Пәтеріне 50 компанияны тіркеп рекорд орнатқан тұрғын...

Астана тұрғыны үйіне адам емес, 50 бірдей компанияны тіркеп рекорд орнатты. Елорданың ірілі-ұсақты кәсіпорындары заңды мекен-жайы ретінде сол бір бөлмелі пәтерді көрсеткенде, салық департаментінің қызметкерлері таң қалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Астана тұрғыны пәтеріне 50 компанияны тіркеп рекорд орнатты

Көңілі кең пәтер қожайынын күннен-күнге ұлғайып бара жатқан көршілердің саны мүлдем алаңдатпапты. Себебі мұны табыс көзіне айналдырып әр тіркеу үшін қомақты ақша алып отырған.

Ал бір бөлмелі пәтерге, бір мекен-жайға жайғасқан 50 компания болса осындай қулығы арқылы салықтан жалтармақшы болған.

Енді шенеуніктер жеке серіктестікті тұрғын үйлердің мекен-жайына тіркеп салықтан қашатын кәсіпкерлерді тығырыққа тіремек.

Сөйтіп салық департаменті, тобымен баспанаға жайғасып алған компанияларға коммуналдық ақыны қымбаттату жөнінде монополистерге ұсыныс айтпақшы.

Ал пысықай бизнесмендерді тіркеген пәтер иелері жауапқа тартылады. 3 жыл бұрын да осыған ұқсас жағдай болған. Онда Астана тұрғыны пәтеріне компания емес, 1700 адамды тіркеп рекорд жаңартқан еді.