнынан тұрған Құрманбек Зейтінғазыұлы айтыс ақындарының дауылпазына айналды. Қазақы өлеңді қарша боратып, әріптестерін теңселтіп, тыңдармандарын толқытты. Сан реткі айтыста шашасына шаң жұқпай, жыр дүлдүліне айналды. Отыз жыл талмай шауып, сөз додасының саңлағына айналды. Бас жүлдені жиырма мәрте жеңіп алып, «Ерекше еңбек сіңірген халық ақыны», «Халық ақыны», «Құрметті ақын» секілді ШҰАР-дың жоғарғы дәрежелі марапаттарын еншіледі.

Ауыздан ауызға тараған ақын жыры соңғы буынның «әдемі әліппесіне» айналып қалмастан, халқының таңдайына татып өнердің өрісін кеңейтті. Шынжаң қазақ әдебиетінің бүгінгі айтыс өнерін биік бір белеске көтеріп, көш басынан көрінді. Айтыс өлеңдері ШҰАР оқулықтарына кірді. «Ақындар айтысы», «Жылжып өткен жылдар-ай» жыр жинақтарын көпке ұсынды. Қара өлеңнің бағын ашып, баяндылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтыс сахналарында ғана емес, той-томалақ, күнделікті күйбең түгелімен өлеңмен өріліп, айналасына шуағын сыйлады. Жүрген жері өлең тойына айналды.

1991 жылы Қазақстанда, 1992 жылы Түркияда, 1994-1996 жылдары Моңғолияда, 2006 жылы Гермения, Франция, Голландия елдерінде өнер сапарымен болып, алыстағы ағайындармен өнер құдіретін бөлісті. Әсіресе «Ағажайлап» шет жұртқа босып кеткен талай қандасының көңілін толқытып, көзіне жас үйірлітті.

Көп сәлем қыран ұшқан   шыңдарымнан,

Құмында құлан жортқан  Жұңғарымнан.

Ертіс пен екі Шіңгіл суларынан,

Ойнаған бұғы-марал нуларымнан, – деп сөз бастаған ақын, естен кетпейтін ескі өмірдің сүркей шақтарын:

 

…Тозақтан шайтан оты жанса маздап,

Жер – жесір, жетім бота қалса боздап.

Араны жауыздықтың қайта қоздап,

Қиылды қыршынынан қанша боздақ.

 

Қасқырдай адамда адам талаған күн,

«Бұйдасын жау кескенде қара нардың».

Өксіген ән әуені ағажайдың,

Мұң-зары бабалар мен аналардың.

 

Қан сасып қайран мекен қаңырады,

Қарқ боп қарға-құзғын жабылады.

Шашылған сынығынан танылады,

Шағылған қара орданың шаңырағы… – деп жырлағанда талай қарттың көз жасы көл болып ақты.

Құрманбек ақынның орайы келгенде қазақстандық айтыс ақыны Ханыша Райысоваменде сөз сілкілесіп алғаны бар. Ханыша:

Жыртсада жел табан күн ұлтанын мың,

Сетілтпей бір тал жібін ырғағының.

Сақтаған Сара әуенін жетісулық,

Мен өзім дәл Сараның ұрпағымын. – десе, Құрекең:

Мәнді сөзді Ханыша, аңғарыпсың,

Әуеніңді бұл-бұлдай таңнан ұқтым.

Төкпе өлеңге төпелеп дес бермеген,

Інісімін, шырағым, Таңжарықтың.- деп төгілтеді.

1993 жылы «Қаламқас» ансамблы Қытайға бара қалғанда Құрекең:

Қуаныштың құйылып тамшылары,

Махабатқа жанымыз малшынады.

Алты жасар алыстан бала келсе,

Алпыстағы алдынан шал шығады.

 

Семей десе кім білмес жыр құндағы,

Қазақстан халқының бір гүл бағы.

Алдарыңнан шығайын ала таңнан,

Абай атам ауылының бұлбұлдары… – деп ақ жүрегін ала ұшып, жыр шашуымен қарсы алған болатын.

Көл-көсір жырға ерік берген асау шабыттың иесі – қазақтың Құрманбегі осылай жырлаушы еді. Жырлай береді де.

 

Тап бермеде тапқан сөз

 

Жаһандану аталатын жалпақ табанның астына тапталып қалмауымыз үшін ұлт ұлағаттылығы мен қаймағы қалың қасиетті сөзіміздің қүдіретіне тағы бір тағзым жасайық. Ақынның тап бермеде айқан тапқыр өлеңдерінен бірнешеуін оқиықшы.

Қытайдағы «мәдени төңкеріс» кезінде үйінен өгіз мініп, бесік өңгеріп шыққан Құрманбекті жол бойында еңбек етіп жүрген бір топ ер-әйел қаумалап алыпты. Әйелдер жағы сылтың ғып: «алдында бесігі болған соң әйел ме екен десек, басында жаулығы жоқ. Басына қарап ер ме екен десек, алдында бесігі бар. Бұл кім өзі?» деп сөз шығарыпты. Сонда Құрекең қолма-қол:

Құрманбек менің атым бесік алған,

Бесікті түсінеді есі бар жан.

Ұл тауып Керімбайдың келіншегі,

Кіндігін бәйбішеміз кесіп алған.

«Орамал тон болмайды, жол болады,»

Қалжаның терісі мен төсін алған.

Кездеме осы күнде арзаншылық,

Үстіне торғын көйлек қосып алған,

Сәбидің бесігі жоқ дегеннен соң,

Жасауды мен бір бесік есіме алғам.

Бесікті осы ғұрлы қузалайтын

Бұл бесік қатындардың есін алған?!

Өңгерген бесігімнің жайы осылай

Сол болса жұмыстарың тосып алған, – деген екен. Әйелдер жағы қарқ болып қала беріпті.

1985 жылғы ҚХР-дың мемлекеттік фолклор қоғамының ғылыми талқы жиынында айтыс болып, операцияда жатқа ақын Құрманбек сөз кезегінде «ішегімді сүйретіп айттым өлең» дегенде  Жамалхан Қарабатырқызы іліп әкетіп:

Жер ортаға бұл күнде келген жасым,

Төмен емес аспаса ерденбасым.

Менің атым шыққанда ару тұр ғой,

Өлген ақын көтерер жерден басын, – дейді. Сонда Құрекең:

Төмен емес шынында ерден басың,

Өрнектеліп өлеңмен зердең қалсын.

Емханамды айналып Жамалхан жүр,

Жазатайым жібермес мерген басым, – деген екен.

Жамалхан енді бірде:

Мен сені қыран дейін қырағы шын,

Қиырға қанат қағып шығамысың.

Жердегі жеті жоқты бірден-бірден,

Әріптес түсіндіріп шығамысың, – деп тап бергенде, Құрманбек қолма-қол:

Күйеудің қайын жұртқа батасы жоқ,

Құста сүт, жылқыда өт болмайды екен.

Иттердің сыйласатын атасы жоқ,

Ойласаң су біткеннің сүйегі жоқ.

Тоқтаусыз соққан желдің тиегі жоқ,

Таста тамыр болмайды өсімдіктей,

Шықты ма бұл шешуім жүйелі боп,деген екен.

 

 

 

 

Қайтеміз сағынамыз, сағынамыз

 

Құрманбек ағамен талай дәмдес болып, арындаған ақындығы мен төкпе жырына куә болып едім. Тосын шақтарда тұтқиылдан қойылған сұрақтарға өлеңмен жауап беріп, еш іркілместен жұп-жұмыр жыр шумақтарын төгіп-төгіп тастайтын еді. Тау суындай мөлдір, тентек төгілген шабытты жолдарға қайран қалатынбыз. Енді міне арамыз шалғай. Ол Өр Алтай аталатын Ертістің басы Шіңгіл жерінде зейнетте, мен Алатау бөктерінде қағаз кеміріп жүрмін. Қолымда ақын туралы жазылған мақалалар мен ой-толғаныстар жинағы – «Нөсер». Қызы Мәруадан арнайы жіберген сәлемдемесі. Алғашқы бетінде «Жәди бауырым, жаныңда жүрмесем де, жадыңда жүрейін!» деген ақынның қолтаңбасы тұр. Рас-ау, жанымда жоқсыз, жадымда барсыз. Сағынышқа матайтын бір ауыз сөздің салмағы нардай шөгеріп, алысқа – Алтай даласына мойын создырады. Алтын Алтайдың ақ бас шоқылары, сол шоқылармен бой таласқан ағалар тұлғасы, бәрі де тым ыстық. Бірақ жақында болса алыстамыз. Ақын болмасам да толқығанымнан:

Сыйлаған тауы – талап, ағыны – ар,

Ақын ең жақсылыққа жаны құмар.

Алтай мен Алатаудың айтары көп,

Дегендей: сағыныңдар, сағыныңдар!

 

Даланың ғашық болып таңына біз,

Тағы да табыстыр деп жалынамыз.

Тастады тағдыр бізді екі тауға,

Қайтеміз сағынамыз, сағынамыз! – деп тебіреніп кеттім. Өйткені ол жәй ғана біреу емес қазақтың ақыны, қазақтың Құрманбегі ғой!

 

Жәди Шәкен

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз