ДҮНИЕНІ ДҮБІРЛЕТКЕН ДОДА

SOUTH AFRICA SOCCER FIFA WORLD CUP 2010

Бір ай бойы әлем назарын өзіне аударған Оңтүстік Африкадағы футболдан өткен 19 әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Шынын айту керек биылғы чемпионат алдыңғыларына қарағанда тартысты өтті.

Осы уақытқа дейін Бразилия барлық елге дес бермей, оқ бойы озық шығып 5 мәрте кубок иегері атанса, ал алдыңғы әлем біріншілігінде кубокты өз қоржындарына салған Италия 4 рет, Германия 3 рет үздік деп танылыпты.

Ал, Уругвай мен айдарынан жел ескен Аргентина 2 дүркін чемпион атанса, Франция мен Англияның тәжге таласта бір-бір мәрте мерейі үстем болған.

Жұртшылық сенім артып отырған атышулы командалардың біразы биылғы жылғы чемпионатта ширек финалдың шырмауынан да шыға алмады.

Мәселен, Диего Марадона бастаған Арген­тинаның құрама командасы ойламаған жерден жеңілістің ащы дәмін татты. Тіпті 1998 жылы әлем чемпионы атанған Франция да топ жара алмады бұл сында. Ал халықаралық сарапшылар болса, мұның бәріне бас бапкерді кінәлап отыр. Себебі, алаңнан Карим Бензема, Самир Насри сынды мықты ойыншылар көрінбеді. Ал, Францияның жұлдызы Тиерри Анри негізгі құрамға ене алмады.

Не десек те осы Африкадағы аламанда былтырғы Европа чемпиондары жүзден жүйрік атанды.  Испанияның алғаш рет әлем біріншілігінде үздік деп танылып отырғандығын айта кеткеніміз жөн. Бірақ Испанияға бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Керек десеңіз 90 минутта бір-біріне дес бермеген қарсылас командаларға қосымша 30 минут уақыт тағы берілді.

Бұл уақыт та өте шығар ма еді, Испания құрама командасының қорғаушышысы Андреас Иньеста соңғы екі минутта голландиялықтардың қақпасына допты тоғытпағанда. Сөйтіп, испандықтар қарсыласы Голландия құрамасын 0:1 есебімен жеңді.

Бұл ойында өз-өзін тамаша көрсеткен Арьен Роббен екі мәрте испандықтардың қақпасына гол салуға шақ қалғанмен, бұл ойы жүзеге аспай қалды. Жанкүйерлер футбол емес, кәрістердің таэквондосын көргендей болды.

Испандықтардың қуанышында шек жоқ. Испанияда дүбірлі той. Ойыншыларының жеңісін тойлау үшін, он мыңдаған адам Мадрид көшелеріне шықты.  Жанкүйерлер үстеріне осы елдің туы түстес киім киіп, би билеп, қуаныштарымен бөлісті.

4 жылда бір өтетін әлем чемпионаты кезінде букмекерлік орталықтардың бизнесі қыза түсті. Осындай орталықтарға келіп, ұзақ уақыт бойы кезек күтіп тұратын ойыншылар әр келген сайын оңай олжаға кенеле қаламын деп ойлайды. Ал біздің елде мұндай орталықтардың ашылғанына 9 жылдай уақыт болыпты.

ҚР Спорт және Туризм министрлігінің ИТК-нің Құқықтық қамтамасыз ету және ойын бизнесін лицензиялау басқармасының бас сарапшысы, Данияр Мусин болса, Қазақстанда лицензиядан өткен 20 букмекерлік орталықтың жұмыс істейтіндігін айтады.  Бүгінде осы орында спорт ойындарына ақша тігу үрдіске айналған. Бір өкінішітісі мұнда келіп қомақты қаржысынан қағылып жатқандар көп.

Қара құрлықтағы дүбірлі доданың қалай өтетіндігі жөнінде тіпті көріпкелдер де түрлі болжамдар жасады. Тіпті мақұлықтарға дейін. Солардың бірқатары - Германияның Оберхаузен су қоймасында тіршілік ететін Пауль деген сегізаяқ пен Сингапурдағы Мани деген 7 жасар тотықұс. Бұлар да өздерінше болжам жасап бақты. 

Сондай-ақ әлем елдерінде жанкүйерлер ойынның нәтижесіне наразы болып, өз-өзіне қол жұмсап жатса, енді бірі ойланбастан түрлі келеңсіз әрекеттер жасауға барған. Дүбірлі додада қызық пен қатар құрбандық та көп болды. 

Футболдың — спорт өнерінің төресі екендігіне дау жоқ әрине. Әйтсе де футболды қаржы тігіп, қалтамен емес, бар ынта-ықыласпен көргеніміз жөн емес пе? Алдын ала бір нәрсені болжау арқылы адамзат баласы өзіне күнә арқалайтынын, оның да ертең сұрауы болатынын ескергені жөн шығар.

Әлем чемпионатының өтуіне түрлі елдердің құрама командалары атсалысты. Бәрі де жеңіс жолында тайталасты. Ал, біздің Қазақстанға ондай аламанға қатысудың өзі арман болып тұр.

Ендеше әрбір қазақтың жүре­гіндегі асқақ арман ертерек орындалып, қазағымыздың көк байрағы әлем алдында көкке көтерілетін күнді Алла бізге нәсіп етсін!

 

Гүлмира САДЫҚОВА